Қазақстанның әрбір төртінші тұрғыны майданға аттанған

8 Мамыр 2020, 16:35
2299
Бөлісу:
Қазақстанның әрбір төртінші тұрғыны майданға аттанған
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елден майдан шебіне жалпы саны 1 миллионнан астам жауынгер жіберілді.

Мыс, қорғасын, көмір, мұнай, тонна ет, нан және ең бастысы – жүз мыңдаған адам өмірі. Мұның бәрі Қазақстанның жеңіске қосқан орасан үлесі. 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс Қазақ елін ғана емес, тұтас әлем елдерін дүр сілкіндірген алапат шайқас екені талайдан бері айтылып келеді. Қолына қару алып, майданға аттанған талай ұлттың тағдырына таңба болған бұл соғыс – бүгінгі бейбіт өмірдің кепілі.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Бейбітшіліктің құнын терең түсінуге тиіспіз" дегенді жиі айтады.

Біз бейбітшіліктің құнын терең түсінуге тиіспіз. Егер біздің бабаларымыз сол кезде жеңіске қол жеткізбеген болса, біз бүгінгі тәуелсіздікті көрер ме едік, көрмес пе едік?! Бостандығымыз бен тәуелсіздігімізді бағалай білуіміз керек, ал жастар ардагерлерге әрқашан қамқор болуы қажет. Өз кезегінде, мемлекет те оларға жан-жақты көмек көрсетеді және оны одан әрі жалғастыра береді, - деген еді Елбасы.

Соғыс жылдарында өзге халықтармен бірге қазақ та талай боздағынан айырылды. Соғысқа дейін Қазақстан халқының саны 6 миллионнан сәл ғана асатын еді. Ал елден майдан шебіне жалпы саны 1 миллионнан астам (кейбір деректер бойынша – 1 196 164) жауынгер аттанған. Қазақстан халқының 18-50 жас аралығындағы 70%-дай ер-азаматы және 5183 әйел адам майданға жіберілген. 3,5 мыңдай қазақстандық соғыста партизан қозғалысы құрамында болған.

Демограф-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Н.В. Алексеенконың "Қазақстандағы демографиялық дағдарыстар" атты кітабында Қазақстан майдан даласында 602 939 азаматынан айырылғанын келтірген. Шайқас барысында 279,7 мың жауынгер қаза тапса, ауруханаларда алған жарақаттары мен түрлі дерттен 42,8 мың адам қайтыс болған. Тағы 7 мың адам тұтқында көз жұмған, ал 271,5 мың адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Зұлмат соғыста қаза болғандар көрсеткіші жалпы әскерге шақырылғандардың 50,5%-ын құрайды. Негізгі шығын 18-30 жас аралығындағы жас өрендерден болған – 27,9%.

Ресейлік әскери тарихшы М.В. Филимошиннің "Людские потери вооружённых сил СССР"атты еңбегіндегі деректерге көз жүгіртсек, майданда 125,5 мың (жалпы қаза болғандардың 1,5%-ы) қазақ жауынгері қаза тапқан. Айта кету керек, бұл тізімге Қазақстан шекарасынан тыс жерде әскерге шақырылған қазақстандықтар мен еңбек әскерінен қайтпаған жауынгерлер тізімі енбеген.

"История Казахстана с древнейших времен до наших дней" (4 том, 2010 жыл) кітабында Қазақстаннан 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық полк пен батальон жасақталып, майдан даласына жіберілгендігі жазылады. Соғыс даласында атылған 10 оқтың 9-ы қазақ жерінде құйылған. Ал еңбек армиясына 700 мың, өндіріс орындарындағы жұмыстарға 670 мың қазақстандық жұмылдырылған. Бұдан Қазақстанның әрбір төртінші тұрғыны не майдан шебіне, не қорғаныс және фронт нысандары құрылыстарына тартылғанын байқаймыз. Осы орайда Қазақстаннан майданға жұмылдырылғандардың деңгейі Германияға қарағанда екі есе жоғары болғанын айта кету керек. Бұл жайында тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов:

Бұл КСРО республикалары арасында мобилизация деңгейі жағынан ең жоғары көрсеткіш. Салыстырмалы түрде алсақ, майдан даласына Германия елінің 12%-ы тартылса, Қазақстаннан 26% тартылған. Бұған себеп – соғыстың алғашқы айларында Кеңестің 3 миллиондай әскері тұтқынға түсіп қалуында. Дегенмен, қазақстандықтар майданда ерекше өжеттілікпен шайқасты. Олар Украина, Белоруссия, Балтық бойы, Молдова, Ленинградты азат етуге қатысты, - дейді.
Ғалымның сөзін 1943 жылы 6 ақпанда "Правда" газетінде жарық көрген мақаланың мына бір жолымен түйіндеуге болады:

"Майдан даласында қазақтың ер-азаматтары жан алысып, жан беріссе, олардың ата-аналары мен әйелдері тылда шексіз ерлік көрсетіп жатыр. Қазақстан майданды жерінің барлық қазынасымен, тауларының жауһарымен қолдап отыр".

Айта кеткен жөн, Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақ халқының тағдырына салған жарасы терең. Жыл сайын майдан даласында қаза болған немесе із-түзсіз кеткен жауынгерлердің ұрпақтары батыр бабаларының жатқан жерін іздеп тауып жатқан фактілер артып келеді. Сондықтан, жоғарыда көрсетілген статистика әлі де өсуі бек мүмкін.

 

Өзгелердің жаңалығы