Қазақстанның әлеуметтік саясатының императивтері: әділеттілік және прогресс

9 Маусым 2020, 11:21
1672
Бөлісу:
Қазақстанның әлеуметтік саясатының императивтері: әділеттілік және прогресс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі әлемде үлкен өзгерістер орын алып отыр. Экономиканы цифрландыру және жаңа эпидемиологиялық жағдай еңбек нарығының құрылымы мен қажеттіліктеріне әсер етеді және осыған байланысты білім берудің ұйымдастыру жолдарына және мазмұнына көзқарастарды өзгерту қажеттілігін қалыптастырады. 

Күнделікті өмірге инновациялық технологияларды енгізу медициналық қызметтерге тең қол жетімділікті қамтамасыз ету, азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл процестерін жеңілдету және қоршаған ортаның жағдайын жақсарту арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын арттырады. Екінші жағынан, Covid-19 пандемиясы бүкіл әлемдік экономикада бұрын-соңды болмаған рецессияға себеп болды. Орын алып отырған өзгерістерге байланысты адам капиталы экономикалық және саяси дамудың негізгі драйверіне айналды. Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығы көбінесе оның халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау қабілетіне байланысты. 

Осыдан бір жыл бұрын Президент Қ.К. Тоқаев өзінің ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде үшінші жаңғырту, Бес институционалдық реформаларын және мемлекетіміздің басқа да маңызды стратегиялық құжаттар аясында жүргізген бағытын жалғастыруға ниет білдірді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы жаңа тәсілдер мен жаңа шешімдер енгізілген жағдайда Қазақстанның тұрақты дамуының жаңа деңгейіне шығуы мүмкін екенін атап өтті. Басқаша айтқанда, мемлекет әділеттілік қағидаттарына негізделген, мемлекет пен қоғам дамуындағы ілгерілеуді қамтамасыз ететін әлеуметтік императивтерді жаңарту қажет болды.

Әлеуметтік саясат императивтері экономикалық даму және саясатты модернизациялаудан бастап, гендерлік мәселелер және жастарды қолдауға дейін көптеген салаларды қамтиды. Бұл мақалада біз олардың тек төртеуіне тоқталамыз.

Халықтың әл-ауқаты және халық табысының өсуі 

Қазақстан Республикасы Президентінің лаузымында Қ.К.Тоқаев халық табысының өсуін басым міндеттерінің бірі ретінде анықтайды. Бұл мақсатқа жету тұрақты экономикалық өсуді талап етеді. Өткен жылы Қазақстанның экономикалық өсу көрсеткіштері әлемдік орташа деңгейден асып түсті. Сонымен бірге, экономикалық белсенділіктің өсуі шикізат емес сектордың өндіріс көлемінің ұлғаюының нәтижесі арқылы болды. Жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика және машина жасау салаларында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.

Өкінішке орай, Covid-19 пандемиясы экономикалық даму жоспарларына өзінің түзетулерін енгізді. Бүгінгі күн тәртібінде экономика секторларының әрқайсысының, бірінші кезекте энергетика мен өнеркәсіптің рөлін анықтау және экономиканың жаңа құрылымын құру мәселелері тұр.

Сонымен бірге, әлеуметтік-экономикалық саясатқа бұрын енгізілген императивтер пандемиядан кейінгі жаңа жағдайда тиімді болмақ. Осындай қажеттіліктердің қатарына ресурстық менталитеттен бас тарту және экономиканы әртараптандыру, квазимемлекеттік сектордан түсетін кірістердің артуы, мемлекеттің тұрақтандырушы рөлі бар нарықтық институттар мен тетіктердің дамуы, аймақтық дамудың тепе-теңдігі, "қарапайым заттар экономикасын" дамыту, сондай-ақ отандық өндірістің басымдылығы жатады.
Халықтың әл-ауқатының өсуі жұмысқа орналасу мүмкіндігіне, тұрғын үй мәселесіне және қоршаған ортаның сапасына тікелей байланысты.

Шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс түрлерін дамыту және шетелдік жұмыс күшін тартуға квоталарды азайту жүйелік деңгейде жұмыссыздықты азайтуға ықпал етеді. Поствирустық кезеңде "Жұмыспен қамтудың жол картасын" іске асыру үшін бөлінген қаржы ресурстарын кеңейту және олардың аймақтық өкілдігін қамтамасыз ету ерекше маңызды болып табылады. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын жобалардың негізгі бағдарлары жұмыс орындарын құруға және ұзақ мерзімді экономикалық кіріс әкелетін активтер құруға немесе адами капиталды дамыту үшін бағытталған болып табылады.

Құрылыс кластерінің дамуы жұмыспен қамтудың өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, қол жетімді баспана салу, бір жағынан, отандық экономиканы дамыту үшін қуатты ынталандырғыштардың бірі ретінде, ал екінші жағынан, әлеуметтік қолдау факторы ретінде болады. Осы бағыттағы мемлекеттік саясат мынадай қағидаттарды басшылыққа алады: мемлекеттік қолдау тек мұқтаж адамдарға көрсетілуі керек, әлеуметтік тұрғын үй кезегінің жылжу процесі туралы мемлекеттік органдардың толық ашықтығы мен есеп беруі, әлеуметтік тұрғын үй алуды қолдау үшін мемлекет ұсынатын нысандарды әртараптандыру, мемлекеттік-жеке серіктестікті дамыту.

Конституциялық нормалар Қазақстанды әлеуметтік мемлекет ретінде бекітеді. Бұл мемлекетке әртүрлі жағдаяттарға байланысты қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды қолдау міндеттемесін жүктейді. 2017-2019 жылдар арасындағы кезеңде бюджеттен әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаражат көлемі 17 есе өсті, алайда қабылданған шешімдердің кейбіреуі дұрыс болмағандығы масылдық көңіл-күй өсу тенденциясын туғызды. Бұл жағдай осы мәселеге қатысты мемлекет көзқарасының жаңаруына әкелді. Мемлекеттің халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау саласындағы негізгі міндеттері адамдарға жұмыс істеуге ынталандыратын, қолдауды алушыларға ғана емес, сонымен бірге халықтың басқа да топтарына қатысты әділеттілік қағидасын сақтай отырып, қолдау көрсететін модель құру болды.

 Сапалы және қол жетімді медицина

Коронавирустық пандемия еліміздегі денсаулық сақтау мәселелерінің өзектілігін едәуір арттырды және дәрігерлеріміздің ерліктерін бағалауға ғана емес, сонымен қатар жалпы халықтың денсаулығын қорғау жүйесіндегі әлсіздіктерді көруге мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысы халықтың денсаулық көрсеткіштеріндегі аймақтық теңгерімсіздік проблемаларына, қала мен ауылдық жер арасындағы халыққа медициналық көмек қол жетімділігінің елеулі алшақтылығына, сондай-ақ ана мен бала өлімінің жоғары деңгейіне өткен жылдың шілдесінде Үкіметтің кеңейтілген отырысы мен Қазақстан халқына Жолдауында назар аударды. Анықталған кемшіліктерді жоюға бағытталған қызметтің негізгі бағыттары әр аймақ үшін медицинадағы нақты нозологиялар тізімін құру және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізуге арналған ақпараттық-түсіндірме жұмысының сапасын жақсарту болды.

Қазақстандықтардың денсаулық сақтау жүйесінің құқықтық реттеу саласында өткен жылдан бастап "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекс жасау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта заң жобасы Сенатқа жіберілді.

Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсуі саланы қаржыландырудың жеткіліксіздігі, сонымен қатар медициналық қызметтермен қамтамасыз етуде және олардың сапасында ілгерілеушіліктің болмауына байланысты қауіптер туралы мәселені туындатты. Жыл басынан бері "медициналық" мәселе Үкіметтің барлық кеңейтілген отырыстары мен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырыстарының күн тәртібіндегі міндетті мәселелердің бірі болды. Мемлекет басшысы Ұлттық сенім кеңесінің 2020 жылғы 27 мамырда өткен үшінші отырысында осы саланың даму мәселелеріне және келешегіне ерекше назар аударды.
Осылайша, басымдыққа ие және орындалуға міндетті тізіміне мыналар кіреді: МӘМС-ті кеңінен енгізу; аймақтық және ауыл мен қала арасындағы теңгерімсіздіктерді жою; медициналық инфрақұрылым мен жабдықты жаңарту; цифрлық технологияларды енгізу және телемедицинаны дамыту; отандық фармацевтика саласын нығайту; кадрлардың әлеуетін, медициналық қызметкерлердің жалақысының мәртебесі мен деңгейін арттыру, сондай-ақ олардың қызметін реттейтін құқықтық нормаларды қайта қарау.
Биологиялық қауіпсіздік жүйесін дамытуға және отандық денсаулық сақтау жүйесін кез-келген табиғаттың төтенше жағдайларына жедел ден қоюға бейімделуге ерекше мән беріледі.

Білім беру сапасын арттыру

Халықтың өмірлік тіршілік әрекетінде бірде-бір саланы маңыздылығы жағынан адами капитал дамуына әсер ететеін білім беру саласымен салыстыруға келмейді. Қазақтың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсарин өз кезінде: "... біздің барлық болашағымыз, халықтың болашағы ұстаздың қолында" деп жазған.

Мемлекеттің қазақстандық білім беру саласын реформалау жөніндегі күш-жігеріне қарамастан, қазіргі кезде бірқатар мәселелер туындап отыр. Осындай өзекті мәселелер қатарында мамандарды даярлау мен еңбек нарығының сұранысы арасындағы тұрақты байланыстың жоқтығы, білікті оқытушы кадрлардың жетіспеушілігі; 

қалалық және ауылдық мектептер арасындағы орта білім сапасындағы алшақтық, қазақстандық мектеп оқушылары мен студенттерінің үлгерімі және білім деңгейі дамыған елдер оқушыларынан айтарлықтай артта қалуы, қаржыландырудың біркелкі болмауы және аймақтардағы білім беруді басқарудың қолданыстағы жүйесінің тиімсіздігі, заманауи талаптарға сай келмейтін инфрақұрылым, оқулықтардың қанағаттанарлықсыз сапасы.

Карантиндік жағдайындағы оқыту форматын өзгерту цифрлық технологиялардың оқу процесіне енгізілу деңгейінің төмендігін және мұғалімдердің өз пәні туралы терең білімі болғанына қарамастан, педагогикалық қызметтегі дағдыларының жеткіліксіз екендігін көрсетті.

Бұл жағдайдың себептері, Мемлекет басшысының пікірінше, білім беру жүйесін реформалауда терең талданбауы және білім саласына бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігі.

Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік мекемелерге қойған міндеттерінің тізіміне білім беру сапасының негізгі алғышарты болып табылатын мектеп инфрақұрылымын дамыту кіреді. Қазіргі заманғы мектеп инфрақұрылымы эргономикалық және барлық санитарлық талаптарға сай болуы керек, бұл әсіресе жаңа жағдайда өте маңызды. Мектепті басқару жүйесінде өзгерістер болуы қажет.
Директорларды ротациялау және аттестациялау институтының енгізілуі әкімшіліктің тиімділігін арттырады. Мұғалімдерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесі де өзгеруі керек. Мұғалімдерді даярлауды педагогикалық бағыттағы арнайы университеттер жүзеге асыруы қажет. Оқыту сапасын арттыру мұғалімдерге бюрократиялық жүктемені азайтуға ықпал етеді.

Оқу процесін ұйымдастырудағы абсолютті басымдық - оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, білім тек дағдылар мен құзыреттіліктерді дамытуға ғана емес, сонымен бірге білім беру қызметін қалпына келтіруге бағытталуы керек. Мектептер экологиялық ағартушылық сезімдерін оятып, табиғатты қорғаудың аса маңыздылығын үйретуі, тұрмыстық тазалық пен гигиена мәдениетін қалыптастыруы керек.

Кәсіби-техникалық білім беру саласында колледждерді ірі кәсіпорындардың сенімгерлік басқаруына көшіру, дуалды оқытуды дамыту және студенттерді жұмысқа тарту стратегиясын айқындау міндеті қойылған. Жоғары білім аясында білім беру бағдарламаларын қайта қарау және университеттердің академиялық тәуелсіздігін арттыру қажет.

Жоспарланған реформалар мен инфрақұрылымдық өзгерістер шығындардың артуын қажет етеді. Алайда қаржылық ауыртпалық тек мемлекеттің мойнына жүктелмеуі керек, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерін ынталандыру қажет. 

 Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматы

"Үкімет халықтың өтініштерін тыңдап, жергілікті мәселелерді шешіп, азаматтарға үнемі есеп беріп отыруға міндетті". Бұл ережелер "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасында көрсетілген. Мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары ретінде Президент Қ.К. Тоқаев қоғамдық сұхбат, ашықтық, адамдардың қажеттіліктеріне тез жауап беру деп анықтайды. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының тиімді тетіктерінің бірі Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі болды. Оның міндеттеріне қоғамның, саяси партиялардың және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

Кері байланыс тиімділігін арттыру мақсатында әрбір орталық және жергілікті атқарушы органда азаматтарды қабылдаудың тұрақты пункттері құрылып, тұрғындармен жедел және тікелей кері байланыс орнатылып, онлайн қабылдау бөлмелері ашылған. Президент Әкімшілігінде негізгі міндеті азаматтардың өтініштерін қарау сапасын бақылау болып табылатын арнайы бөлім құрылған.

Қ.К. Тоқаев президенттігінің бірінші жылында мемлекеттің заңнамалық базасында маңызды жаңартулар орын алды. Атап айтқанда, "Жиналыстар туралы", "Саяси партиялар туралы" Қазақстан Республикасының заңдары және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы жетілдірілді. Өзгерістер мен толықтырулардың нәтижесінде бейбіт жиналыстар өткізу мүмкіндігі айтарлықтай өзгерді, саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар жеңілдетілді, парламенттік оппозиция институты құрылды.

"Уәде берме, жаса!" - мемлекет басшысы мемлекеттік биліктің негізгі ұстанымын дәл осылай тұжырымдады және Қ.К. Тоқаев президенттігінің бірінші жылының нәтижелері бұл ұстанымның жүзеге асырылуға және оң нәтиже беруге болатындығын көрсетеді.

Қаратаева Леся Ролланқызы,

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері,

 тарих ғылымдарының докторы

     


Өзгелердің жаңалығы