Алматы, BAQ.KZ. Алматы полициясы қалада «Борышкер» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатқанын мәлімдеді.
Аталған іс-шараның мақсаты - жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпас қағидасын қамтамасыз ету, жолдағы көліктің жүру тәртібін арттыру және салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу. Оған сот орындаушылар мен МКД қызметкерлері де жұмылдырылған.
Үш күн ішінде жалпы қарыз құны 1 миллиард 223 миллион 170 мың 004 теңгені құрайтын 21 көлік анықталды. 21 автокөлік мамандандырылған автотұраққа қойылған. Көлік құралдарының жүргізушілеріне 2 миллион 072 мың 686 теңге қарызы туралы хабарламалар берілді, – дейді, Алматы қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұраталиев.
Рейд кезінде «Lada Granta» автокөлігі тоқтатылған, оның иесі 1989 жылы туған Ф. есімді азамат тұрақты жол ережесін бұзушы және жалпы сомасы бір миллион теңгені құрайтын төленбеген айыппұлдары бары анықталған. Тағы бір автокөлік жүргізушісі, әкімшілік полицияның мәліметінше, бір апта ішінде жол қозғалысы ережелерін сегіз рет бұзған. Бұл жолы айыппұлдың мөлшері 119 мың теңгеден асты.