Азаматтар қандай жағдайда өздерін банкрот деп жариялай алады?

9 Ақпан 2022, 13:03
1988
Бөлісу:
Азаматтар қандай жағдайда өздерін банкрот деп жариялай алады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Бірінші қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңының аясында қандай жағдайда азаматтар өздерін банкрот деп жариялай алатынын түсіндірді.

Халықаралық тәжірибені ескере отырып, қарыздың сомасы мен ұзақтығына байланысты, рәсімнің 3 түрін енгізу ұсынылады, - деді вице-министр.

Бірінші. 

Соттан тыс банкроттық рәсімін адам 12 ай ішінде қарызын өтей алмаса қолдануға құқылы. Бұл ретте қарыз сомасы 300 мың теңгеден (100 АЕК) аспауы керек және оның қарызды өтейтін мүлкі болмауы керек.  Сондай-ақ 6 ай ішінде 5 миллион теңгеге дейінгі (1600 АЕК) қарызы өтелмеген азаматтар сотқа жүгінбей-ақ өзін банкрот деп жариялай алады, - деп түсіндірді Сұлтанғазиев.

Одан бөлек, соттан тыс тәртіппен банктер мен микроқаржы ұйымдарда, коллекторлар алдында 5 жылдан астам берешегі бар тұлғалар да қолдана алады.

Азамат «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш береді. Сондай-ақ «E-salyk azamat» қосымшасы арқылы құжаттарды тапсыруға мүмкіндік беріледі. Осы мақсаттар үшін веб-портал арқылы құжаттарды тапсыру, сондай-ақ талаптар сәйкестігіне автоматтандырылған тексеруден өту (мүліктің болмауы, мерзімдердің сақталуы және т.б.) мүмкіндігін енгізу ұсынылады, - дейді Қаржы министрлігінің өкілі.

Екінші. 

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тұрақты кірісі бар немесе жоспар негізінде (5 жылға дейін) қарызды өтеудің басқа мүмкіндіктері бар тұлғалар қолдануға құқылы. Қалпына келтіру жоспарын қаржылық басқарушы әзірлейді және сотта бекітіледі (5 млн теңгеден асатын қарыздары болса).

Үшінші. 

Сот банкроттығы рәсімі 5 млн теңгеден асатын (1600 АЕК) берешек бойынша қолданылады.

Бұл рәсім барысында борышкердің мүлігі сатылуға жатады. Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны сот банкроттығы кезінде алуға құқылы. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылмаса, онда кредиторлар оған талап қоя алмайды, - дейді Марат Сұлтанғазиев ОКҚ-да.

Сөзінше, қалған өтелмеген сома борышкердің арам пиғыл белгілері болмаса есептен шығаруға жатады. Мысалы, мүлікті немесе ол туралы мәліметтерді жасыру, жалған ақпарат беру.

Алайда алимент және өзге адамның өміріне және денсаулығына келтірілген залал бойынша қарыздар есептен шығарылуға жатпайды. 

Өзгелердің жаңалығы