Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Петропавл қаласында өткен тарих пәні мұғалімдерінің республикалық съезі кезінде айтты.
Министр барлық пән бойынша бағдарламаны жаңарту жұмысын басталғанын атап өтті. Сөзінше, бүгінгі күні республикалық жұмыс тобы құрылды.
Қазақстан тарихы бойынша ортақ базалық оқулық болады. Бұл мәселеге қатысты шешім қабылдадық. Қазіргі уақытта осы норманы заңға енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл тек Қазақстан тарихы пәні бойынша ғана болмайды, сонымен қатар ол Дүниежүзілік тарих пәніне де қатысты болмақ, - дейді бас ұстаз съезде.
Аймағамбетов бұл жұмыс әрі қарай да жүргізілетінін айтты.
Сонымен қатар типтік оқу бағдарламалары жаңартылады. Яғни қай сыныпта қай кезең оқытылуы керегін анықтап алуымыз маңызды. Мысалы, 5-сыныптың бағдарламасы бойынша ежелгі тарихты оқитын балалар жас ерекшеліктеріне байланысты көп тақырыпты түсіне бермейтінін жиі естіп жүрмін. Бүгін Қазақстан тарихы бойынша әңгімелерді 5-сыныпқа енгізу туралы ұсыныс айтылды. Ол дұрыс. Бірақ әрине оны талқылауымыз керек, - деп атап өтті ол.