Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадациялау туралы заң қабылданды

7 Қараша 2019, 10:56
546
Бөлісу:
Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадациялау туралы заң қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламент Сенатының депутаттары "Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадациялау туралы шартты ратификациялау" жөніндегі заң жобасын мақұлдады.

Қазіргі таңда Украинамен арамызда қылмыстық қудалау саласында өзара сенім қалыптасқан. Мысалы соңғы үш жылда Украина бізге алты қылмыскерді ұстап берді. Қазір Украинада жасырын жүрген алты адам бар. Оларды қайтару қаралып жатыр. Шартқа келетін болсақ ол қылмыстық жауапқа тарту және сот  үкімін орындау үшін адамдарды ұстап беру мәселесін шешеді. Шарт бойынша жасалған қылмыс үшін екі елде кемінде бір жылға бас бостандығынан айыру көзделген болса немесе сотталған адамның өтелмеген мерзімі алты айдан көп болса адам ұсталып беріледі, - деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

Ол келесідей жағдайларда ұстап беруден бас тарту негіздері де көзделгенін айтты: бір тарапта қылмыс деп саналатын әрекет екінші жақта олай болмаса немесе қудалау мерзімі өтіп кетсе, сұралып отырған әрекет әскери қылмысқа жатса, ұстап беру егемендікке, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін болса, Қазақстан заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелерге қайшы келсе. 

Бүгінде екі ел арасында бұл мәселе Минск конвенциясымен реттеледі. Конвенция екі жақты шарт жасауға тыйым салмайды. Оның үстіне Украина 2014 жылдан бері ТМД шеңберінде қарым-қатынасын шектеп жатыр. Сондықтан мұндай құжат қажет. Келісімге келсек ол стандарт негізінде жасалған. Осындай құжат 21 елмен бар. Халықаралық шарттар туралы заңға сәйкес шарт ратификациялауға жатады, өйткені азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты болып отыр, - деді Ахметжанов.

Заң жобасы қылмысқа қарсы күрес, заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жөніндегі міндеттерді тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Екі жақ шарттың талаптарына сәйкес сұрау салушы тарап іздестіріп жатқан өзінің аумағындағы адамдарды екінші тарапқа ұстап беру міндеттерін алады. 

Өзгелердің жаңалығы