Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Antikor Live» жобасы алаңында өткен онлайн брифинг аясында агенттіктің ақпараттық ағарту штабының басшысы Ырза Тұрсынзада мәлімдеді.
Агенттіктің көмегімен біз термешілердің сайысын жариялап отырмыз. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген сөз бар ғой. Шабыты тасып, қосылам деп отырған жүйріктерімізге біз алаңды көсілуге рұқсат беріп, ықылым заманнан келе жатқан дәстүрді жаңғыртпақпыз. Байқау ережесі бойынша жас шектелмейді. Жас, орта буын да қатыса алады, - деді ол.
Ырза Тұрсынзада айтып өткендей, әрбір буынның өздері айтатын термелері бар.
Қатысушылардың арасында термешілер де, кәсіби термешілер де бар. Оған бағаны халық береді. Дауыс беру Үoutube арнасында жүзеге асырылады. Бұл жобаның ерекшелігі – елдің барлық өңірі қамтылады. Бәйге болғаннан кейін, оған сыйлық қойылады. Бас жүлдеге 1 млн теңге беріледі. Сондай-ақ, байқауға 17 өңірдің термешісі қатысады. Ешкімді құр алақан жібергіміз келмейді. Сондықтан да өзге орындар үшін де сыйлықтар беріледі, - деді ол.