Алматыда Орталық Азия Еуразия Қорының ұйымдастыруымен «Технологиялар арқылы азаматтық шешім қабылдау» жобасы өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, цифрлық технологияларды дамытудағы трендтерді, сондай-ақ проблемалар мен болашақ сын-тегеуріндерді анықтады.
Мықты азаматтық қоғам — жаңа Қазақстанның табыс кепілі. Бүгінгі таңда азаматтық технологиялар мемлекетті басқаруда шешуші рөл атқарады. Өйткені олар азаматтарға барлық деңгейде белсенді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Осы жоба арқылы біз Қазақстанның азаматтық технологияларды барлығына қолжетімді ете отырып, заманауи мемлекетке ұмтылуын қолдаймыз. Өзгеріс енгізуші топ ретінде әйелдер мен жастардың бұл процесте рөлі өте маңызды,– деді ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің ынтымақтастық жөніндегі басшысы Йоханнес Баур.
Азаматтық технологиялар — бұл мемлекеттік қызмет көрсетуді жақсартатын, азаматтарды демократиялық процестерге тартуға ықпал ететін, үкіметтің ашықтығы мен есеп беруін ынталандыратын цифрлық құралдар. Ол құралдарға eGov, eOtinish сияқты мемлекеттік қызметтер, сондай-ақ басқа да азаматтық жобалар жатады.
Цифрландыру — бұл қазіргі заманғы технологияларға көшу ғана емес, сонымен қатар халық пен билікті байланыстыратын, өзара әрекеттесуді тиімдірек және әрбір азамат үшін қолжетімді ететін көпір. Біздің жоба қазақстандықтарға белсенді шешімдер қабылдауға, саясатқа ықпал етуге және цифрлық технологиялар арқылы мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынас орнатуға көмектеседі, – деп атап өтті ОАЕҚ директоры Ринад Темірбеков.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы азаматтық технологиялардың ең тиімді құралдары - әлеуметтік желілер. Өйткені ол әркімге қолжетімді, пайдалануда қарапайым және мемлекеттік ұйымдар тарапынан тез әрекет етуді талап етеді.