Азаматтық қоғам ұйымдары қоғам алдында барынша жауапты болуы тиіс – Данилов

21 Сәуір 2022, 13:29
1641
Бөлісу:
Азаматтық қоғам ұйымдары қоғам алдында барынша жауапты болуы тиіс – Данилов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов мемлекеттік гранттар байқауының жеңімпазы атанған үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті.

Кеңеске қатысушылар түрлі жобаларды іске асыру, ҮЕҰ-ның ашықтығын арттыру және өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдерін әзірлеу мәселелерін талқылады.

Биыл біздің алдымызда үлкен жұмыс тұр. Жалпыұлттық жобалардың бұрынғыдан да сапалы іске асырылуын, олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін біз үкіметтік емес сектор ұсынып жатқан бастамаларды қолдауға дайынбыз. Бұл, ең алдымен, әріптестікті ұйымдастыруда, мемлекеттік органдармен өзара бірлесе отырып жұмыс істеуде үлкен  көмек болады. Біз ҮЕҰ-ға әртүрлі бастамаларды неғұрлым белсенді ілгерілетуге көмектескіміз келеді. Тұтастай алғанда, біз қоғамның назарын әлеуметтік маңызы бар  бағыттардағы проблемаларды шешуге аудартқымыз келеді, - деп атап өтті Александр Данилов.

Өз кезегінде үкіметтік емес сектордың өкілдері жастар және отбасы саясатын дамытуға бағытталған жалпыұлттық жобалар туралы баяндап  берді.

Кездесу барысында ҮЕҰ өз жобаларын іске асырудағы ашықтық мәселелерін де талқылады.

Азаматтық қоғам ұйымдары қоғам алдында барынша ашық және жауапты болуға тиіс. Бұл ретте ақпараттық жұмыс өте маңызды. Өйткені халық іске асырылып жатқан жобалар туралы жүйелі түрде хабардар болуы тиіс. Барлық жобалар, бірінші кезекте, қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталады, - деді Данилов.

Сонымен қатар, кездесу барысында биыл 2023 жылғы гранттық жобалар тақырыптары мен сараптау комиссиясының құрамы кеңінен талқыланатыны айтылды.

Еске салайық, биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік гранттарды 53 түрлі тақырып бойынша ұсынды. Гранттық жобалар әртүрлі  әлеуметтік салалардағы адам және бала құқықтарын қорғау, гендерлік теңдікті дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау және ұлттық бірлікті ілгерілету сияқты 15 бағытты қамтиды.

Өзгелердің жаңалығы