Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Медициналық туризм термині бізге қаншалықты таныс? Қазақстанда бұл сала қалыптасқан ба? Дертіне дауа іздеген шетелдіктерге не ұсынып отырмыз? Қазақстандықтар көбіне қай елге барып емделеді? Медтуризмге қатысты сауал көп, солардың бірқатарына жауап іздеп көрсек.
Қазіргі таңда жаһанның жетекші елдерінің даму үрдісі азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін барынша оңтайлы жағдай жасауға бағытталған. Иммунитетті көтеру, белсенді өмір салтын ұстану қазір сәнге айналып келеді. Уақыт өткен сайын сымбатты дене бітімін сақтауға және сапалы медициналық көмек алуға ұмтылатындар саны да артуда.
Медициналық туризм – халықаралық туризм саласындағы жаңа тренд. Жаһандық денсаулық сақтау институтының мәліметі бойынша, 2017 жылы медициналық туризмнің әлемдік нарығы 50 миллиард доллардан асты, ал 2025 жылға қарай $140 миллиардтан асады деп болжануда.
Медтуризм халықаралық туризмдегі жаңа бағыт ретінде әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан нарықтың бірі саналады. Бұл нарық енді өріс ала бастағанына байланысты, медициналық туризм туралы нақты ресми дерек некен-саяқ. Мысалы, түрлі ақпарат көздері медициналық туризм нарығының әлемдік көлемін 10-100 млрд АҚШ доллары аралығында, ал жыл сайын әлемнің әр бұрышына медициналық мақсатта саяхат жасайтын туристер санын 5-16 млн аралығында болады деп бағалайды.
Нақтылық үшін медициналық саяхат жөніндегі халықаралық журналдың (International Medical Travel Journal) мәліметіне сүйенер болсақ, 2018 жылы медициналық туризм нарығы 13 млрд АҚШ долларына жеткен, ал түрлі елге қатынайтын медициналық туристер саны 5 млн адамнан асқан. Медицина бағытындағы танымал америкалық «The American Journal of Medicine» журналы 2017 жылы медициналық туризм нарығының көлемін есептеп, оның мөлшері шамамен, 45-72 миллиард АҚШ долларын құрайтынын жазды. Сол жылы медициналық туристер саны 14-16 млн адамнан асты.
Медициналық туризм саласындағы әлемдік ахуал үнемі өзгеріп отырады. Әуелде, бұл салада Батыс Еуропа және АҚШ елдері көшбасшы болса, бүгінде Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі медтуризм үздіктер қатарында. Соңғы уақытта медициналық туризм Қазақстанда да қарқын алып келе жатыр, дертіне шипа іздегендер елімізге әлемнің түкпір-түкпірінен келеді. Бұл сегменттің дамуы туристік бизнестің негізгі бөлігіне қарамастан жүріп жатыр, ал қазір мемлекет те, бизнес те екі саланың: медицина және туристік бағыттың өзара іс-қимылын бір жолға қоюға ниетті. Қазақстан Республикасында медициналық туризмді дамыту тұжырымдамасында экономикалық және әлеуметтік дамуға, азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған медициналық туризм саласындағы әлемнің жетекші елдерінің тәжірибесі пайдаланылған.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы туризм туралы» заңында медициналық туризмнің өзіндік анықтамасы айқын жазылған.
Медициналық туризм – азаматты тұрғылықты жерінен тыс жерде демалыспен қоса, 5 түрлі мамандандырылған медициналық көмекпен, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметпен қамтуды көздейтін туризм түрі.
Дамыған медициналық туризм бағыты ретінде елдің тартымдылығын қамтамасыз ететін негізгі факторлар:
- саяси және әлеуметтік тұрақтылық;
- денсаулық сақтау саласындағы беделі мен оң имиджі;
-мемлекет пен жеке сектордың денсаулық сақтау инфрақұрылымына құйған инвестициясы;
- халықаралық аккредитациясы бар медициналық ұйымдар саны;
- медициналық ұйымдарды озық жабдықтармен жарақтандыру;
- заманауи медициналық технологияларды енгізу;
- білікті және жоғары кәсіби медициналық персоналдың болуы;
- дамыған туристік инфрақұрылым.
Қазақстанда кімдер емделеді?
Түрлі бағалаулар бойынша, Қазақстанға жыл сайын медициналық көмек алу мақсатында шамамен, екі мың шетел азаматы келеді. Түрлі деректерге сәйкес, 2017 жылы негізгі медициналық ұйымдардың стационарында емделген шетелдік емделушілер саны (жоспарлы емдеу) 1 600-ден астам адамды құраған. Ал, 2018 жылы бұл көрсеткіш едәуір артып, 2 400-ден асып түсті. Сондай-ақ, 2017-2018 жылдары шипажайлық-курорттық ұйымдарда сауықтыру шараларын алған шетелдік азаматтар саны тиісінше, 24 мың адамға жеткен.
Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының (ДСДРО) мәліметі бойынша, елімізге АҚШ, Испания, Израиль, Түркия, Венгрия, БАӘ, Малайзия, Сингапур, Қытай, Швейцария, Италия, Оңтүстік Корея және ТМД елдерінен арнайы келетін пациенттер бар, өйткені, елде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы жоғары деңгейде әрі бағасы да қолжетімді.
Жамбыл және Түркістан облыстарының медициналық ұйымдары Қырғыз Республикасының азаматтары арасында кеңінен танымал. Жүрекке жасалатын операция үшін олар қазақстандық кардиохирургиялық орталықтарды жиі таңдайды. Көрші ел азаматтарының өңірдегі медициналық орталықтарға мұншалықты қызығушылықпен тартылуына көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасы, білікті медициналық персоналдың болуы және клиникалардың қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылуы себеп.
Қазақстандық клиникалар шетелдік пациенттерге не ұсынып отыр?
ДСДРО берген ақпаратқа сәйкес, бүгінде шетелдік медициналық туристер арасында қазақстандық стоматологтардың қызметі асқан сұранысқа ие. Еуропа азаматтары тіс емдету үшін Қазақстанға ерекше ықыласпен келеді. Өйткені, біздің елде бұл қызметтің құны Еуропадағыдан 10-15 есе арзан, дегенмен, сапа жағынан дамыған елдердегі клиникаларға дес бермейді.
Мысал ретінде алсақ, тіс жегіні емдеу Қазақстанда 5 мың теңгеден басталса, Еуропада бұл баға 500-700 еуродан басталады. Тіс емдеу бағытындағы танымал қызметтер – пломбалау, имплантация, протездеу, синус көтеру, имплантация кезінде сүйек тінін отырғызу және балалар стоматологиясы.
Қазақстанның медицина саласында дәл осы стоматология жағынан өзге елдерге қарағанда ілгері тұрғанын Экономика және денсаулық сақтауды қаржыландыру мәселелері жөніндегі талдаушы және консультант Марат Мамаев та айтады.
Біздің елдің стоматологтары дамушы елдердің тіс дәрігерлерімен бәсекеге қабілетті. Оның үстіне қызмет көрсету құны өзге елдерге қарағанда, едәуір төмен әрі сапа жағынан да кенже қалып жатқан жоқ. Мысалы, Шығыс Еуропа елдерінде халық қарапайым ғана пульпит салдыру үшін қомақты қаржы жұмсайды, - дейді ол.
Шетелдіктерді Қазақстанда қызықтыратын тағы бір медициналық қызмет, бұл - соңғы жылдары отандық медициналық ұйымдар сәтті игеріп отырған экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ). Әлем елдерінде де медициналық қызметтің бұл түріне деген сұраныстың ұлғаю үрдісі байқалады. Репродуктология саласымен айналысатын қазақстандық клиникалардың ақпаратына сай, ЭКҰ қажеттілігі жыл сайын өсіп келеді және ол жергілікті халық арасында ғана емес. 2018 жылы медициналық ұйымдарға Қырғызстаннан 800-ден астам адам келсе, Өзбекстаннан 134, Ресейден 72, Түркия, АҚШ, Қытай, Канада сияқты елдерден 41 пациент келген. Егер Қазақстанда бұл қызметтің құны шамамен, $2 000-2 500 құраса, Еуропада $15 000, ал АҚШ клиникаларында $19 000-20 000 құрайды.
Қазақстанға шипа іздеп келетін шетелдік туристер көбіне төмендегі медициналық қызметтерге сұраныс жасайды:
- Нейрохирургия;
- Кардиохирургия;
- Трансплантология;
- Репродуктология (ЭКҰ);
- Ортопедия және травматология;
- Стоматология
Шетелдіктер Қазақстанға, қазақстандықтар қайда?
Шетелдіктер үшін медициналық қызметтер нарығында ұсыныс бар, бірақ медициналық мекемелер мен туристік компаниялар арасында іс жүзінде қалыптасқан ынтымақ жоқ. ДСДРО өкілдері медициналық ұйымдардың туроператормен өзара іс-қимылы екі тарап арасында жасалған қызмет көрсету шарты негізінде жеке жүргізілетінін, онда барлық қажетті мәліметтер жазылатынын айтады.
Тағы бір мәселе, Қазақстан Қытай, Израиль, Оңтүстік Корея, Түркия, Германия және т.б. елдер үшін емделушілердің жеткізушісі ғана болып отыр. Мысалы, Оңтүстік Кореяның денсаулық сақтау индустриясын дамыту институтының (Korea Health Industry Development Institute) мәліметіне сәйкес, жыл сайын 15 мыңнан астам қазақстандық онкология, репродуктология, гинекология, жүрек-қантамыр, эндокринологиялық және бүйрек аурулары сияқты ауруларды емдеу, сондай-ақ пластикалық хирургия қызметтеріне жүгіну мақсатында Оңтүстік Кореяға келеді.
Түрік медициналық туризм қауымдастығының (Turkish Healthcare Travel Council) бағалауынша, 2018 жылы Түркияға Қазақстаннан 7 мыңнан астам адам келген, олар негізінен, радиотерапия, онкология, нейрохирургия, реконструктивті пластика және оңалту сияқты бағыттағы қызметтерге жүгінген. Жалпы, түрлі дерек бойынша жыл сайын шамамен, 50 мың қазақстандық емделу мақсатында шетел асады және «Harvard Medical International» ұйымының есептеуіне сәйкес қазақстандықтар жылына шетелдегі медициналық қызметтер үшін 200 миллион доллардан астам қаражат жұмсайды. Жыл сайын қазақстандық медициналық туристердің шет мемлекеттерге көптеп кетуіне байланысты отандық медициналық ұйымдар, қызмет көрсету саласындағы жеке бизнес, жалпы мемлекет әлеуетті экономикалық пайдасын жоғалтуда.
Экономика және денсаулық сақтауды қаржыландыру мәселелері жөніндегі талдаушы және консультант Марат Мамаев денсаулық сақтау саласы елде қандай да бір инвестицияның жеміс бере бастауымен байланысты дамитынын айтады.
Осыдан бір жыл бұрын біз Қазақстандағы медициналық туризм бойынша анализ жасадық. Денсаулық сақтау саласы елде қандай да бір инвестицияның жеміс бере бастауымен байланысты дамиды. Мұнда мемлекет тарапынан ғана емес, жеке секторда даму болуы керек. Бұл салада ақша көп болған сайын капитал көлемі де артып, инфрақұрылым өркендейді. Бірақ, басты мәселе ең алдымен, медициналық технологиялар қарқын алуы керек. Егер медициналық технология дамитын болса, Қазақстанның айналасында жүрген қаражат ағынын елге тартуға мүмкіндік туады. Мен денсаулық сақтау саласына деген қарым-қатынасты түбегейлі өзгерту керек деп санаймын. Қазір бұл салада бюджетті қарпып қалу басым болса, ол келешекте пайда қалыптастырушы салаға айналуы қажет. Ал, ол үшін қаражаттың қайдан келетінін түсіну керек, - дейді ол.
Ішкі медициналық туризмнің жағдайы қалай?
Осы орайда жергілікті халық арасында ішкі медициналық туризмнің де танымалдылығы артып келе жатқанын ескеру керек. Егер бұрын қазақстандықтардың кейбір ауру түрлерін емдеу үшін шетел асуына тура келсе, бүгінде жергілікті медициналық ұйымдардан дауа іздеу мүмкіндігі пайда болды. Оның үстіне, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде емдеудің көптеген түрі мемлекеттің бюджет қаражаты есебінен жабылатыны да халыққа біршама көмек.
Қазақтандықтардың дертіне дауа іздеп, теңіз асуына бастайтын негізгі себептер қатарында ем-дом алу бағасының төмендігі, медициналық қызметке деген қолжетімділік, сапалы медициналық қызмет және алдыңғы қатарлы технологиялар тұр. Аталмыш салада осы мәселелерде кедергі болса да, бүгінгі таңда медициналық туризм Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында қарқын алып келеді.
2008 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласында «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ құрылды, ол 2016 жылы «University Medical Center» корпоративтік қорына өзгертілді. Оған бес инновациялық денсаулық сақтау нысаны – кардиохирургия, нейрохирургия, ана мен бала ұлттық орталықтары, балаларды оңалту және республикалық диагностикалық орталық кірді, олардың әрқайсысының JCI (Joint Commission International) халықаралық аккредитациясы бар. Әрбір үш жыл сайын өтетін бұл аккредиттеу көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын, персоналдың дайындық деңгейін, пациенттердің халықаралық стандарттарға сәйкес келетін денсаулық сақтау объектілеріндегі қауіпсіздігін растайды. Қазақстанда осындай 7 нысан бар, сондай-ақ, тағы 497 нысан ұлттық аккредитацияға ие. Жоғарыда аталған медициналық ұйымдарда шетел азаматтарына диагностикадан бастап (check-up - ағзаны толық тексеру) жүрекке, омыртқаға және миға жасалатын операциялар сияқты жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қоса алғанда, күрделі операцияларды жүргізуді қамтитын қызметтер көрсетіледі.
Осы орайда, отандық медицинаның аса маңызды жетістіктерінің бірі ретінде жүрекке ашық түрде жоғары технологиялық бірегей ота жүргізу оқиғасын санауға болады. Аталмыш отаның арқасында Қазақстан осындай операция түрлерін жүргізуге қауқары жететін әлемнің 22 елінің қатарына енді. 2017 жылдың 19 қазанында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында алғаш рет жасанды жүректі имплантациялау операциясы жүргізілді. Терминалдық кезеңде ауыр жүрек жетіспеушілігінен зардап шеккен пациентке CARMAT жасанды жүрегі салынды.
Мемлекеттік медициналық ұйымдардан бөлек, Алматы қаласындағы жеке клиникалар да ерекше қарқынмен дамып келеді. Мұндағы озық инфрақұрылым, сапалы медициналық қызмет және медициналық қызметтердің қолжетімділігі АҚШ, Батыс Еуропа, Қытай, Түркия, БАӘ мен ТМД елдерінің пациенттерін ерекше тартады.
Түйін. Медициналық туризм саласын дамытуды назарға алған елдердің өз азаматтарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ете отырып, ұлттық жобалар мен бағдарламаларға бюджет қаражатын бағыттай келе, осы саланың дамуына көп көңіл бөліп отырғанын әлемдік тәжірибеден байқауға болады. Мемлекеттік қолдау қуатты медициналық туризмді дамытудың негізгі факторы. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, құқықтық базаны, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, жеке кәсіпкерлікті өркендету мақсатында нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыруға бағытталған мемлекеттің белсенді саясаты медициналық туризмнің жаңа деңгейге шығуына ықпал етіп, ел экономикасының басым бағыттарының біріне айналуға мүмкіндік береді.