«Азаматтар бұл өзгерісті жақсы қабылдады». Профессор Жаңа Қазақстанның Ата заңы туралы айтты

29 Тамыз 2022, 10:07
2392
Бөлісу:
«Азаматтар бұл өзгерісті жақсы қабылдады». Профессор Жаңа Қазақстанның Ата заңы туралы айтты

30 тамыз – Конституция күні. Осыған орай, Жаңа Қазақстанның Ата заңы туралы заң ғылымдарының  докторы, профессор Жамаладин Ибрагимовпен әңгімелестік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің Конституциясына енгізілген толықтырулар мен өзгертулер мемлекеттің құқықтық дамуына, құқықтық салаға өзінің оң әсерін тигізеді деп айта аламыз. Бұл реформалар жасалып жатқан жаңғыртулардың қорытындысы емес, керісінше, алға қойылған кең көлемді, көптеген еңбекті талап ететін ең негізгі реформалардың басы деуге болады. Бүгінгі таңда өзгертілген конституциялық реформа мен нормалар мемлекеттің барлық қызметіне, қоғамның дамуына, жеке азаматтың өміріне толыққанды әсер етеді. Құқықтық жүйеде конституциялық нормалар өте үлкен рөл атқарады, - деді Ибрагимов. 

«Азаматтар бұл өзгерісті жақсы қабылдады». Профессор Жаңа Қазақстанның Ата заңы туралы айтты

Заңгердің айтуынша, Ата заң мемлекеттің негізгі құжаты болғандықтан елдегі дамудың қарқынды алғышарты.

Болашақта Парламент тарапынан қабылданатын заңнамалық, құқықтық актілер конституциялық жаңа ережелерді жеке-жеке негіздеп, талдап, олардың қоғамда жұмыс істеу тетіктерін қалыптастырады. Әрине, бұл өзгерістермен қатар мемлекеттік басқару мен құқықтық қолданымда көптеген өзгеріс болуы керек. Ең бастысы, мемлекеттік органда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалардың, азаматтардың психологиясы мен қоғамдық, құқықтық санасы өзгеруі керек. Сондықтан конституциялық реформа заңнамалық актіні өзгертіп қана қоймай, сол өзгерістерге көзқарасты қалыптастыруды өзгертуі керек,- деді Жамаладин Ибрагимов. 

Профессор атағандай, жаңа бастамалар қазақстандық құқықтық жүйені жаңа деңгейде өзгертуді қажет етеді. 

Конституцияға енгізілген әрбір өзгеріс әрбір азаматтың әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешуге мүмкіндік беруі керек. Кез келген өзгеріс азаматтардың өмірін жеңілдетуге бағытталуы керек, - деді ол.

Ибрагимовтың айтуынша, Конституцияға енгізілген толықтырулар мен мемлекет тарапынан қолданылатын іс-шаралар заңнамалық негізде жүзеге асырылуы керек.

Ол үшін референдумда қабылданған  Конституцияға енгізілген өзгерістерді құқықтық жүйемен байланыстырып, осы өзгерісті жүзеге асыру бойынша заңнамалық актілерде және құқықтық актілерде өз көрінісін табуы керек. Бұл өзгерістер мен толықтырулардың басты мақсаты – қоғамдағы құқықтық мәдениетті көтеру. Қарапайым азаматтардың мемлекеттік басқаруға белсенді араласуын қамтамасыз етуге бағытталған өзгеріс екенін білеміз. Адам құқығы мен еркіндігін қорғауға арналған нормаларға әр азамат өз үлесін қосуы керек, - дейді заңгер. 

Оның айтуынша, Адам құқығын қорғау уәкілі мен Конституциялық соттың құрылуы адам құқығын қорғауды жақсарта түседі. 

Бұл адам құқықғын қорғаудың тетіктерін күшейту, мемлекеттік билік тармағы арасындағы тепе-теңдікті үйлестіруге арналған тетік болып есептеледі. Бұл бастамалар жеке адамның құқығын қорғауға арналған үлкен реформалық норма деп айтуға болады, - деді ол.

Заңгер қоғам дұрыс қабылдаған бастаманың бірі Президенттің отбасына қатысты өзгеріс екенін атады. 

Мемлекет басшысының қызмет атқарып отырған кездегі артықшылықтың болмауы немесе азайтылуы деуге болады. Оның бірі - Президеттің ешбір саяси партияны басқармауы. Мемлекет басшысы Amanat партиясынан кетіп, ешбір партияның жетекшісі болмайды. Бұл қоғамдағы саяси партиялардың бәсекелестігін арттырып, әрбір саяси партияның, күштің қоғамның дамуына, әрбір әлеуметтік топтың заңды түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды. Мемлекет басшысының жақын туыстары саяси лауазымда болмауы және квазисектордағы қызметте жетекші бола алмайтынын азаматтар жақсы қабылдады. Бұл Конституцияның 14-бабында жазылған заң мен сот алдындағы әрбір азамат тепе-тең деген принциптің толыққанды сақталуы мен қолданылуын білдіреді, - деді ол. 

Ибрагимов атағандай, әрбір азамат мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда өзінің біліміне қарай жұмысқа орналасады. 

Әрине, Президентке қатысты өзгерістер мен нормалар бүгінгі таңдағы ең басты көрсеткіштің бірі. Осы өзгерістер мен толықтырулардың барлығы құқықтық нормаларды жетілдіруге, әрбір азаматтың Жаңа Қазақстандағы құқығын толыққанды сақталуы мен қорғалуына мүмкіндік береді, - деді ол. 

Профессор барша қазақстандықты мемлекетіміздің ең басты мейрамдарының бірі – Конституция күнімен құттықтады.

Бұл мейрамның маңызды болуының себебі, біздің елдің барлық бағдарын анықтайтын темірқазық – мемлекеттің Ата заңы. Мемлекетіміздің барлық азаматы осы Ата заңның барлық бабын толық түйсініп, қажеттілігіне қарай пайдаланып, құрметтеуіне тілектеспін. Барша қазақстандыққа мықты рух тілеймін. Конституцияның әрбір әрпін, әрбір бабын, нормасын әр азамат өз отбасына, мемлекетіне, қоғамына сәйкес қолдана білсін, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы