Қазақстандық әуекомпаниялар Сауд Арабиясына тұрақты рейстерді орындау үшін сертификаттаудан өтуде

30 Қазан 2019, 02:51
1827
Бөлісу:
Қазақстандық әуекомпаниялар Сауд Арабиясына тұрақты рейстерді орындау үшін сертификаттаудан өтуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Атап өтетін болсақ, Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабия Корольдігінің авиациялық билік орындары арасындағы қолданыстағы келісімге сәйкес, екі тараптың тағайындалған әуекомпаниялары әр тараптан елдер арасында аптасына 4 жолаушы және 3 тұрақты жүк тасымалдау рейстерін орындауға құқылы.

"Сауд Арабия тасымалдаушылары үшін рұқсат етілген қалалар – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Қарағанды, ал қазақстандық тасымалдаушылар үшін Эр-Рияд, Жиддә, Медина және Даммам", - делінген комитеттің хабарламасында.

Бүгінде "Эйр Астана" әуекомпаниясы Алматы – Медина және Алматы – Жиддә бағыты бойынша аптасына 2 рейс жиілікпен тұрақты рейстерді орындауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта компания аталған рейстерді орындауға рұқсат алу үшін құжаттарды тапсырды. Тиісті рұқсат алғаннан кейін әуекомпания осы рейстерді орындауды 2019 жылдың соңына дейін бастауға дайын.

Ал "SCAT" әуе компаниясы Алматы – Жиддә (сәрсенбі) және Алматы – Медина (сенбі) бағыттары бойынша ұшуларды орындауды 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап Boeing-757 типті әуе кемесінде бастауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта компания Сауд Арабия Корольдігінде сертификаттау рәсімінен өтіп жатыр.



Өзгелердің жаңалығы