Қазақстанда 18 мың үй күрделі жөндеуді қажет етеді

18 Қараша 2019, 10:25
2220
Бөлісу:
Қазақстанда 18 мың үй күрделі жөндеуді қажет етеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда тұрғын үй қорында 18 мың үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында мәлімдеді. 

2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының төртінші міндеті тұрғын үй қорын күрделі жөндеу мен қайта жаңарту шараларын көздейді. 

Бүгінде республиканың тұрғын үй қорында 78 мыңнан астам көппәтерлі үй бар, оның ішінде 18 мың үйге күрделі жөндеу қажет. 2020-2021 жылдары өңірлерге осы мақсаттарға 30 млрд теңге қаражат бөлінеді деп жоспарланды, бұл шамамен 700 үйді жөндеуге мүмкіндік береді және 126 үй айналымдағы қаражат есебінен жөнделеді, - деді министр.

Атамқұлов сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жетілдіру бойынша қабылданатын шаралар туралы айта кетті. Олар:
- жаңа нормативтерді, үлгілік жобаларды, жалпы мемлекеттік маңызы бар қала құрылысы жобаларын әзірлеу және қолданыстағыларын өзектендіру;

- нормативтік-құқықтық актілер мен техникалық құжаттарды цифрландыру (BIM-технологиялар) және қала құрылысы кадастрын дамыту;
- құрылыс процестерінің ашықтығын белгілеу және құрылыс сапасын бақылау мақсатында "Е-Құрылыс" бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. 

Бірыңғай тұрғын үй саясатының негізгі мақсаты тұрмысы төмен отбасыларға басымдық бере отырып, табысы әртүрлі деңгейдегі азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік тұрғын үй беру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, қаражаттың тиімді пайдаланылуын бақылау және азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатына әсер ететін әрі еліміздегі барша халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау екенін атап өткім келеді, - деп сөзін түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы