Әзербайжанның Сальян ауданында ер адам отбасындағы үш адамға пышақ жарақатын салды. Оқиға салдарынан анасы көз жұмып, әкесі мен ағасының әйелі ауруханаға жеткізілді.
Оқиға 27 қазанда Сальян ауданына қарасты Сарван ауылында болған. Бұл туралы Day.Az басылымы Әзербайжанның аудандық прокуратурасы мен APA агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Алдын ала тергеу мәліметінше, 1998 жылы туған Парвин Исмаилов отбасындағы жанжал кезінде анасы Чичек Исмаиловаға, әкесі Агбабе Исмаиловқа және ағасының әйелі Тарана Исмаиловаға пышақ жарақатын салған.
1971 жылы туған Чичек Исмаилова алған жарақаттарынан көз жұмды. Ал қалған екі зардап шегуші Сальян аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.
Медициналық аумақтық бөлімшелерді басқару агенттігінің (TƏBİB) мәліметінше, 27 қазанда шамамен сағат 13:30-да аурухананың жедел медициналық көмек бөліміне дене жарақаттарын алған ер адам мен әйел түскен. Оларға хирургиялық операция жасалды. Зардап шеккендердің бірінің жағдайы ауыр, екіншісінікі орташа ауыр деп бағаланған.
Аталған дерек бойынша Сальян аудандық прокуратурасы Әзербайжан Қылмыстық кодексінің 120.1-бабы – қасақана кісі өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғады.
Күдікті Парвин Исмаилов ұсталды. Қазіргі уақытта алдын ала тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Тағы оқи отырыңыз: Депутаттың ұлы да бар: Кісі өліміне қатысты 13 адам ұсталды
25 жылдан кейін ашылған қылмыс: Әзербайжанда кісі өлтірген күдікті ұсталды