Аймағамбетов қыркүйектен бастап оқушылар дәстүрлі форматта оқитынын айтты

11 Тамыз 2021, 10:43
21714
Бөлісу:
Аймағамбетов қыркүйектен бастап оқушылар дәстүрлі форматта оқитынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында айтты.

Оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталады. Ол 34 аптаны қамтиды. Тағы 4 апта жазғы мектепті құрайды. Мектептерде 3,6 млн бала оқиды. Жаңа оқу жылының басталуы туралы бұйрық пен әдістемелік нұсқаулық өңірлерге жіберілді. Жаңа оқу жылында балалардың денсаулығын сақтау үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптар барлық мектеп пен колледжде, ЖОО-да сақталады, - деді министр.

Аймағамбетов атағандай, білім беру ұйымдарындағы педагогтар мен оқушылар, студенттер маска тағуы керек.

Барлық ғимаратта дезинфекциялау тұрақты жүргізіледі. Оқушылар мен студенттер, педагогтар мен басқа қызметкерлер ғимараттарға Ashyq жүйесі арқылы кіреді. Жұмыскерлердің вакцина алуына да ерекше көңіл бөлінеді. Оған қоса мектептерде қосымша ауысымдар ұйымдастырылып, «бір сынып - бір кабинет» жүйесі жұмыс істейді. Барлық бұқаралық шараға тыйым салынады, - деді ол.

Министр оқу форматы туралы да айтып берді.

Жоғарыда айтылған талаптарды сақтай отырып, балабақшаларда 20-25 баладан аспайтын топтарға штаттық режимде жұмыс істеу ұсынылады. Өз кезегінде мектептердің 1-11-сынып оқушылары мен ЖОО, колледж студенттеріне дәстүрлі түрде жүргізу ұсынылады. Әрине, барлық санитарлық талап сақталады. Денсаулығы тәуекел топтарға жататын, ата-аналары немесе өздері коронавируспен ауыратын оқушылар уақытша қашықтан оқиды, - деді Аймағамбетов.

Сондай-ақ министр Білім күні 1-сынып оқушыларына ғана салтанатты шара өтетінін айтты. Оларға Әліппе табысталады.

Өзгелердің жаңалығы