Қазалы ауданының халқы елордаға Елбасы атын беруін қолдады

26 Наурыз 2019, 21:32
2416
Бөлісу:
Қазалы ауданының халқы елордаға Елбасы атын беруін қолдады

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде «Елі сүйген Елбасы» атты шара өтті. Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атын елордаға берілгенін қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Басқосуда Қазалы аудандық мәслихат депутаты Әліш Ғазиз сөз сөйлеп, Елбасының жасаған ерен еңбегіне тоқталды.

«Қазақстанды 30 жыл басқарған Елбасы, Тұңғыш Прездидент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз өкілеттілігін тоқтату жөнінде тарихи шешім қабылдады. Қазақстан халқы тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Қазір сол жылдарды еске алсақ, көрген түс сияқты болады. Сондай қиын жағдайдан халықты ол аман алып шықты. Елбасы қазақ елін дүние жүзіне танытты. Қазақстанды бүгінгі жағдайға жеткізу Президентке оңай болған жоқ. Қазір, Аллаға шүкір, бәрі қалыпқа түсті. Ішерге ас, киерге киім болмаған кезіміз артта қалды. Экономикамыз қарыштап өсті. Біз әлемдегі озық дамыған елу елдің қатарындамыз. Назарбаев тәуелсіз еліміздің елордасын тұрғызды. Астана мен Назарбаевтың есімі бірге жүрді», - деді Ғазиз Әліш.

Қазалы техникалық колледжінің жастар ісі жөніндегі жетекшісі Еркін Құсанның айтуынша, бүгінгі жиынның мақсаты – еліміздің Тұңғыш Президентін ұлықтау, оның қазаққа жасаған жақсылығын ұмытпау.

«Елбасы үнемі жастар мәселесін, жастар саясатын назардан тыс қалдырған емес. Тегін білім, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алу, жастарға қолжетімді баспана, оқу гранттары сынды түрлі жеңілдіктерді жастарымыз үшін жасады. Осындай жастарға деген жанашырлықтың арқасында бүгінде болашқтың тұтқасын ұстар азаматтарымыз көбейіп келеді. Осының бәрі де Елі сүйген, елін сүйген Елбасының арқасы! Еліміз тыныш, Елбасымыз аман болсын», - деді Еркін Құсан.

Сонымен қатар, ардагер ұстаз Қуанышбаев Серік, Қазалы ауданының денсаулық сақтау саласының ардагері Табын Алданазар өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Салтанатты жиын барысында аудан өнерпаздары патриоттық әндер орындап, күмбірлеген күйден шашу шашты.

Өзгелердің жаңалығы