Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Біз Америкада дамып жатқан мықты DAZN, HBO сияқты өзіміздің стремингті платформамызды жасап шығардық. Енді осы арқылы елімізде өтетін кәсіпқой бокс кештерін бүкіл әлемге сата аламыз.
Бұл туралы «Qazaq Promotions» компаниясының директоры Дархан Мұқтарбек Алматыда өткен баспасөз мәжілісінде айтты.
Компания басшысы 26 қазанда Алматыда өтетін кәсіпқой бокс кешін теледидардан көрсету құқығын Qazaqstan мен Qazsport телеарналарына бергенін, сонымен қатар QP TV стремингті платформа арқылы да әлемге тарататындарын жеткізді.
"5 шілде күні болған бокс кешінде демо нұсқасын ешқандай жарнамасыз жүргіздік, соның өзінде де жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Ол кезде 1,7 млн адам тамашалаған, оның 1,5 миллионы қытайлықтар. Қазір кез-келген адам өзіне ұнаған нәрсесін интернет арқылы телефоннан көре алады. Ал Еуропа, Қытай сияқты елдерде бокс кештерін стремингтік платформалардан телефонмен сатып алып қарайды. Бұл үлкен табыс әкеледі және спорт саласын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Осыдан 20 жыл бұрын Оскар Де Ла Хояның жекпе-жектерін 2 млн адам 100 доллардан сатып алып қараған. Кейінгі кезде де бокс жұлдыздарының жекпе-жектерін миллиондаған адам осындай платформадан сатып алып көретін болған", - деді ол.
Сөз арасында ол, QP TV стремингті платформасын Қытай мен АҚШ мамандарымен бірлесе отырып жасап шыққандарын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Бұған дейін, қазанның 26-ы күні Балуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында Қанат Исламның қатысуымен кәсіпқой бокс кеші өтетіні туралы хабарлағанбыз. Сонымен қатар, Қытай төрінде Қанат Исламның қатысуымен бокс кеші ұйымдастырылатынын айтқан болатынбыз. Сонымен қатар Қанат GGG мен Деревянченко жекпе-жегіне қатысты ойын білдірген еді.