Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәскеу қаласында Армия халықаралық ойындары мен «Армия-2020» форумының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектанов қатысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Ресей Президенті Владимир Путин ойындар мен форумның қонақтары мен қатысушыларына арнаған бейне үндеуінде осы іс-шаралардың маңыздылығы мен танымалдылығын атап өтті.
Ресей Федерациясының Премьер-министрі Михаил Мишустин өз сөзінде форумның ауқымын және инновациялар мен цифрлық технологияларды қолдануды ескере отырып өндірілген өнімнің едәуір өсуін атап өтті.
Қатысушы елдердің жоғары қонақтарының қатысуымен «Армия халықаралық ойныдары - 2020» форумын Ресейдің Қорғаныс министрі армия генералы Сергей Шойгу ашты. Ресми нышан – Армия халықаралық ойындарының туы көтерілді, ал ұлттық ту астындағы жарысқа қатысушылар көрермендер алдында салтанатты маршпен өтті.
32 ел қатысатын 2020 жылғы Армия халықаралық ойындары, 30 байқаудан тұратын сайыста ең мықтыларды анықтайды.
Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға және елде қабылданған шараларға байланысты Қазақстан биылғы жылы тек бір ғана байқауға «Танк биатлонына» қатысады, ол ең көрнекті, өкілді және беделді болып табылады. Қазақстандық танкист мамандар 25 тамызда жеке жарыста өнер көрсететін болады. Ойын 5 қыркүйекте аяқталады.