Қазақстан мен Әзербайжан дипломатиялық қатынасына 27 жыл

27 Тамыз 2019, 12:25
3778
Бөлісу:
Қазақстан мен Әзербайжан дипломатиялық қатынасына 27 жыл
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасында дипломатиялық қатынастар орнатылғанына 27 жыл толды.


«Қазақстанның Бакудегі Елшілігі 1994 жылдың желтоқсан айында, ал Әзербайжанның Қазақстандағы Елшілігі 2004 жылдың наурыз айында ашылды. 2008 жылдың қыркүйек айынан бастап Әзербайжанның Ақтау қаласындағы Бас консулдығы жұмыс істеуде. Екі ел арасында сындарлы саяси диалог орнатылған. Қазақстан мен Әзербайжан өңірлік және халықаралық сипаттағы негізгі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдардың жақындығымен ерекшеленеді», - деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Мәліметке сай, Қазақстан-Әзербайжан қатынастары 2005 жылғы мамырда Бакуде қол қойылған Стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың қағидалары мен ережелеріне сәйкес дамуда. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжан Республикасының бұрынғы президенті, Жалпы ұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев іргетасын қалаған достық қарым-қатынас Әзербайжанның қазіргі президенті Ильхам Әлиевпен де сәтті жалғасын табуда.

«2017 жылдың сәуір айында Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжан Республикасына ресми сапары орын алып, оның нәтижесі бойынша 10 мемлекетаралық және үкіметаралық келісімге қол қойылды. 2018 жылдың тамыз айында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Каспий жағалауы елдерінің Бесінші саммитіне қатысу мақсатында Қазақстан Республикасында (Ақтау) жұмыс сапарымен болды», - деп хабарлады ведомство.

Ақпарат бойынша, жалпы 2018 жыл ішінде президент, премьер-министр, Парламент, СІМ және басқа да министрліктер мен ведомстволар басшылары деңгейінде 30-дан аса өзара іссапарлар орын алды. 2018 жылы екіжақты тауар айналым 258,3 млн АҚШ долларын құрады. Әзербайжан соңғы 3 жыл ішінде Қазақстанның Батыс өңіріне 70 млн АҚШ долларынан аса инвестиция салды.

«Екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың локомотиві болып табылатын көлік-логистикалық саладағы байланыстар үнемі кеңейтіліп, дамып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда Әзербайжанның қатысуымен 524 заңды тұлғалар тіркелген, соның ішінде 221 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. Екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан Үкіметаралық комиссиясының жұмысы да ықпал етуде. Үкіметаралық комиссияның ұсыныстары екіжақты қарым-қатынастардың кең-ауқымды спектрын қамтып, энергетика, транзиттік және көліктік жүйелер, ауыл шаруашылығы, білім беру және туризм салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

СІМ мәліметінше, көпжақты форматтағы қатынастарымыз да өзара сенімділікке негізделіп дамуда. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша біздің көзқарастарымыз үйлесімді және ұқсас. Көпжақты форматта тараптар халықаралық және өңірлік ұйымдар (БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ТМД, ТМЫК, АӨСШК, ЭЫҰ және т.б.) шеңберінде белсенді өзара іс-қимыл жасасып келеді.

«Қазақстан мен Әзербайжан парламенттері арасында тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылған. Екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы достық тобы құрылды және жұмыс істейді. Біздің елдеріміздің заңнамалық органдары тұрақты өзара сапарлармен, оның ішінде ҚР мен АР-да ұйымдастырылатын парламенттік және президенттік сайлауды өзара бақылау желісі бойынша алмасады. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту үшін белсенді жұмыс жүргізілуде. Тараптар тәжірибе алмасып, екі елдің аумағындағы түрлі іс-шараларға қатысады, - деп хабарлады министрлік.

Өзгелердің жаңалығы