Азамат Нурмаханов: Спорттық медицина өз алдына бір сала

9 Тамыз 2024, 11:44
5843
Бөлісу:
Азамат Нурмаханов: Спорттық медицина өз алдына бір сала
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Спортшыларға бағыт-бағдар беретін бапкерден кейінгі маңызға ие мамандар спорттық дәрігерлер. Қазақстанның спорттық медицинасына өз үлесін қосып жүрген, жас та болса елеулі істерімен көзге түсіп үлгерген маман - Азамат Нурмахановпен сұхбаттасу сәті түскен еді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Әңгіме барысында ол, мансабының біз білмейтін қызықты тұстарын ашып, әрі медицина саласына бет бұруды ниет еткендер үшін - бұл мәртебесі зор кәсіп екенін аңғартты.

- Спорттық медицина саласына қалай келдіңіз?

- Медицинаға деген сүйіспеншілік шамамен 7-8 сыныптан бастап пайда болып, ақ халатты бала кезден армандаған едім. Қарап отырсам спорттық медицинада 2018 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Кәсіби мансабым Қазақстанда алғаш ашылған елордадағы паралимпиадалық жаттығу орталығында басталды. Бұл жоба мені Еуропа мен Американың алдыңғы қатарлы үздік жабдықтарымен жұмыс істеу мүмкіндігімен қызықтырып, сондай-ақ Германия мен Мәскеудегі мамандардан сабақ алуға көмектесті. Одан соң, Мәскеу университетінде "Спорттық медицина және емдік дене шынықтыру" мамандығын қайта даярлау бойынша оқыдым. Бұл салада жүргеніме алты жыл болған екен. Қазір 2022 жылдан бастап “Дене мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық даярлау орталығында” жұмыс істеймін.

Азамат Нурмаханов: Спорттық медицина өз алдына бір сала

—  Атқаратын жұмысыңыз жайлы айта кетсеңіз?

— Спорт дәрігерінің жұмысы өте ауқымды. Оған спортшының жалпы денсаулық жағдайы бойынша консультация, жаттығу жүктемесіне қатысты кеңестер мен оны бақылау, жарақаттар мен шамадан тыс жаттығулардың алдын алу бойынша ұсыныстар кіреді. Әрине, допингке қарсы түсіндірме жұмыстарын өткізуді де ұмытпаймыз. Барлық дәрі-дәрмектер мен спорттық тамақтануды тыйым салынған қоспаларға тексерістен өткіземіз. Паралимпиада спортының басты ерекшелігі - спортшыларды классификация бойынша іріктеу. Қазіргі қызметімдегі уақыттың көп бөлігі осы классификациялық жұмыстарға арналған. “Дене мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық даярлау орталығы” ұлттық және халықаралықдеңгейде 17 спорт түріне жетекшілік етеміз. Яғни, әр спорт түрінің өз ережелері менерекшеліктері бар. Мен олардың барлығын біліп, әр спортшының өз санатында бәсекеге түсуі үшін жіктеу әдістерін жүргізе білуім керек.

Азамат Нурмаханов: Спорттық медицина өз алдына бір сала

— Жақында ғана Азия паралимпиада комитетінің медициналық ассоциация қызметкері атандыңыз. Бұл сізге қандай мүмкіндіктер береді?

— Халықаралық және Азия Паралимпиадалық комитеті деген ірі ұйымдар бар. Біздің паралимпиада комитеті екі ұйымның да мүшесі. Азия паралимпиада комитеті екі не төрт жылда бір рет қандай да бір озық ғылыми зерттеулермен айналысу үшін қызметкерлер арасында конкурс жариялайды. Қателеспесем, мен мүшелік еткен медицина ғылымынан бөлек, заң және журналистика сияқты әртүрлі дисциплиналарға ұсыныс тастауға болады. Алайда мұнда ешқандай жалақы не сыйақы болмайды. Бұл сіз секілді мамандардың жаңа технологиялар мен тәжірибе алмасуына көмектесетін қоғамдастық. Бұл маған не береді? Мен Азия аймағының түкпір-түкпіріндегі әріптестеріммен сөйлесіп, оларға өз идеямды ұсынуға мүмкіндік аламын. Тақырыптар бойынша деректерді жинап, бірге зерттеу жұмыстарын жүргіземіз.

— Шет елдік әріптестеріңіз бөліскен, есте қалған қандай да бір тың ақпараттарды айта аласыз ба?

— Төрт жылда бір өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарының алдында әлем елдерінен келген бас дәрігерлердің жиналысы өткізіледі. Шара барысында мамандар өз елінің спорттық медицинасы мен оның жүйесі туралы айтады. Мысалы, Индонезияда шамамен 12 қабаттан тұратын алып клиника бар екен. Әр қабат медицинаның белгілі бір саласына арналған. Яғни, 2-3 қабат түгелімен ғылымға, ал келесілері тәжірибелерге деп бөлінеді екен. Шыны керек, бұл мен үшін таңғаларлық құбылыс болды. 

— Спорттық дәрігердің спортшы мансабындағы алар орны бөлек. Оның физикалық мүмкіндігімен қоса медициналық қолдаудың болуы маңызды. Осы тұста сіздің тарапыңыздан қандай жұмыстар жүргізіледі?

— Спортшының ағзасы мен физикалық жағдайы тиімді түрде қалыпқа келуі үшін дұрыс тынығу, тамақтану сияқты мәселелермен бөлісемін. Анти допинг бойынша консультация беремін. Айтпақшы, анти допингке қатысты түсіндірме жұмыстарын, онлайн-семинарларды да өткізіп тұрамыз. Оқу-жаттығу жиындарының алдында да басты назарды соған қойып, команданы жинақтаймын. Ережелермен таныстырып болған сәттен бастап, дәрі-дәрмектерді рұқсатсыз ішпеуге шақырамын. Спортшы денсаулығына байланысты қабылдап жүрген таблеткалар болғанымен, оның құрамында тиым салынған қоспалар бар болып шығуы әбден мүмкін. Осы жағдайға байланысты есіме бір оқиға түсіп отыр. Қан қысымы көтерілген атлеттеріміздің бірі бастың ауырсынғанына шыдай алмай, жақын жердегі дәріханалардың бірінен біз рұқсат бермеген дәріні алып, қабылдаған. Нәтижесінде, құрамында тыйым салынған қоспаның бары анықталып, спортшыны жарыс алаңына шығармай қойдық. Солсебепті спортшыларымызға бұл мәселенің жауапкершілікті талап ететінін жете түсіндіріп, қайта-қайта айтудан жалықпаймыз.

— Құрамында сенімсіз заттар бар препараттарды қалай анықтауға болады? Оны спортшының өзі тексере ала ма?

— Әлбетте! Оны әр адам ұлттық антидопинг орталығының жеке сайтына кіріп, (КазНАДО) білсе болады. Препарат құрамын оқып, қарап көрсеңіз жеткілікті. Бәрін есте сақтап, біліп жүрудің өзі қиын. Сондықтан, спортшылар спорттық медицина қызметкерлерінің кеңесіне жүгіне алады. 

— Ал қазіргі таңда Қазақстандағы спорттық дәрігерлер кадрлары жеткілікті ме? Жас мамандарды даярлау бойынша қандай жұмыстар жүргізіледі?


— Менің ойымша, қазір Қазақстанда спортшылар мен жаттықтырушылар тарапынан спорттық медицинаға деген қызығушылық артып келеді және бұл жақсы нышан. Бірақ бізге соңғы халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін білікті мамандар әлі де жетіспейді. Міне, осыған өзгеріс енсе екен деймін. Өз кезегінде әріптесіммен Астана медицина және Назарбаев университеттерімен жұмыс істедім, онда біз жаттығу орталықтарымыздың базасында өндірістік практика жүргіздік. Сондай-ақ, резиденттер мен магистранттар спортшылармен жұмыс істеуде практикалық дағдылар алды. Бұл оларға өте қызықты және пайдалы болды.

— Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

Өзгелердің жаңалығы