Айыппұлды уақытында төлемесеңіз не болады: Қарыз қалай өндіріледі?

Айыппұлды уақытында төлемесеңіз, қарыз жеке сот орындаушысына өтіп, банк шотына, жалақыға немесе мүлікке қатысты шара қолданылуы мүмкін. Қарызға қандай қосымша шығындар қосылады?

2 Қазан 2026, 17:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 2 Қазан 2026, 17:30
2 Қазан 2026, 17:30
116
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Айыппұл белгіленген мерзімде төленбесе, берешек мәжбүрлеп өндіріп алу кезеңіне өтуі мүмкін. Бұл жағдайда борышкердің банк шоттарына, жалақысына немесе мүлкіне қатысты шаралар қолданылуы ықтимал. Айыппұлды төлемеген жағдайда қарыз қалай өндіріледі және қандай қосымша шығындар туындайды? BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді.

Қазақстанда 24,9 млрд теңге берешек жиналған

Мемлекеттік кірістер комитеттің дерегінше, 2026 жылғы 28 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 6 865 заңды тұлға, жеке кәсіпкер және жеке практикамен айналысатын тұлғаның салықтар мен айыппұлдар бойынша берешегі болған.

Олардың жалпы берешек сомасы 24,9 млрд теңгені құрады.

Жыл басымен салыстырғанда айыппұлдар бойынша берешек сомасы 7,8 млрд теңгеге өсті. Бұл ретте бюджетке 1,9 млрд теңге өндірілді немесе берешек сомасы осы көлемде азайтылды, – делінген МКК жауабында.

Комитет берешектің негізгі себептерінің бірі салықтық тексерулердің нәтижесінде қалыптасқан қарыздар екенін атап өтті.

Айыппұл төленбесе, іс қайда кетеді?

Белгіленген мерзімде өтелмеген берешек бойынша алдымен борышкерге хабарлама жіберіліп, қарызды өтеуге мүмкіндік беріледі. 2026 жылғы тамыздан бастап кейбір берешектер бойынша, оның ішінде 40 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомаларға қатысты оңтайландырылған тәртіп қарастырылған.

Заңгер Әсел Қалыбайдың айтуынша, мұндай жағдайда құжат алдымен әділет органдарының ақпараттық жүйесіне түседі.

Құжат алдымен әділет органдарының жүйесіне түседі. Борышкерге SMS немесе мобильді қосымша арқылы хабарлама жіберіліп, орындау үшін 30 күн беріледі. Егер осы мерзімде борышкер қарызды өтемесе немесе онымен келіспейтінін білдірмесе, құжат жеке сот орындаушысына жіберіледі, – деді Әсел Қалыбай.

Осылайша, борышкерге берешекті ерікті түрде өтеуге немесе заңда белгіленген тәртіппен қарсылық білдіруге мүмкіндік беріледі.

Берешек жеке сот орындаушысына өткенде не өзгереді?

Құжат жеке сот орындаушысының өндірісіне түскеннен кейін оны орындауға қатысты мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.

Заңгердің түсіндіруінше, бұл кезеңде борышкер үшін айыппұлдың бастапқы сомасынан бөлек қосымша шығындардың туындау қаупі бар.

Жеке сот орындаушысының өндірісіне өткеннен кейін мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылуы мүмкін. Бұл ретте борышкер айыппұлдың өзімен қатар атқарушылық іс жүргізуге байланысты шығындар мен заңда белгіленген жеке сот орындаушысының қызмет ақысын төлеуі мүмкін, – деп түсіндірді ол.

Яғни берешекті уақытында өтемеу қарыз сомасының ұлғаюына алып келуі ықтимал.

Қарызға қандай қосымша шығын қосылады?

Жеке сот орындаушысының қызмет ақысы істің санатына және өндіріп алынатын соманың көлеміне байланысты есептеледі.

Әсел Қалыбайдың айтуынша, оның мөлшері 3%-дан 25%-ға дейін болуы мүмкін.

Жеке сот орындаушысының ақысы істің санаты мен өндіріп алынатын сомасына байланысты белгіленеді. Оның мөлшері 3%-дан 25%-ға дейін болуы мүмкін, – деді заңгер.

Бұдан бөлек, атқарушылық іс жүргізуге байланысты шығындар да туындауы мүмкін. Сондықтан айыппұлды кейін төлеу тек бастапқы соманы өтеумен шектелмеуі ықтимал.

Егер іс мәжбүрлеп орындату кезеңіне өтсе, борышкердің банк шоттарына қатысты шара қолданылуы мүмкін.

Атқарушылық іс жүргізу басталған жағдайда сот орындаушысы борышкердің банк шоттарына тыйым салуы мүмкін. Егер борышкердің тұрақты табысы болса, жұмыс берушіге тиісті қаулы жіберіліп, заңда белгіленген тәртіппен жалақысының 50%-на дейін өндіріп алынуы мүмкін, – деді Әсел Қалыбай.

Сонымен қатар борышкердің жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне қатысты да мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылуы ықтимал. Бұл ретте әлеуметтік төлемдер түсетін кейбір шоттарға қатысты заңда ерекше тәртіп қарастырылған.

Берешекке байланысты қандай әрекет жасау керек?

Заңгердің айтуынша, айыппұл туралы хабарлама келгеннен кейін оны елемей қоюға болмайды. Ең алдымен айыппұлдың нақты сомасын, оның не үшін салынғанын және қазір қай кезеңде тұрғанын анықтап алған жөн.

Егер азамат айыппұлмен келіспесе, оны белгіленген тәртіппен даулауға немесе қарсылық білдіруге болады. Ал төлем жасалмаған жағдайда іс мәжбүрлеп өндіріп алу кезеңіне өткен-өтпегенін тексеру маңызды.

Егер іс жеке сот орындаушысына беріліп қойса, борышкер атқарушылық іс жүргізудің нөмірін, өндірілетін соманы және оған қосылған қосымша шығындарды анықтауы керек. Сондай-ақ шоттарға немесе мүлікке қандай да бір шектеу қойылған-қойылмағанын білген жөн.

Борышкер ең алдымен хабарламаны елемей қоймай, қарыздың нақты сомасы мен істің қай кезеңде тұрғанын тексеруі керек. Егер берешекпен келіспесе, заңда белгіленген тәртіппен қарсылық білдіруге болады. Ал іс жеке сот орындаушысына өткен болса, атқарушылық іс жүргізудің нөмірін, қосымша шығындар мен қолданылған шектеулерді анықтап алған жөн, – деп түсіндірді заңгер.

Яғни айыппұл бойынша мәселені неғұрлым ертерек анықтап, тиісті әрекет жасау кейінгі мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары мен қосымша шығындардың туындауына жол бермеуге көмектеседі.

Наверх