Аймағамбетов терезеден құлағалы тұрған баланы құтқарған оқушымен кездесті

14 Шілде 2022, 17:34
2395
Бөлісу:
Аймағамбетов терезеден құлағалы тұрған баланы құтқарған оқушымен кездесті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткелі тұрған баланы аман алып қалған елордалық мектеп түлегі Есдәулет Дәуітбековпен кездесті. 

Бұл туралы  Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Сондай-ақ кездесуге 17 жастағы батырдың анасы Әсемгүл Қабдықалықова да қатысты.

Аймағамбетов терезеден құлағалы тұрған баланы құтқарған оқушымен кездесті

Асхат Аймағамбетов Есдәулетке көрсеткен қайсарлығы үшін алғысын білдіріп, өзінен кішілерге көмек беруге және оларды қорғауға дайын болуы еліміздің барлық оқушысы үшін үлгі-өнеге екенін атап өтті.

Сізге көрсеткен қайсарлығыңыз бен батылдығыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Сіз оқушының мектеп қабырғасынан қалай түлеп ұшуы керек екенін дәлелдедіңіз. Осындай асыл, батыр азаматты тәрбиелеген ата-анаңыз бен ұстаздарыңызға алғыс айтамын. Президент бүгін мектептердегі буллинг фактілеріне алаңдайтынын айтқан еді. Сіздің бүгінгі ерлігіңіз лайықты үлгі болады. Жоғары сынып оқушылары да сіз сияқты кішкентайларды қолдауға және қорғауға әрқашан дайын болады деп сенемін. Сонымен бірге кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарынан олардың үйдегі қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударуын сұраймын, - деді ведомство басшысы.

Кездесу соңында Асхат Аймағамбетов Есдәулет Дәуітбековке алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ министрдің өтініші бойынша түлекке Алматыдағы Нархоз университетінде тегін оқуға грант берілді.

Жоғары білім беру сапасымен танымал және әлеуметтік қолдау көрсетуде белсенді позицияны ұстанатын еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі Нархоз университетіне алғысымыз шексіз, - деді Асхат Аймағамбетов.

Есдәулет Дәуітбековтің ата-анасы алты бала тәрбиелеп отырғанын айта кетейік.

Өзгелердің жаңалығы