Қазақ гимнастикасына қызығушылық артуда

8 Наурыз 2020, 16:00
4289
Бөлісу:
Қазақ гимнастикасына қызығушылық артуда

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. "Болашақ" түлегі, жас кәсіпкер Ернар Жасқайратұлы жетекшілік ететін Көкшетаудағы  омыртқа ауруларын емдейтін "Айкүне" орталығы қазақ халқының жаттығуы негізінде қызмет етіп келеді.

   – Орталықты ашудағы мақсат не?

– Мектеп қабырғасынан анатомия, адам физиологиясына қызығушылығым жоғары болды. Алған бағытымды терең зерттеуге ұмтылдым. "Болашақ" бағдарламасы бойынша Аризона штатында "биомедициналық инженерия" мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Мамандығым – жаңа заманғы технологиялар арқылы адамдарды емдеу, өмір сүру сапасын арттыру. Бизнеспен айналысуды студент кезімнен армандағаныммен, бірден жүзеге асырудың реті келмеді. Елге оралған соң клиникалық зерттеулер жүргізетін, меджабдықтар сатумен айналысатын шетелдік компанияларда жұмыс істедім. Абай Баймағамбетов негізін қалаған омыртқа аураларын емдеуге бағытталған "Айкүне" қазақ гимнастикасының методикасы қатты қызықтырды. Емделген адамдардың нәтижесін өз көзіммен көріп, жаттығудың тиімділігіне көз жеткіздім. Арнайы курстан өттім. Бұл жеке кәсібімді бастауға – омыртқа ауруларын емдейтін орталық ашуға түрткі болды.

– Әлемде гимнастика түрлері көп. «Айкүне» несімен ерекшеленеді?

‒  Бұл гимнастикамен кез келген жастағы адам айналыса алады. "Айкүне" жаттығулары омыртқаңызды түзеп, деміңізді ашады. Шипасы көп. Көкше жұртына таныстырыла бастағанына көп бола қоймаған "Айкуне" жаттығуларына қызығушылар қатары артып келедi. Айкүне – ата-бабамыздан келе жатқан емдеудің ерекше тәсілі. Көшірмесі жоқ жаттығу түрі жиырма жылдан бері қолданыста. Адамның iшкi жандүниесiмен үндестiк табар бұл жаттығу төзiмдiлiк пен сабырлылыққа үйретеді.  Гимнастика барысында алынған білім мен дағды адамды сыртқы агрессияға икемдейді. Жаттығулар кейбір бұлшықеттер мен омыртқаға ғана әсер етіп қоймай, тіпті аурудың қай жерде екенін анықтайды. Қазір бұл жаттығу ТМД елдері мен Еуропада қазақтың төл өнері ретінде таныла бастады.

– Омыртқа ауруының көбеюіне не себеп?

‒ Соңғы кезде тұрғындар арасында буын аурулары, омыртқаның майысуы, арқаға тұз жиналуы, майтабандық сияқты дерттерден қиналушылар саны көп. Жасы ұлғайғандардың қайсысымен сөйлессең де сол кеселдердің бірімен алысып жүрген болып шығады. Ең қызығы сол көп аурудың себебі біреу-ақ – адамның аз қимылдауы екен. Әлгіндей он сан аурудың емі қозғалыс. Күні бойы компьютер алдында телміріп, экраннан бас көтермейтін жасөспірімдер көзден, белден, омыртқадан жапа шегеді. Ғалымдардың жиырма минут сайын бойыңды жазып ал, дене қимылдарын жаса, керіл-созыл дегенін екінің бірі орындай алмайды. Бірінің ынтасы жоқ, екіншісі жан-жағындағылардан қысылады, ұят көреді, тағысын тағы кедергілер көп. Бірқатар мекемелерде стол мен орындықтың биіктігі, компьютердің орналасуы стандартқа сай емес, кейде еңкейіп, кейде созылып, кейде қисайып отыруға тура келеді. Оны тексеріп, зерттеп, реттеп жатқан ешкім жоқ. Әрине, дене шынықтыру жасауға жұмыста да, үйде де, таңертең, түс, кешке де уақыт табуға болады. Бес-он минутта бір сағат жүгіріп-секірудің әсерін алар жаттығулар түрлері толып жатыр ғой.

– "Айкүне" гимнастикаларында қандай жаттығулар жасалады?

– Жаттығу кезінде нұсқаушы тек бағыт беруші. Адам өзін-өзі емдейді. Айнаның алдында. Бұған адамның ішкі ресурстары жұмсалады, яғни кез келген жанның өзін емдеуге мүмкіндігі жетеді. Жаттығулар айнаның алдында өтеді. Бәрі көз алдыңда, өзіңді алдай алмайсың ғой. Күнделікті жасалатын жаттығу техникалары кейін дағдыға айналады. Яғни омыртқа иілгіштік қасиетке ие болып, адам қисаймай, түзу жүретін болады. Жүйке талшықтары қалпына келеді. Ең бастысы, стресске бой алдырмаған жөн. Негатив ойлар бүкіл ағзаны әлсіретеді.

–Жаттығулар адам ағзасына зиян келтірмей ме?

– Үздіксіз жасалатын жаттығулар жасөспiрiмдер мен жастар арасында жиi кездесетiн омыртқаның қисаюының алдын алуға, денелерiн тiк ұстап, шымырлануына өте пайдалы. Он бес минут "Айкүне" қимылдарын жасаған әрбiр адам күнi бойы өзiн сергек сезiнедi. Жаттығулар бiздiң бойымыздағы "жалқау бұлшық еттерiмiзге" жан бiтiрiп, омыртқамыздың түзу болып жетiлуiне көмектесiп, буындарды тұз жиналудан сақтайды. Жаттығулардың адам ағзасына эстетикалық әсері де мол. Әсіресе әйел адамдар үшін өте пайдалы. Дұрыс отырып-тұруға дағдыланған адамның мойнындағы әжімдері азайып, бас ауруы, остеохондроздан айығады. Бұған қоса артық салмақтан арылып, бойы да ұзарады. Бұл аз жетістік емес!


– Жаттығулар ата-бабаларымыздың атқа отыру үлгісінен алынғаны қаншалықты рас?

– Айкүненің әрбір жаттығуы қазақ руларының таңбасына ұқсас және сол рудың атымен аталады. Бабаларымыздың мәдениеті, түрік даналылығының таратушысы дегенге саяды. Мұнда мыңнан астам  тірек қимыл түрлері бар.  Мәдениетіміздегі атқа отыру, малдас құруының өзі талай ауруға ем екенін растайды.

–Балаларды тік жүруге қалай үйрету керек?

–Алдымен ересектер өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Егер аа-аналар спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанса, дұрыс тамақтанса бала да осыған дағдыланады. Балалар ата-аналарының көшірмесі. Әр адам өзін дамытуға күш салуы тиіс. Отырғанда омыртқаны орындықтың арқалығына тіремей, бұлшықеттерге күш түсіру қажет. Арқаны тік ұстау үшін корсет кию дұрыс емес, кейін де бұл әдетке айналады. Кез келген табыстың сыры – жақсы әдеттерді дағдыға айналдыру. Қытайлық зейнеткерлер сияқты жүздеген адам қосылып жаттығу жасау мәдениеті бізге әлі жете қойған жоқ. Бірақ, аз-кем ұмтылыс бар. Отбасымен бірге велосипедке отырып қыдырыстайтындар шықты. Қаланың бірқатар жеріне ашық аспан астында гинастика жасау қондырғылары орнатылған. Фитнес клубтары, жүзу бассейндері жеткілікті. Тек қалалықтар осы мүмкіндіктерді пайдалана білсе екен деймін.

Өзгелердің жаңалығы