Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласындағы №4 емханадағы педиатрия бөлімінің меңгерушісі Виктория Виниченко ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова, азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен "Міндетті екпе: қолдаушылар мен қарсы болушылар" атты онлайн кездесу барысында айтты.
Вакцинациялау арқасында кейбір ауру түрлері толықтай жойылып кеткеніне қарамастан, кейінгі кездері тұтас әлем елдеріндегідей Қазақстанда да екпе салдыруға қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Вакцинаға қатысты қате немесе орынсыз пікірлердің бірқатарына тоқталсам. Қазақстанда екпеден бас тартатындар саны өте көп деген жалған мәліметке келер болсам, 2019 жылы вакцинадан бас тартудың 6 003 фактісі тіркелді, бұл өз кезегінде 1 пайыздан кем, яғни 0,12 пайыз шамасында. 4 841 334 балаға екпе жасалды, соның ішінде иммунизациядан кейін қолайсыз жағдайлар 143 балада байқалды, бұл - 0,003%. Фактіге сүйенсек, 2019 жылы Қазақстанда жарақаттан көз жұмған балалар саны 1 200 болса, ал вакцинадан – 0. Вакцинацияның арқасында соңғы 20 жылда Қазақстанда В гепатитімен ауырғандар көлемі 35%-ға төмендеп, қызылша және гепатитпен ауыру мөлшері азайған, - деді Виктория Виниченко.Дәрігер аллергия және астмамен ауыратындарға екпе салдыруға болмайды деген қате пікір екенін айтты.
Аллергиямен ауыратын балаларға басқа балалармен бірдей екпе салу қажет. Алайда, екпе аллергиялық процестің асқынуынан тыс кезде жасалуы керек. Вакцинацияны алдын ала және вакцинадан кейінгі дайындық кезеңінде антигистаминді препараттарды "бүркемелеу" арқылы жүргізу ұсынылады. Тағы бір мәселе – жүйке жүйесі дерті бар балаларды вакцинациялауға қатысты. Мұндай балаларға да екпе салдыру аса қажет. Себебі, жүйке жүйесі ауруы бар балалар вирустық ауруларды жұқтырып, суық тигізіп алуға бейім келеді. Неврологиялық аурулары бар балалар арнайы схемалар бойынша егіледі. Мысалы, АКДС вакцинасынан көкжөтел компонентін алып тастап, ұлттық күнтізбемен ұсынылған егу кестесін біршама ауыстыруға жол беріледі, - деді ол.