Аймақтардың үні Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жетеді – Тоқаев

 Ақорда 24 Қыркүйек 2026, 12:45
24 Қыркүйек 2026, 12:45
134
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің маңызды міндеттерінің бірі аймақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Президенттің сөзінше, Кеңес құрамының үштен бір бөлігін аймақтардан келген өкілдер құрайды. Олардың қатарында мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері бар.

Халық Кеңесінің тағы бір маңызды міндеті – аймақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау. Өздеріңізге мәлім, Кеңестің үштен бір бөлігі – аймақтан келген өкілдер. Олардың қатарында мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері бар. Бұл – жергілікті жердегі мәселелер республикалық деңгейде көтеріледі деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Сенаттың жұмысын тоқтатуына байланысты өңірлердің мүддесі ескерусіз қалуы мүмкін деген сұрақ туындауы ықтимал екенін атап өтті.

Қоғамда “Сенат жұмысын тоқтатқан соң өңірлердің мүддесі ескерусіз қала ма?” деген сұрақ болуы мүмкін. Тіпті болған деп айтсақ та, қате емес. Бірақ, алаңдауға ешқандай негіз жоқ, – деді Президент.

Оның айтуынша, бұдан былай аймақтардың үні Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жетеді.

Аймақтардың үні бұдан былай Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жететін болады. Ауылда, ауданда, облыста нақты ісімен халықтың ықыласына, құрметіне ие болған азаматтар аз емес.
Халық Кеңесі осындай мықты тұлғаларды елге танытып, олардың қабілетін одан әрі шыңдауға мүмкіндік беретін мекеме болмақ. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәслихаттардың Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейтінін айтты.

Мәслихаттар Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар аймақтағы мәселелерді орталыққа жеткізіп, заңдарды жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын тұрақты түрде беріп отырады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Ұлы даланың тарихи ерекшелігіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазақ жері бағзы замандардан бері өркениеттер тоғысынан қуат алып, түрлі ұлттардың салт-дәстүріне, діні мен мәдениетіне құрметпен қарайтын ашық әрі ынтымағы жарасымды мекен болған.

Этномәдени бірлестіктер кәдімгі “достық керуені” іспеттес. Олар игі мақсатқа жету жолында сапарын үзбейді. Міндетіміз – ынтымақ-бірлікті нығайтып, шынайы достық пен толеранттылықты келесі ұрпаққа аманаттап қалдыру, – деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі бағыттарының бірін атады.

Наверх