Аймағамбетов: Қашықтан оқытуды Zoom-ға қосылу деп түсіну – қате

4 Маусым 2020, 14:27
2255
Бөлісу:
Аймағамбетов: Қашықтан оқытуды Zoom-ға қосылу деп түсіну – қате

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халық алдында есеп беру кездесуі барысында қашықтан оқу процесіне атсалысқан жалпы ұстаздар қауымына, ата-аналарға алғыс білдірді.

Өте қысқа мерзім ішінде жаңа жағдайларға бейімделе алдық. Проблемалардың жеткілікті болғанына қарамастан, оқу процесі тоқтаған жоқ. Ата-аналарға артылған жауапкершілік жүгінің басым болғанын мойындаймыз. Талай жұмыс атқарылды, сол үшін де алғыс. Ата-аналардың түсіністік танытуының және біздің әріптестеріміздің жұмысына белсенді араласуының арқасында біз оқу процесін тоқтатпай, қиын кезеңнен өте алдық, - деді министр.

Асхат Аймағамбетов қашықтан оқыту тек эфирге қосылуды білдірмейтінін айтты. Оның сөзінше, қашықтан оқыту басқаша болуы керек еді.
Негізінде, қашықтан оқыту деген басқаша болуы керек екенін түсінеміз, сондықтан, алдымызда осы тәжірибені, проблемалық сәттерді есепке алу міндеті тұр. Бұл киберпедагогика мәселелері және қашықтан оқыту дегенді біз тек барлық артықшылықтары мен кемшіліктері бар оқыту жүйесін стримге, зумға қосып, қашықтан оқыту деген – осы, деп ойлауға болмайды. Бұл мүлдем қате түсінік, - деді ол.

Министр тікелей эфир барысында министрлік алдында тұрған осы бағыттағы міндеттерге тоқталып өтті. 
Біз оқыту әдістемесі, қашықтан оқыту режимінде педагогикалық технологиялар, нормативтік реттеу бойынша, осы жүйеде қалай бағалау керектігі бойынша жұмыс жүргізуіміз керек. Педагогикалық және техникалық сипаттағы мәселелер аз емес, сондықтан, жазғы мезгілді біз осы мәселелерді шешу үшін пайдалануымыз керек. Әрине, коронавирустық инфекцияға байланысты карантиндегі жағдай жақсарады деп үміттенеміз және келесі оқу жылын мектеп қабырғасында бастаймыз, деп сенеміз. Дегенмен, қосымша сценарийге де дайындалуымыз керек. Осыған байланысты жазғы кезеңде педагогтар да, Білім министрлігі де, басқармалар да қажетті шаралар қабылдауы тиіс, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы