Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Ол волонтерлік ісін мақтан тұтады. Онымен достары мақтанады. Ол қайырымдылық жасау жан рахаты деген пікірде. Қарағандылық ерікті Нұрхан Алшынбеков кім? Ол неге "Тирас" атанды?
Асқақ арман өмірлік мақсатқа айналды
Бар-жоғы 16 жастағы Нұрхан қайырымдылық істерге белсене кірісіп, бүгінде мыңдаған жанның
алғысына бөленіп жүрген жасөспірім. Қарағанды облысы, Приозерк қаласындағы қарапайым отбасында дүниеге келген Нұрхан Тілекұлы 15 жасынан бастап волонтерлықпен айналысқан.
Балалық шағымда айналамдағыларға бір пайдам тисе, адамдарға көмектессем деген ойларым уақыт өте келе арманыма айналды. Мұқтаж жандардың қажеттілігін өтесем, қол ұшымды созсам, әлемді мейірімділікпен құтқарсам деген бала арманнан туған мақсатым үлкен қала Қарағандыға келген соң жүзеге асты. Осылайша, арманымды өмірлік мақсатыма айналдырдым, - дейді Нұрхан.Бүгінде "Tamshy KZ" қоғамдық қорының қатарында қайырымдылық жасаудан талмай жүрген Нұрхан Алшынбеков ерікті болу ерекше іс деген пікірде.
Қазіргі "Tamshy KZ" қайырымдылық қорының президенті Жансая Каменовамен осыдан екі жылдай бұрын танысып, ниеттес жандар "Мейірімді жастар" деген атаумен топ құрған болатынбыз. "Бота" клубының жанынан құрылған осы "Мейірімді жастар" тобы ең алғаш рет Теміртаудағы жетімдер үйіне бардық. Осы сапарда жетім балаларға мейірімділік, қамқорлық жетіспейтіндігін көрдік. Балаларға қуаныш сыйлағандағы сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Олардың тәтті күлкісіне құлақ құрышымызды қандырып, балалар үйінен ерекше толқыныспен шықтық. Бұдан кейін жетім мен жесірге, мүгедек пен мұқтаж жандарға үнемі көмек қолымызды созамыз деген нық сеніммен алға қадам бастық, - дейді ерікті жас.
Волонтерлік іс қолдауға зәру
Қарағанды банк колледжінің екінші курсында оқитын Нұрхан сабақтан бос уақытын қайырымдылық істерге арнайды. Ол волонтерлік іспен айналысуына үнемі қолдау білдіріп, мүмкіндігінше көмектерін аямайтын ата-ана, туған-туыс пен достарына дән риза.
Отбасымда үш баламыз, ағам мен қарындасым бар. Ата-анам алғашында менің волонтерлық ісіме қатты мән бермейтін. Мүмкін уақытша деген пікірде болған шығар. Кейіннен туыстарым оқыс жағдайға ұшырап, үйі өртенді. Сонда осы "Тамшыдан" көмек сұрағанымда, қысқа ғана уақыттың ішінде 300 мың теңгені жинап берген болатын. Сол уақытта ата-анам қуанышқа бөленіп, менімен мақтанып, алғыстарын жаудырды. "Жарайсың!" деп қанат бітірді. Туған-туыстарымның барлығы да "бұл бір керемет іс екен, осыны жалғастыр" деген қолдауларын айтты. Достарым, бірге оқиытын группаластарымның барлығы да менің ісіме жақсы көзқараспен қарайды. Акциялар, концерттер басқа да қайырымдылық шараларды өткізуде үнемі көмектесуге тырысады. Олардың қолдауы мен үшін маңызды, - дейді Н.Алшынбеков.
Нұрхан волонтерліктің арқасында айналасы жанына жақын жандармен толыққандығын айтады. Ол әрбір қайырымды істің артында қайырлы іс барына шүбәсіз сенеді.
Біз еріктілер ұйымын құрғаннан кейін туа біткен омыртқа аралық жарық диагнозы қойылған Жандарбек атты бүлдіршіннің еміне көмек көрсетпек ниетпен концерт ұйымдастырып, шама-шарқымызға қарай қаржылай көмек жинадық. Осыдан кейін Жандарбектің отбасымен өте тығыз араласып кеттік. Тіпті арақатынасымыз жақын туыстық деңгейге жетіп, Жандарбектің анасы екінші анамызға айналды. Осы отбасыға үнемі барып, Жандарбекпен ойнап, көңілін аулап, өзімізде жақсы әсер алып қайтамыз. Қайырымдылық шарасы арқылы табысқан тағы бір жанның бірі – Өміргүл әпкеміз. Әпкеміздің үш баласы бар, жалғыз басты ана. Кенже баласына сал ауруы деген диагноз қойылған болатын. Кейіннен білікті мамандар баланың бұндай сырқатқа шалдықпағандығы анықтады, қазір бүлдіршін ем қабылдап жүр. Бұл отбасымен де етене жақын араласамыз. Өміргүл әпкеміздің де шаңырағында бірнеше рет қонақта болдық, ол кісі де бізге үнемі хабарласып, балалардың сағынғандығын айтып үйіне жиі шақырады, - дейді Нұрхан.
Еріктілер әлемді мейірімділікпен жаулауға ниетті
Волонтерлік өмірімнің өзгеше бір бөлек әлемі. Оқудан, күйбең тіршіліктен бөлек жан тыныштығы десе де болады. Біреуге қуаныш сыйлағанда іште түсініксіз сезімдер пайда болады. Бұл сезімдерді "керемет", "ғажайып" деп сипаттар едім. Бақыт дегенді әр адам өзінің өмір сүріп жатқан деңгейіне байланысты әрқалай түсінеді. Дүние қуған адам бақыт ақшада деп ойлауы мүмкін. Ал кейбір адамдар бақытты өзінің отбасынан, шаңырағынан, өзіне жақын адамдардың күлкісін көру арқылы табады, сезіне алады деп ойлаймын. Менің ойымша, бақыт деген жақындардың риясыз күлкісі. Олардың күлкісін, бақытты сәтін көргенде өзің де бақытқа бөленесің. Мен бақытты қайырымды, ізгі іс жасаудан таптым.
Бұл 16 жастағы Нұрханның пікірі. Жас та болса көңіліне түйгені, өзіндік пайымы бар бозбала Волонтер жылына үлкен мақсаттар қойып отыр.
Жастар жылының жалғасы іспеттес болған "Волонтер жылы" бізге үлкен мүмкіндік беретіндігі сөзсіз. Мемлекет басшысының осы жарлығын қуана қабылдадық. Осы жылды барынша пайдалы өткізсек деген ниеттеміз, - дейді ерікті.
"Tamshy KZ" қайырымдылық қорынның құрамындағы 80-ге жуық еріктімен бірге ізгілікті іс жасап жүрген Нұрхан қордың негізгі мақсаты жастарды мейірімділікпен қатар, жақсылыққа тәрбиелеу екендігін айтады.
Қазіргі қоғамда жастардың арасында бұрыс жолға түсіп, қоғамның келеңсіз жағдайларына ұрынып жатқандары көп. Өкінішке қарай, тәрбиеге көп мән бере бермейтіндей дәрежеге жеттік. Біздің "Tamshy KZ" қоғамдық қоры жастарды қайырымдылыққа тарту арқылы тәрбиелеуді мақсат етеді. Мысалы, әкесі тастап кеткен отбасына көмектесуге барған жігіттер тірі жетім балаларды, көмекке зәру аналарды көрген соң ой түйеді, олар өз отбасын осындай жағдайда қалдырмайды деп ойлаймын. Ер азаматтар өз отбасының тірегі, қыз балалар жанұяның ұйытқысы болса деген мақсатымыз бізге күш береді. Тамшы әлемнің кішкентай нәзік бөлшегі болғанымен оның тас жаратын да қасиеті бар. Сол сияқты тамшылықтар үнемі бірге жұмыс жасасақ, бізде әлемді мейірімділікпен жаулаймыз деген ойдамыз, - деген пікірін білдірді Нұрхан.
Адамдардың бәріне жақсылық жаса, бірақ ең әуелі өз шаңырағыңа қара
"Tamshy KZ" қайырымдылық қорының ұйымдастырушысы Жансая Каменова Нұрхан аталмыш қор құрылғалы бері ұйымның ыстығына күйіп, суығына тоңғанын, әр бастамада бірге болып, әр кедергіден бірге өткендігін айтады.
Өткен жылдың күзінде үлкен экранға шыққан "Томирис" фильміне тамшылықтардың жартысынан астамы бардық. Фильмнен сол заманның жастары өзімізге ұқсайды, біз де бүгінгінің сарбаздары екенбіз ғой деген ой түйдік. Жаугершілік кезеңде батырлар "ақ найзаның ұшымен" өзінің елін, жерін қорғап қалған болса, біздің де мақсат сол. Елімізді, жерімізді жетімге, жесірге толтырмау, мейірімді ұрпақ тәрбиелеп шығару. Осы фильмнен кейін тамшылықтар мені "біздің Томирис" деп атады. Фильмдегі жағымды кейіпкерлердің бірі – Тирас деген жігіт. Жетім өскен Тирас жастайынан Томиристің қанатының астында болып, есейгенде оның оң қолына айналады. Кинокартинаны тамашалау барысында Тирасты Нұрхан бейнесінде көрдім. Көз алдыма әрдайым жанымда жүретін, маған адал, қорған болатын, жылағанымда да, күлгенімде де жанымнан табылатын Нұрханды Тирастың рөлінде елестетіп отырдым. Содан кейін Нұрханды "Тирас" деп атап кеттік, - деп ағынан жарылды Жансая.
Еріктілер қайырымдылық қоры құрылған алғашқы кезеңдерде қиын болғандығын айтады. Жастардың осы қиындықтарды жеңіп шығуда бірлескен күш пен өзі істеріне деген сенімі серік болған.
Біз ең алдымен "Мейірімді жастар" клубы болып жүрдік. Ешқандай құжатымыз, мөріміз болмады. Ең қиын кезеңдер еді. Ешкім сенбейді, жиналатын жеріміз жоқ, қаражатымыз аз, жылап жүрген уақыттар болды. Сонда қақаған қыстың аязына қарамастан базарға барып, ақшамызды барлығына жеткізу үшін ең арзан жерді іздейміз. Кейде бір нәрсе дұрыс болмай жатса, ойлағанымыз іске аспай жатса, базардың ортасында отырып, көз жасыма ерік беремін. Осы кезеңдерде үнемі жанымда болып, қолдау көрсеткен, көзімнің жасын сүрткен Нұрхандай азаматтың бар болғандығына қуанамын, - дейді Жансая Каменова.
Тамшылық еріктілер жақсылық жасауды ең алдымен өз отбасыларынан бастау керек деген қағиданы ұстанады.
Жастарға "адамдардың бәріне жақсылық жаса, бірақ ең әуелі өз шаңырағыңа қара" дейміз. Егер сен өз жақындарыңа көмек қолыңды созабасың, олармен жақсы қарым-қатынаста болмасаң, сыртта жасаған жақсылық қабыл болмайды. Нұрхан да осыған дәлел. Ол алдымен өзінің отбасын ойлайды, анасын үнемі құрметтеп, күн сайын "жәннатым" деп хабарласып, олармен жылы сөйлесетіндігіне куәмін. Қай жағынан болса да Нұрхан үлгі. Ол еңбекқор, адал. Соңына дейін бірге болады деген үміттемін, - дейді қайырымдылық қорының ұйымдастырушысы.
Осы тұста Жансая қоғамдағы кейбір жандарға назын да жеткізіп қалды.
Айналамыздағы адамдардың пікірі сан алуан. Қанша адам болса, сонша пікір мен сөз бар. Өкінішке орай, көп адамдар бізді "сендер ақша аласыңдар, соған қызығып жүрсіңдер" деп айыптайды. Біздің қордағы еріктілердің көпшілігі 15-16 жастағы әлі қанаттары қатаймаған жасөспірім. Олар өздері студент бола тұра, шамалы ғана шәкіртақыларынан садақа беріп жүреді. Еріктілер тіпті жолдарыңа деп берген пұлды да алмайды. Осы жерде ащы болса да айтқым келеді, 30-дан асқан, ақыл тоқтатты-ау деген "азаматтар" істеген күнәларды, қателіктерді осы жастар түзеп жүр! Олар тастап кеткен балаларға бұлар пана болып жүр, олар мүгедек деп қарамай кеткен балаларды, Аллаһтың қалауымен бұлар емдеуге тырысып жүр. Сондықтан да аға буын ағаларымыз бен апаларымыздың "сендер ақша аласыңдар" дегені артық кеткені. Олар осыны түсінсе деген назымыз бар, - деді қайырымдылық қорының президенті, жиырма жастағы Жансая Каменова.
P.S. "Елу жылда ел жаңа" демекші, тәуелсіз Қазақстанның, жаңа заманның ұрпағы өсіп келеді. Олардың ойы мен пайымы өзгеше. Елі мен жерін мейірімділікпен қорғауға ниетті жастардың бойынан ерекше күш пен толассыз қуат көрдік. Олардың қайырымды істері басқа да жастарға үлгі болса деген тілек тіледік.