Айыппұл да, апат та көбейді: Қазақстан жолында не дұрыс емес?  

Камералар көбейіп, айыппұл көлемі еселеп артқанымен, жол-көлік оқиғалары неге азаймай отыр? Маман пікірі.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 11:00
Бүгiн 2026, 11:00
172
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда жол қауіпсіздігі мәселесі жыл сайын өзекті болып келеді. Камералар көбейіп, айыппұл көлемі еселеп артқанымен, жол-көлік оқиғалары азаяр емес. Керісінше, статистика кері үрдісті көрсетеді. Бұл жағдай сарапшылар арасында «айыппұл қауіпсіздікті қамтамасыз ете ме, әлде тек бюджет кірісін арттыра ма?» деген сұрақты күн тәртібіне шығарып отыр.Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі экономист Ерлан Кәрімовтен сұрады.

Өсім бар, бірақ нәтиже жоқ

2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 300 млрд долларға жетті. Сонымен қатар, әкімшілік айыппұлдар көлемі 315,6 млрд теңгеге дейін артқан.

Соңғы 10 жылда айыппұл көлемі 5,5 есе өсті, жол-көлік оқиғалары екі есеге жуық артты, құқықбұзушылықтар саны 17,6 млн-ға жетті.

Бұл көрсеткіштер айыппұлдың алдын алу құралы ретінде тиімділігі төмендеп бара жатқанын аңғартады.

Экономист Ерлан Кәрімов жол қауіпсіздігі мәселесін тек айыппұлмен шешу мүмкін емес екенін айтады.

Біз айыппұлдың бюджетке түсімін ғана көріп отырмыз. Бірақ оның артында қаншама адам өмірі мен экономикалық шығын тұрғанын ескермейміз, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, адам өмірінің экономикалық құнын есептеу арқылы мәселенің ауқымын түсінуге болады.

Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ шамамен 15 мың долларды құрайды. Орташа еңбек өтілі 40 жыл деп алсақ, бір адамның экономикалық әлеуеті 600 мың долларға тең, - дейді ол.

Оның пікірінше, 2025 жылы жол апатынан 2 330 адам қаза тапқан. Осыған сүйенсек, тек өлім-жітімнің өзінен келетін шығын шамамен 1,4 млрд долларды құрайды.

Бұл тек тікелей шығын. Ал жарақат алғандар, мүгедектік, медициналық және әлеуметтік шығындар бұған кірмейді, -  дейді Ерлан Кәрімов.

«Сергек» жүйесінің шектеуі

Соңғы жылдары Қазақстанда бейнебақылау жүйелері кеңінен енгізілді. Алайда бұл жүйелер көбіне құқықбұзушылықты тіркеумен шектеледі.

Камералар фактіні тіркейді, бірақ апатты болдырмайды. Сондықтан тек жазалау механизміне сүйену – жеткіліксіз, - дейді экономист.

Құқықбұзушылықтар санының күрт өсуі айыппұлдың тәрбиелік рөлін әлсіреткенін көрсетеді.

Құқықбұзушылық жаппай сипат алғанда, айыппұл тәрбие құралы болудан қалады. Ол жай ғана жүйелі төлемге, яғни жасырын салыққа айналады, – деп есептейді сарапшы.

Экономистің пікірінше, Қазақстан «жазалау» моделінен «Vision Zero» қағидатына көшуі тиіс.

Айыппұлдан түскен қаражатты жол қауіпсіздігіне қайта бағыттау керек. Әсіресе, трассаларда қарсы бағыттарды бетон немесе металл қоршаулармен бөлу – ең тиімді шешімдердің бірі, - дейді Ерлан Кәрімов.

Бұл жол-көлік оқиғаларын азайтып, адам өлімін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Жол қауіпсіздігі тек тәртіп мәселесі емес, бұл – экономикалық және әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігі.

Егер біз экономиканы өсіргіміз келсе, әрбір азаматтың өмірін сақтау – басты басымдық болуы тиіс. Себебі адам капиталы – кез келген дамудың негізі, – деп түйіндеді экономист.

Наверх