Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының президенті Қ.Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.Қоғам, ел көкейінде ұстап жүрген, әр-бір қазаққа қатысты дұрыс қадам. Бұл туралы президенттің бүгінгі үндеуіне қатысты саясаттанушы Ерлан Саиров білдірді. Бұл туралы Strategy2050.kz хабарлады.
30-жылдардағы қазақ қоғамының трагедиясы мен драмасы әлі өзінің тарихи бағасын алған жоқ. Рухани, генетикалық тұрғыдан кемелденген, саны да, сапасы да өсіп келе жатқан ұлт 30- жылдары терең рухани, адами түнекке кіріп кетті. Адамдардың көзі тұмшаланып, жүрегі мұздаған кезеңге аяқ бастық. Ашаршылық, жаппай репрессия қазақ халқының санын ғана ойсыратқан жоқ, ұлттық сананы деформация жасауға қабілетті болды, - деді ол.
Оның айтуынша, адамдар бір-біріне күдікпен қарап, "аяқ астынан" жау іздейтін әдетке көшті, халықтың дархан көңілі, ашық ниеті бір мезет құрдымға кетті.
Халықтан ес кетіп, барлығының мән-мағынасы жоғалғандай кезеңге тап болдық. Саяси репрессиялар халқымыздың "сүт бетіндегі қаймақтарын" опырып түсті. Елге бағыт-бағдар беретін, сүйемелдейтін рухани күштен айрылған халық та абдырап қалды. Осы кезеңге тағы да саяси сараптама жасап, рухани баға беретін кез келді. Саяси репрессиялар құрбандарын реабилитация жасау жөніндегі мемлекеттік комиссия, салмақты-салиқалы түрде, эмоциясыз осы кезеңге баға бере отырып, болашақта осындай зобалаңның болмасына кепілдік болатын тетіктер жасайды деген сенімдеміз. Дұрыс, уақтылы, қажетті қадам, - деді ол.