Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда тұрғындарын «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясына қатысуға шақырады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы Кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалымен бірлесіп, «Тіл туралы» заңнаманың сақталуына мониторинг жүргізу бойынша акцияның басталғанын жариялады. Нұр-Сұлтан әкімдігінде «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасы аясында өткен дөңгелек үстел барысында екі айлық акция басталғанын хакбарлады. Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының бас маманы Айгүл Иманғалидің айтуынша, акция аясында ведомство қызметкерлері осы уақыт ішінде аудандық әкімдіктермен, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармалары, Кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалымен бірлесіп, заңсыз орнатылған, сондай-ақ тіл нормаларына сәйкес келмейтін сыртқы жарнамалардың барлық нысандарын тексеріп, тиісті ұсыныстар береді, аталған бизнес-нысандардың иелеріне «Тіл туралы» заңның нормаларын түсіндіреді.
«Біздің басқармаға тұрғындар тарапынан мемлекеттік тілде жазылған сыртқы жарнама мәтіндерінде, басқа да көптеген көрнекі материалдарда өрескел қателердің болуына, сондай-ақ, заңнаманың басқа да талаптарының сақталмауына қатысты шағымдар жиі түседі. Біз біреуді жазалау мақсатын көздемейміз, біз заңның негізгі талаптарын түсіндіретін боламыз. Біздің басты мақсатымыз – осы», – дейді Айгүл Иманғали.
Тіл нормаларын бұзуды растайтын ақпарат пен фотосуреттерді Фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Тіл басқармасы» аккаунтында қабылдайды. Хатта сыртқы жарнаманың орнын, фотосуреттің жасалған күнін көрсету қажет.