Айжан Есмағамбетова бас мемлекеттік санитарлық дәрігер болып тағайындалды

14 Ақпан 2022, 12:41
1450
Бөлісу:
Айжан Есмағамбетова бас мемлекеттік санитарлық дәрігер болып тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Айжан Серікбайқызы Есмағамбетова Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау вице-министрі — Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері болып тағайындалды. 

Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлайды.

Айжан Есмағамбетова 1972 жылы Алматы облысында туған. 1997 жылы Алматы мемлекеттік медицина университетін, Қазақстан медицина университетін (Қоғамдық денсаулық сақтау Жоғары мектебі), Алматы менеджмент университетін бітірген.

Еңбек жолын 1990 жылы Алматы қаласындағы №7 емханада фельдшер-зертханашы болып бастаған.

1997-2004 жж. республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының аса қауіпті инфекциялар бөлімінде дәрігер-эпидемиолог, дәрігер-бактериолог, зертхана меңгерушісі болып жұмыс істеді.

2004-2014 жж. ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің құрылымында түрлі лауазымдар атқарды. 2013 жылы ҚР ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

2014 ж. – Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің орынбасары.

2014-2017 жж. – ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы.

2017 ж. –  ДСМ Стратегиялық даму және қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры.

2017-2020 жж. –  Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры.

2020 ж. – ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары.

2020 жылғы қазаннан қазіргі уақытқа дейін ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.

Өзгелердің жаңалығы