Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында министр Асхат Аймағамбетов түлектер мен мұғалімдер тапсыратын тест бағасын 2 есеге түсіруді тапсырды.
Ұлттық біліктілік тестілеудің сынама тесті, Ұлттық бірыңғай тестілеу және магистратураға түсу бойынша дайындық тестілеу бағасы бойынша әртүрлі ақпарат алып жатырмыз. Біршама өзгерген. Әртүрлі аргументтерді де естіп келеміз. «Бұл міндетті емес», «бұл - дайындық тестер», «өз еркімен тапсыратын тестер», «міндетті тестер ақысыз» деген дәлелдер айтылып жүр. Бірақ бұл мәселелер ойға қонымсыз, - деп айтты министр.
Осы ретте Білім және ғылым министрі аталған мәселеге қатысты тапсырма берді.
Осы дайындық тестерінің бағасы екі есе азайтылсын. Оны қайтадан қараңыздар. Осы тапсырма бойынша тиісті жұмысты жүргізу керек. Өйткені дайындық тесті болса да, өз еркімен тапсыратын тест болса да, грантқа түсетін тест ақысыз болса да, оның бәрі түлектер мен мұғалімдер үшін қолжетімді болуы керек. Сол себепті оның бағасын 2 есе түсіруді тапсырамын, - деп тапсырма берді Асхат Аймағамбетов аппарат отырысында.