Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өмір сүру қанша жеңіл болса да, тағдыры ауыр жандар болады. Ғасыр күнделігі айдарының бұл жолғы кейіпкерінің де тағдыры сәби кезінен бастап тартысқа түскен.
Айгүл Ысқақова – белгілі ақын, филолгия ғылымдарының кандидаты, «ЕСЕП» партиясының құрамында болғаны үшін 25 жылға сотталған Бүркіт Ысқақовтың қызы.
Әке айдауда, шеше ерте қаза болды, бүкіл әулет қудалаудың құрығынан құтылмаған, тіпті қартайып қалса да туған нағашысы Доскей Әлімбаев та саяси зобалаңның ызғарынан құтыла алмады.
Балалық шағы тауқыметтің ортасында өтсе де Айгүл Бүркітқызының белі бүгілген жоқ.
Әкем қуғынға түсті. Тағатын бір ғана айыбы – ескілікті дәріптеді, деген жала. Иә, жоққа шығармаймын, батырлар, хандар туралы жазды. Атам Доскейдің де алғашқы поэмасы Кенесары хан туралы болған. Оның өзін жазылған соң бәлін жылдан кейін жарыққа шығарды. Сол үшін Доскей атамды да қуғындады. Әкем сотталған соң оның соңынан іздеп, шығармаларын жинақтау былай тұрсын, ағайын-туыстың өзі қорқатын болды – деп бастады әңгімесін Айгүл Ысқақова.
Әкесі қуғында жүргенде ҚарЛаг түрмесінде анасы қайтыс болады. Әкеден тірі, шешеден өлі айырылған 3 жасар қыз нағашыларын паналауға тура келеді.
Әкем 1951 жылы қаңтарда сотталды. Мен ол кезде үш жаста екенмін. Анам сол жылы жазда қайтыс болыпты. Есімде ештеңе жоқ. Анамның кім екенін де білмей өстім. Бір ғана білерім – қай жерім ауырса да, әйтеуір қатты ауырғанда түсіме бір әйел адам кіреді. Ақ жаулығы бар, қасына таясам болды, кеудемнен итеріп, маңына жолатпайды. Бір күні анамның сіңілісіне түсімде көретін әйелді сипаттап беріп едім, ол бірден «анаң дәл сондай болған» деді. Анамды көргенім сол – дейді біздің кейіпкер.
Анасы туралы ол белгілі ғалым Серік Негимовтің естелігінен біледі. Нағашылары жас қыздың жанына жара салмау үшін, барлығын жасырып ұстаған.
Кек сақтап, көңіліне алып қалмасын, жасы келіп, ақыл тоқтатқан соң өзі танып алар деген оймен нағашыларым маған анам туралы, әкем туралы, олардың өмір жолы қандай болғаны туралы ештеңе айтқан емес. Өзім орыс мектебінде оқыдым. Сол қалпы орыс тілді болып келдім. Қазақ тілін бертін, жасым егделеген соң ғана үйрендім. Оның өзінде Қазақ радиосына қызметке келгеннен бастап қана қолға алдым – дейді Айгүл Бүркітқызы.
Біздің әңгімеміздің негізгі өзегінің өзі кейіпкеріміздің Қазақ радиосында істеген жылдары жайлы ой бөлісу болатын. Сондықтан да көкейімізде тұрған сауалды қойдық. «Радиоға қалай келдіңіз?»
Әубаста Қарқаралыдан аспирантураға келгемін. Оқуға түстім, бірақ өзім ойлаған тақырыпты қорғауға бермеді. Ілияс Есенберлиннің тарихи романын сұраған едім. Бірақ Рахманқұл Бердібай ағамыз оны бермеді. «Ол тақырып қыз балаға ауыр болады, оны жігіттер жағына қалдырайық, сен басқа тақырыптан қорғарсың» - деді ағамыз. Менімен қатар радиода, телеарнада диктор болып істеген Тыныс Өтебаев деген азамат та аспирантураға түсті. Маған бермеген тақырыпты сол жігітке ұсынып еді, ол алмады. Маған «Қазақстандағы орыс жазушылары» деген орыс тіліндегі тақырып тиді. Тіпті өзім мүлде ұнатпайтын Иван Шуховтың өмірі мен шығармашылығын талдауды тапсырды – деп Айгүл Ысқақова өзінің Қазақ радиосына қалай келгенін тәптіштеп түсіндіре бастады.
Иван Шухов жас аспирантты тым жылы қабылдай қойған жоқ. «Мені зерттеуді бастайтындай, біріншіден – әлі тірімін, екіншіден – әлі де берерім бар, жаспын» деген емеуірінді айтқызбай түсінсе де Айгүл Бүркітқызы алған бетінен қайтпады.
Ол кезде Шухов 50-60-қа енді келген еді. Бір сөзбен айтқанда ол маған ұнамады, менің де оған ұнай қойғаным шамалы. Әрі ол менің өз еңбегін талдап шығатыныма күмәнданды. Тіпті өзін қазақ ұлтының адамы зерттегенін қаламайтынын аңғартты. Сосын бәрін тастадым да кеттім – дейді ол.
Аспирантураны тастап кеткен соң Алматыда жан бағу керек қой. Ауыл алыс. Телеарнада жұмыс істейтін құрбысына мән-жайды айтады. Ол бірден телеарнаға жұмысқа келуге шақырады.
Мен барған кезде дикторлыққа конкурс өтіп жатыр екен. Қатыстым. Сол жерде жастайымнан орыс мектебінде оқып, қазақ тілін толық меңгермегеніме өкіндім. Қазақша орыс акцентімен сөйлегендіктен, диктор бола алмай қалдым. Бірақ сол телеарна саласында 8-9 ай жұмыс істедім. Соңынан телеарна маған қол болмайтынын түсініп, өз еркіммен жұмыстан кеттім – дейді кейіпкеріміз.
Телеарна басшылығы Айгүлді Ленинградқа телесценарий жазу курсына жібермек болады. Алайда жас қыз бас тартады. Тіпті жұмыстан кету себебін сұрағанда «бұл жерде бұдан ары жұмыс істесем, бұзылып кетемін» деп жауап берген.
Жаспын ғой. Ештеңенің байыбына бармадым. Тіпті сол бірге істеген әріптестерімнің көңіліне келеді деп ойламаппын. «Жұмыстан кету себебіңізді жазыңыз» дегенде «бұдан ары бұл жерде жұмыс істесем бұзылып кетемін» деп жазып беріппін. Бірақ, шын мәнісінде маған ұнамаған еді. Өзіңе ұнамайтын жерде жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен телеарна басшылығы бірден айтты, «Сені бұндай көзқараспен, бұндай пікірмен басқа жаққа жұмысқа жібере алмаймыз. Бұл сөз басқа жаққа тарап кетсе, елдің бәрі «телеарна сондай екен» дейді ғой. Сондықтан міне қасымызда Қазақ радиосы бар, қай редакцияны таңдайсың, соған жұмысқа бар» деді. Олардың маған Қазақ радиосын ұсынуының да өзіндік себебі бар. Әкем де шешем де сол жерде журналист болған. Соны айтқан едім бірден Музыкалық редакцияға редактордың көмекшісі ретінде жіберді – деп еске алады Айгүл Ысқақова.
Бала кезден әжесі құлағына сіңірген «әртістер жаман адамдар» деген ұғымнан әлі арыла алмай жүрген қаршадай қыз, өзі ұната бермейтін әртістердің ортасына топ ете қалады.
Тым болмаса әдеби редакцияға бармағанымды қарашы деп жүріп, редакциялар арасындағы қызметкер ауысуға болатынын естіп, басқа редакцияға ауысуға бел будым. Ол кезде КСРО республикалары арасында радиода хабар алмасу жүрілетін. Мысалы Украина біз туралы, біз олар туралы хабар жасаймыз дегендей. Маған сол ұнады. Соған ауысайын деп ойладым. Өзіміздің еліміздің әдебиетін, мәдениетін, тарихын насихаттайтын бағдарлама дайындауың керек. Осы ойымды радионың басшысына айтайын деп қабылдау бөлмесінде кезек күтіп отыр едім қасыма бір кісі келді. «Қабылдауға келіп отырсың?». «Иә». «Қазақша түсінесің бе?». «Түсінем, бірақ сөйлеу қиындау, орыс тілінің маманымын». «Тіпті жақсы, бізге орыс тіліне аударатын аудармашы керек». Алдымызда «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан» – Е.Ж.) газеті жатқан. Содан 5 сөйлем аударып беруге тапсырма берді – деп еске алады өмір жолын Айгүл.
Бес сөйлемді 5 минутқа жеткізбей аударып береді. Мұның жылдамдығы мен сауатына тәнті болған бейтаныс жата жабысады.
«Бізде Нұрсұлтан Әлімқұлов деген атақты ақын жұмыс істеген еді. Бір аптадан бері сырқаттанып қалып, аударма ісі тоқтап тұр. Біздің редакция өте маңызды редакция. Өте танымал адамдар жұмыс істейді. Бәрі өз ағаларың. Қызымыздай қараймыз, әлі жассың, ағаларыңнан үйренерің көп» - деп бастырмалата жөнелді. «Қазақша тым жақсы түсіне қоймаймын, бәлкім, мынаны дұрыс аудармаған шығармын?» - дедім. «Жоқ, тура солай аударылады. Бізге де өзіңдей сауатты аудармашы керек». Не айтарымды білмедім. Ол кезде Қытай мен Кеңес үкіметі арасы тым жақсы болмай жатқан кез. Біз Қытайдан тарайтын радио-хабарларды тыңдап, оны сараптап, аударып, Мәскеуге жіберетін едік. Бір сөзбен айтқанда «тыңшының» жұмысын атқаратын едік – деп еске алады кейіпкеріміз.
Сол жылдары радиода қазақша-орысша хабар жасайтын журналистерден бөлек әлемнің бірнеше тілінде ақпарат дайындайтын тіл мамандары болған. Қытай тілі, ағылшын тілі мамандары бар еді. Айгүл Ысқақованы ат-түйедей қалап, аудармашы бол деп қолқа салып отырған бейтаныс оны ақыры «Атамекен» бағдарламасын дайындайтындардың сапына қосады.
Мен келген кезде «Атамекен» бағдарламасы тек қазақша-орысша ғана жүріледі екен. Редакциядағы жұмыс істейтін азаматтың бәрі қазақ. Маған жұмыс бірден ұнады. Аудармашы болып орналастым. Көбінде өзге ұлт өкілдерімен жұмыс істедім. Сол кезде балалығым ғой, редакцияда жұмыс істейтін азаматтардың бәрі үлкен кісілер болып көрінеді. Қазір ойлап отырсам 35-40-тың айналасындағы жігіттер екен. Сол жерде журналистік жолды бастадым. Сол жерде шығармашылықтың не екенін түсіндім. Әсіресе маған ұнаған – біздің редакцияға шетелде тұратын қандастардан хат көп келетін еді – дейді Айгүл Ысқақова.
«Шетелдегі қазақтар» дегенді естігенде елең ете қалдық. Жасыратын несі бар, өзіміз де Атажұртқа оралғандардың қатарынанбыз ғой.
Бізге шеттегі қандастарымыздың көп келуінің бір сыры – сол кездегі біздің журналистердің шетелге таралатын хабарларда Қазақстанды көбірек мақтауында болар. Біз шетелге таралатын хабарды дайындап, орысшаға аударып, оны Мәскеудің тексеруіне жіберетінбіз. Мәскеу мақұлдаса халықаралық эфирге кетеді. Ол кезде бізге ең көп хат жазатын Қытайда тұратын қандастар еді. Одан кейінгі орында Моңғолия қазақтары тұрды. Сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтардан хаттар келіп жататын. Тіпті, Австралия мен Ватиканнан, Норвегиядан үшбу сәлем келетін. Кейін біз ағылшын, түрік, неміс, әзербайжан, татар тілдерінде хабар жасайтын болдық. Сол кезде хаттардың ілегі тіпті көбейді – дейді өзінің Қазақ радиосында қызмет атқарған жылдарын еске алған кейіпкеріміз.
Дүниежүзіндегі мемлекеттік радионың бәрін тыңдайтын. Қай елде қандай хабар дайындалып, эфирден қандай бағдарламалар берілгенінің барлығына сараптама жасап отыратын. Соның ішінде сол кездегі Кеңес үкіметіне, Қазақстанға қатысты деген ақпараттарды топтастыратын. Осы жұмыспен үздіксіз айналысқан Айгүл Бүркітқызы 10 жылдан кейін бөлім меңгерушісі болып сайланды.
Ол кезде елге келген шетелдегі қандастар бірінші радиоға келетін. Қытайдан келген қазақ жастары әуелі радионы іздеп тауып алғанын білемін. Радиоға келген шетелдік қазақтарды бәріміз кезек-кезек үйге қонаққа шақырып, Тәуелсіздік алып, шекара ашылып, олар елге көшіп келгенге дейін, тіпті күні бүгін араласып тұратындарымыз бар – дейді Айгүл апай.
Осы орайда біздің көкейге тағы бір сұрақ тіреле қалды. «Әкесі «ЕСЕП» партиясын құрып, өмір бойы қудалаудан құтыла алмады. Нағашы атасы әйгілі Доскей ақын өмір бойы аузынан Алласы түспеген діндар. Өзі Мәскеумен тікелей жұмыс істейді. Сонда ата-тегі қызметіне кедергі келтірмеді ме екен?» - деген ойды жасырмадық.
Иә, атеист деген сөзді түсінбегенім үшін және Аллаға сенетінімді айтқаным үшін комсомол қатарына алынбадым. Оған өкінген де емеспін. Ата-әжемнің қолында өскендіктен, мұмылманшылықты толық сезініп өстім десем болады. Ал әкем жайлы, «ЕСЕП» партиясы жайлы радиода істеп жүрген кезде мүлде естіген емеспін. Өйткені әкем 1990 жылы Кеңес үкіметі құлаған соң өмірден өтті ғой. Өзім 50-ге келгенде ғана «ЕСЕП» партиясы жайлы естідім. Оны еститін себебім, «ЕСЕП-те» бірге болған әкемнің досы мені іздеп тапты. Ол бұрын мені қайтыс болған деп естіп, сол қалпы іздемеген екен. Ол кісінің өлді деп естуінің де өз себебі бар, мен екі рет «клиникалық өлім» болған. «Атамекен» редакциясының 25 жылдығында ұжым болып телеарнаға түскеміз. Сол жерде жаңағы әкемнің досы көріп қалып, Жазушылар одағына өтініш жасапты, «сол қызды тауып беріңдер» деп. Сол арқылы тауып, үйге келіп, қазірге дейін араласып тұрамыз – дейді Айгүл Ысқақова.
Кездесе қалғанның бәрі Айгүлмен орысша сөйлесетін. Тіпті шетелден келген қандастардың өзі тілін бұрап орысша амандасуға тырысатын еді. Бұларың не десе, «сізді көрсек орысша сөйлегіміз келіп тұрады» деп қалжыңдайтын. Бұл Айгүл үшін үлкен қасірет еді. Бірақ, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы Айгүлдің санасына да үлкен сілкініс әкелді.
Мен жастайымнан орыс мектебінде оқыдым ғой. Одан кейін «Атамекеннің» орыс редакциясында аудармашы болдым. Әбден орыс болып кеткен едім. Мінезімнің өзі соларға ұқсап кеткен. Бірақ Желтоқсандағы бір оқиға санама қатты әсер етті. Біз тікелей Қауіпсіздік комитетінің бақылауында жұмыс істедік. Желтоқсан оқиғасы кезінде біреу менің сыртымнан жоғарыға домалақ арыз беріпті. «Әкесі де Кеңес үкіметіне қарсы жұмыс істеп, қуғынға ұшыраған, қызы да сол әкесінің ісін жалғастырады» - деген сыңайда. Мен барды бар, жоқты жоқ, ұнамайтынға ұнамайсың деп бетіне тура айтатын едім. Соным жақпай қалған болуы керек. Ол кезде мен қатардағы аудармашы едім. ҰҚК-ден Телерадио басшысы Сағат Әшімбаевқа хабарлапты. «Біз ол қызды білеміз. Қолымызға Қазақ радиосынан осындай хат келіп тұр. Егер ол тиісті адамдардың қолына тисе, қыздың тағдырына обал болады ғой. Хатты алып кетіңіздер, кім жазды, не үшін жазды, өздеріңіз тексеріп, шара қолданыңыздар» - депті Ерошников деген кісі – деп еске алады Айгүл.
Сағат Әшімбаев хатты алдырып, Айгүл Ысқақованы қасына шақырып, көзінше оқып береді. Айгүл хатты кім не үшін жазғанын жақсы білетін.
Бірден айттым, хатты кім не үшін жазғанын. Сағат аға бетіме қарады. «Енді не істейміз?». «Ертең жұмысқа барған соң оның басын шауып тастаймын, басқа амалым жоқ!». «Қой, қарағым, үйге бар да, демал. Ертең жұмысқа шықпай-ақ қой. Бүрсігүні жұмысқа келерсің, бәрі дұрыс болады». Әңгіме осымен бітті. Бірақ, бір шаруаларым бар еді, шыдай алмай ертеңінде жұмысқа келсем, редакциядағының бәрі алдымнан шығып, құшақтап, сүйінші сұрап жатыр. Не болғанын түсінбей қалдым. «Біздің бастықты алып тастады, енді ең тамаша адам – Сәркен Оспанов ағамыз келді» дейді әріптестерім – дейді Айгүл Ысқақова.
Айгүлдің әкесі Бүркіт Ысқақов 1990 жылы қайтыс болған. Ал 1986 жылы Қазақ радиосы ғимаратының терезесінен алаңдағы оқиға алақандағыдай көрініп тұр. Осыны ойлап отырып, көкейімізге бір сұрақ келді. Өмірі қуғынмен өткен әке қызына қандай да бір ескерту жасап, «алаңға барма» дегендей шектеу жасады ма екен? Бұл сұрағымызға кейіпкеріміз ойлана отырып жауап берді.
Мен 1986 жылғы алаңдағы оқиғаның топ ортасында жүрдім. Әрине, көз алдыңда өтіп жатқан дүниеге бей-жай қарау мүмкін емес. Алғашқы күні барып қайттым алаңға. Екінші күні әкем үйге келді. Қолында бір папкасы бар екен. Қасыма келді де, «Балам, саған бір өтінішім бар» - деді. Бетіне қарадым. Біз аса араласа қоймайтын едік. Әкемді Бүке дейтінмін. «Саған екі өтінішпен келіп тұрмын. Бірінші – айналайын, алаңға барушы болма! Оларды қолдайсың ба, қолдамайсың ба, пікіріңді айтушы болма! Бізді шақырып, тексере бастады» - деді. Олжас Сүлейменовтен бастап тергеп, сол кезде Жазушылар одағын қоршап алғанын естіген едім. Өзім де әкеммен кездесейін деп ойлап жүргем. Кесірі тиіп кете ме деп алаңдадым. Себебі сол көтерілісті ұйымдастырушыларды іздеп жатқан. Ал әкем онсызда олар үшін «саяси сенімсіз» адам. Бүкең екінші өтінішін де айтты. «Мен лагерде айдауда жүргенде жазған біраз дүние бар. Мынау сол қолжазбалар. Сақтағайсың. Мен білмеймін, бүгін не болатынын, ертең не болатынын. Бір заманы келеді ғой. Соған дейін сақтап, мүмкіндігің болған уақытта жарыққа шығарарсың» - деді. Әке өтініші маған өтініш емес, аманаттай сезілді. Әсіресе соңғысының салмағы тым ауыр еді – деп еске алады Айгүл.
Әке аманаты өзі өлген соң, Айгүл зейнетке шыққан соң бірақ орындалды. Онда да табанды қыздың жігерінің арқасында жүзеге асқан. Өзі зейнетке шыққан соң он жылын әкесінің, анасының, атасының шығармашылығына арнағанының нәтижесінде бірнеше кітап жарыққа шықты. Осы кітаптардың қазақ тілінде шығуына мүмкіндік жасаған Қазақ радиосына рахмет дейді сөз арасында кейіпкеріміз.
Қазақ радиосына рахмет. Соның арқасында мен қазақша үйрендім. Осы кітаптардағы мәліметтерді, қолжазбаларды түсінуіме, оқуыма Қазақ радиосында жүргенде үйренген қазақ тілі көп көмектесті. Радионың арқасында осы дәрежеге жеттім. Өзім жалғызбасты болсам да, радиодағы әріптестерім мені жалғызсыратқан жоқ. Қуанышым да, қайғым да, жетістігім де сол радиомен бірге болды. Онда қызмет істейтін, қызмет істеген қыздардың бәрі менің әпке-сіңлілерім секілді. Тіпті қазіргі күнде редакцияға барсам, жастардың өзі өте жақсы қарсы алады – дейді Айгүл Ысқақова риза кейіппен.
Радиода қызмет істеген кезін сағынышпен еске алған Айгүл Ысқақова «Менің бүкіл өмірім радиомен тікелей байланысты» - дейді.
Радио мені асырады. Маған баспана ғана берген жоқ, басқаның бәрін берді. Менің радиоға бергенім аз, керісінше, алғаным ұшан теңіз. Адами тұрғыда да, рухани тұрғыда да мен радиоға қарыздармын. Бірақ мен радиодан ештеңе сұрамаппын. Тіпті қызметімнің соңғы 20 жылында тиісті еңбек демалысымды да алмаған екенмін. Осы радиода жұмыс істеу арқылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымызбен байланыс орнаттым. Тіпті Қытайда тұратын туыстарымды да осы радио арқылы таптым – дейді ағынан жарылған апайымыз.
Шетелдегі қандастар демекші, Тәуелсіздіктен бұрын шетелдегі қандастардың атамекенмен байланысы бір ғана Қазақ радиосы болды. Оның ішінде «Атамекен» редакциясы еді деп еске алады Айгүл Ысқақова.
Тәуелсіздік алып, Елбасы арғы-бергі шетелдегі қандастарымызды елге шақырғаға дейін шеттегі қандастармен байланыс құралы біз ғана болдық десем артық айтқаным емес. Әңгімеміздің басында да айттым ғой, олар бізге үнемі хат жазып тұратын. Бір ғана жайтты айтайын. Біз өзімізді бақытты санадық. Біз деп отырғаным Кеңестік кезеңдегі адамдар ғой. Ешбір шетелге шыққан жоқпыз. Себебі біздің редакцияның талабы сондай еді. Екі шұжық пен екі келі ет берсе өзімізді шала байығандай сезініп жүрдік қой. Сөйтіп жүріп, біз біздің елде өмір керемет деп хабарлар дайындайтын едік. Медицина тегін, оқу тегін, т.б. деген секілді жақсы жақтары да болды ғой. Бірақ, зейнетке шыққан соң Қытайға барғанда біздің әлеуметтік жағдайымыздың олардан мүлде төмен болғанын түсіндім – дейді ардагер журналист.
Кейіпкеріміздің «шетелдегі қандастар үнемі хат жазып тұратын» деген сөзін естігенде «олар не жайлы жазды екен?» - деген қызығушылық көкейге келді.
Олар көбінде бізден түрлі нәрсе, түрлі ақпарат сұрайтын. Өзі туралы қысқаша ғана мәлімет беретін. «Қойшының баласымын. Отбасымызда осынша адам бар» - деген секілді. Бірақ ешқашан саяси әңгіме айтпайтын. Керісінше бізден саяси жағдайларды біліп, саяси ахуалдан хабардар болғысы келіп тұратынын сезетінбіз – дейді Айгүл Ысқақова.
Осы жерде біздің ойымызға «бұл ауылдағы бір қойшы болып жазып отырған Қытайдың барлаушыларының бірі болуы мүмкін ғой» деген күмән келе қалды. Және бұл күдігімізді кейіпкерімізден де сұрап үлгердік.
Қарапайым журналистерге, яғни бізге оның кім екенін ешкім ашып түсіндірген емес. Бірақ біздің редакция ҰҚК-нің қарамағында жұмыс істегендіктен, олар қай хаттың қайдан келгенін, кім жазғанын тексеріп отыратын. Себебі біздің редакцияға келген хаттың бәрі Сыртқы барлауда тіркеліп, содан бізге оқуға беретін, біз оқыған соң басшылыққа қайтарып беріп отырдық. Тіпті кейбір хаттың мазмұнын аударып, Мәскеуге жіберетінбіз – дейді ол.
Осы кезде қызығушылығымыз тіпті арта түсті. Себебі, әңгімеміздің басында «Атамекен» редакциясында ағылшын, қытай, орыс, араб, неміс т.б. тілдерде хабар жасайтын арнайы мамандар жұмыс істегенін айттық. Ал Қытайдағы қазақтар күні бүгін Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиімен жазады. Демек редакцияда төте жазуды оқитын да мамандар болған ғой.
Иә, Қытайдан келетін хаттың барлығы дерлік төте жазумен жазылып келетін. Ара-тұра ғана крилшемен не латын графикасымен жазылған хаттар келіп тұратын. Әрине, біздің редакцияда ағылшын, қытай, неміс тілдерін біліп, оқып, жаза алатын мамандар болғаны секілді, төте қазақшаны да оқып-жаза алатын мамандар болды. Еуропаның қазақтары тек ағылшын тілінде ғана жазатын – дейді ол.
Кеңес үкіметі тұсында құр мақтанудың, тіпті әлемдік деңгейде мақтанудың талай үлгісін естідік қой. «Атамекен» редакциясына әлемнің барлық елінен хат келетінін естігенде біздің ойға тағы бір күмән келді. «Сол кездегі ҰҚК қызметкерлері шетел адамы болып редакцияға өздері хат жазып отыруы да мүмкін ғой?». Бұл күмәнімізді айтқанда Айгүл апайымыз күлді.
Өзім адалдықты ту етіп жүргендіктен бұл жайлы ойланып көрмеппін. Бірақ біздің арамызда ҰҚК адамы бар екенін білетінбіз. 1986 жылы менің үстімнен жоғарыға домалақ арыз жазғандардың бірі сол біздің арамыздағы ҰҚК қызметкері еді – деді ол.
«Радиода жүрген кезде біреуге қарызбын-ау деп, біреудің алдында кінәлімін-ау деп ойлаған кезім болмапты. Бірақ, әділет қайда болса, мен сонда едім» – деп еске алады кейіпкеріміз. Дегенмен, пенде болған соң қателесуге, әділетті жақтаймын деп тіке айтып, көңіліне тиюі заңды құбылыс.
Өзімді Сағат Әшімбаевтың алдында кінәлі сезінемін. Ол да сол бірбеткейлігімнен, әділетшілдігімнен болды. Бір жылы Сағат Әшімбаев пен Гүлжан Ерғалиева және біздің радионың директоры үшеуі Бостандық ауданынан депутаттыққа таласатын болды. Сағат марқұм – Телерадионың басшысы, Гүлжан – Жастар редакциясының бас редакторы. Сағат Әшімбаев – Жоғарғы Кеңес депутаты, Гүлжан Ерғалиева – Неведа-Семей қозғалысына қатысқан, Семей полигонын жабуға ықпал еткендердің арасында болған қоғам қайраткері. Оның сыртында өте беделді журналист. Сол кездегі жастың бәрі Гүлжанды танитын. Ал Бостандық ауданы жастардың ауданы. Мен бірден Гүлжанды қолдадым. Бәрі маған қосылып, Гүлжанды қолдап шулап кетті – дейді Айгүл Ысқақова.
Бірақ іс мұнымен бітпеген екен. Енді дауыс беретін кезде дауыс ұрлау болады. Сол кездегі райком хатшысы байқатпай бірнеше бюлетенді қарсы жәшікке тастағалы жатқанда Айгүл байқап қалады.
Соны байқаған соң, мен дауыс беру жәшігінің қасына тұрып алдым. Маңайымдағылардың бәрі маған, «Айгүл, саған не болды?» дейді. Мен Гүлжан үшін, әділеттің жеңгенін қалаймын дедім. Бір кезде Сағат марқұм қасыма келіп, иығымнан құшақтап, «Жарайсың, Айгүл! Әкеңнің қаны бар екен. Әділеттік үшін нағыз жанпида екенсің!» - деді. Ол – Төраға, мен – оның қоластында істейтін қарапайым аудармашымын. Әйтеуір ақырында Гүлжан жеңді. Ол келіп маған алғыс айтып жатыр. Мен оны телеарналардан көргенім болмаса, бетпе-бет танымайтын едім. Керісінше әкесі – Хамит Ерғалиевті, шешесін жақсы танитын едім – дейді Айгүл апай.
Әңгіме соңында Айгүл Бүркітқызы, «қанша жыл осы салада жұмыс істесем де, журналистикам мен әдебиетшілігім таласқа түскен жоқ. Бірақ өз жаныма жақыны – әдебиет» - дейді.