Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінде елімізде жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына айтарлықтай назар аударылып отыр. Статистикалық деректерге тоқталсақ, ағымдағы жылдың 10 айында жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 18,9% - ға өсіп, 87,5 млрд теңгені құрады.
Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.Мысалы, тоқыма бұйымдары 23,7% - ға, ал киім-кешек өндірісі -7,5% артты. Жеңіл өнеркәсіп саласы үш негізгі топты біріктіреді, яғни, тоқыма өнеркәсібі - 52%, киім-кешек өндірісі - 38%, сондай-ақ, былғары және оған қатысты өнімдер - 10% құрайды.
2019 жылдың 1 қыркүйектегі көрсеткіштер бойынша жеңіл өнеркәсіп бағытында 1030 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 96% - бұл шағын кәсіпорындар, қызметкерлердің тізімдік саны шамамен 11 мың адам. Елімізде жеңіл өнеркәсіп бағытында жұмыс істейтін кәсіпорындар ұлттық компаниялар, денсаулық сақтау саласындағы ұйымдарға, Қазақстанның қарулы күштері мен тәртіп сақшыларына, сондай-ақ қарапайым халыққа арналған киімдерді шығарады. Олардың қатарында сырт киімдер, ерлерге арналған костюмдер, балалар киімі, бас киім, үй тоқымасы және аяқ киімдер бар. Бұдан басқа, отандық кәсіпорындар мақта-мата иірілген жіптер мен маталар, кілем, былғары өнімдерін халыққа ұсынады.
2018 жылы 5 жаңа жоба пайдалануға берілді, олардың қатарындағы екі бастама "Оңтүстік" АЭА орналасқан. Жаңа кәсіпорын 400-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Сонымен қатар 2019 жылы кілем және кілем бұйымдарын шығаратын «Бал тоқыма» ЖШС іске қосылып, 45 жұмыс орны ашылды.
Әлеуметтік-экономикалық маңызы зор бұл саланы дамытуға әлемнің көптеген елдері әлдеқашан түбегейлі бетбұрыс жасаған. Елімізде де осы бағытта бірнеше жобалар қолға алынып, ішкі нарықты отандық сапалы өніммен толтыру үшін қолайлы жағдай жасалуда. Сонымен қатар, экспортты арттыру, еңбек өнімділігін жоғарылату мәселелері де қолға алынған. "Бизнестің Жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша бәсекеге қабілетті дайын өнімді шығаратын кәсіпорындарды қолдауға назар аударылған.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазанындағы халыққа жолдауын жүзеге асыру аясында Үкімет мүшелері қолжетімді несиелендіру қаулысын қабылдаған болатын. Аталмыш бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктер жеңіл өнеркәсіп бағытындағы жалпы сомасы 4,3 млрд. теңгені құрайтын 21 жобаны қолдады.
Сонымен қатар, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 – 2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша жол картасын әзірледі. Халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің игі ықпалы өлшеусіз. Жергілікті тұрғындардың, әсіресе, әйелдердің арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту болып табылады. Бұл саланың өнімдеріне деген сұраныс та жоғары – азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орынды иеленеді. Сондықтан министрлік жүзеге асырып жатқан бағдарлама кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, заңсыз тауар айналымымен күрес жүргізу, отандық тауарлар үлесінің көрсеткішін арттыруды мақсат етеді.