Атбасар колониясының ондаған сотталғанды ұрып-соқты деп айыпталған бұрынғы қызметкерлері екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сот айыптау үкімін тек үшінші талпыныстан кейін шығарды. Бұл ретте бастапқыда тағылған азаптау бабы лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабына ауыстырылған.
Үкімді 13 қарашада Ақмола облысы Атбасар аудандық соты шығарды. Бұл туралы Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы хабарлады.
2023 жылғы тамызда ЕЦ-166/4 түзету мекемесінде, сотталғандардың айтуынша, қызметкерлер оларды талапқа бағынбағаны үшін ұрып-соққан. Оларды қолмен және резеңке шоқпармен соққыға жығып, қолдарын жоғары көтеріп, қабырғаға қарап тұруға мәжбүрлеген.
Жәбірленушілердің арасында азаматтық белсенді Тимур Данебаев та болған. Оның айтуынша, ол әжетхананы жуудан бас тартқаны үшін соққыға жығылған. Кейін оған медициналық көмек көрсетудің орнына 11 тәулікке тәртіптік изоляторға қамалған.
Оқиға сотталғандарды ұрып-соғу сәті түсірілген видео жарияланғаннан кейін көпшілікке белгілі болды. Бастапқыда қылмыстық іс бойынша 44 сотталған жәбірленуші деп танылған.