Депутат Азат Перуашевтің WhatsApp аккаунтына белгісіз нөмірлерден 200-ден астам хабарлама жіберіліп, бот-шабуыл жасалған. Осы дерек бойынша 28 қыркүйекте сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін Азат Перуашев өзінің Telegram-арнасында WhatsApp аккаунтына жаппай хабарлама жіберілгенін және аккаунтының бұғатталғанын жазған.
Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарына жүгінетінін хабарлаған.
Санжар Әділовтің айтуынша, бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Қазір киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр, – деді министрдің орынбасары.
Оның мәліметінше, тергеу барысында шабуылды ұйымдастыруға қатысы бар тұлғалар мен тиісті сайттардың иелерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар бірнеше сот сараптамасы тағайындалған.
Тергеу тобы сайттардың иелерін және оған қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Қазір тиісті сараптамалардың нәтижесін күтіп отырмыз, – деді Санжар Әділов.
Ал шабуылдардың қайдан жасалғаны және оны кім ұйымдастырғаны туралы сұраққа ІІМ орынбасары тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатқанын айтты.