Әйгілі «Дос-Мұқасан» туралы халыққа арналған фильм

4 Қазан 2022, 11:20
6784
Бөлісу:
Әйгілі «Дос-Мұқасан» туралы халыққа арналған фильм
PHOTO VIDEO
Фото: Фото: kazakhcinema.kz

Көптен күткен «Дос-Мұқасан» фильмі үлкен экранға жол тартты. BAQ.KZ тілшісі кинокартинаның тұсаукесерінен кейін түсірілім тобымен және әйгілі ансамбльдің мүшесі Досым Сүлеевпен сұхбаттасты.

Фильм прокатқа шықпай жатып-ақ сыншылар тарапынан көптеген оң пікірге ие болып үлгерді. Сонымен қатар аталған туынды биылғы халықаралық «Baiqonyr» кинофестивалінің шымылдығын ашты. Картина аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің қалай құрылғанын, жүріп өткен жолын, жетістіктерін баяндайды. 

Жастық шағым еске түсіп көзіме жас алдым – Досым Сүлеев

Досым Сүлеев – фильмнің ресми кеңесшісі. Түсірілім командасы фильм түсіруге рұқсатын алғанда батасын беріп, ақ жол тілеген. 

Ансамбль тарихын баяндадым. Қолымда бар фотосуреттерді, газеттерді, бейнебаяндарды, деректі фильмдердің бәрін көрсеттім. Киген костюмдеріме, ойнаған саксофоныма дейін бердім. Түсірілімге бір рет қана шақырды. Мені сомдаған актермен таныстым. Жас кезімізге ұқсас тамаша жігіттерді таңдапты. Дос жас кезімдегідей өте сымбатты жігіт екен. Басқа жігіттердің де түрі келіп тұр. Құрманай, тіпті, өзінен аумайды – деді Досым Сүлеев фильмнің тұсаукесерінде. 

Әйгілі «Дос-Мұқасан» туралы халыққа арналған фильм

Ол «Дос-Мұқасан» осындай деңгейге сол кездегі жастар жеткізгенін, үлкендер бастапқыда мүлдем түсінбегенін айта кетті. Тіпті, Жазушылар одағындағы белді жазушылардың өзі ансамбль мүшелерінің өнерін сынаған. 

Бес жыл ішінде атымыз дүркіреп, Минск қаласында бүкілодақтық байқауда, Берлин қаласында дүниежүзілік анамбльдер арасындағы сында лауреат атағын ұтып алдық. Сол кездегі ең мықты марапат – Ленин комсомолы сыйлығына ие болдық. Осыншама жетістікке жетіп, өнердің шыңына шыққан соң ғылымға бет бұрып, аспирантураға түстім. Жігіттер өнерді жалғастырып, «Дос-Мұқасан» кәсіпқой ансамбльге айналып, қазірге дейін тыңдарманын қуантып келеді. Сол уақытта ансамбль жастардың рухын көтеріп, сана-сезімін байытып, патриоттық сезімдерін оятты. Қазақстанда ғана емес, Кеңес одағында нөмір бірінші ансамбль болдық. Бізден кейін ансамбльдер көбейді, – деп еске алды Досым Сүлеев.

Әйгілі «Дос-Мұқасан» туралы халыққа арналған фильм
Фильмдегі Досым Сүлеев

Досым Сүлеев – ансамбльдің ең бірінші жетекшісі. Ғылым жолына түбегейлі бет бұрғанымен ансамбльге арнап ән жазып тұрған.

Тарихта атымыз қалды. Теледидар, газетке шықтық. Ал бұл  фильм деген көркемсурет, ғұмыры мәңгі. Басқа ұрпақ «Дос-Мұқасанның» кім екенін біледі. Түсірілім тобының тарихты бұрмаламағаны, хрониканы сақтағаны ұнады. Көркем фильм болғандықтан кей тұстарына өз ойларын қосқан. Ансамбль тарихын жүз пайыз көрсеткен. Фильмді көргенде жыладым. Сол кездер еске түсті. Аспирантураға түскеннен кейін «Жан досым» әнін жазып жібердім. Мәскеуге келіп, алғаш рет орындағанда жыладым. Құрманайдың дауысы тамаша ғой... Музыка мен ғылымның бірін таңдау өте қиын болды. Өнерде де, ғылымда да жетістікке жеттім. Өкінбеймін, – деді ол.

Әйгілі «Дос-Мұқасан» туралы халыққа арналған фильм
Фильм кадрларының бірі

Досым Сүлеев ансамбльде нота білетін, музыкалық сауаты бар адам бастапқыда жалғыз өзі болған. Басқа жігіттерге білгенін үйретіп, әнді екі дауысқа жазып, нотаға түсіріп бастаған. 

Ол кезде орысша айтпасаң ешқайда жібермейді. Бір-екеуін орысша айтамыз да, қазақша халық әндерін айта жөнелеміз. Бірінен бірі өткен тамаша әндеріміз болса да, байқауға жіберсін деп «Соловьи России» сияқты әндерді айттық. Кезінде жағдай солай болды, – деді Досым Сүлеев.

Қазақи болмысты өнер ғана бере алады – Айгүл Байбек

Фильмді «Aray Media Group» студиясы түсірген. «Дос-Мұқасан» өмірбаяндық көркем фильмінің бас продюсері – Айгүл Байбек. Ол бұл идея 2018 жылы атақты Queen тобы туралы «Богемская рапсодия» фильмі шыққанда келгенін айтты. 

Жыл аяғында әрбір ұжым жоспар құрады. Портфолиомызда сериалдар, дубляждар бар, бірақ толықметр жоқ. Queen жайлы фильмді көріп «неге өзіміздің «Дос-Мұқасан» жайлы түсірмеске?» дедік. Бүгін арманымыз орындалды. Продюсер болған соң мың рет көрген шығармын. Музыкалық фильм болғаннан кейін дыбысы мінсіз болуы керек. Қаншама рет кинотеатрда дыбысын тексеріп көрдік. Жастар кәсіби, болашағы бар кино деп бағалап жатыр. Авторлық фильм емес. Ішкі нарыққа, халқымызға арнап шығардық, – деді Айгүл Байбек. 

Әйгілі «Дос-Мұқасан» туралы халыққа арналған фильм
Фильмнің бас продюсері Айгүл Байбек

Фильмнің бас продюсері ансабль мүшелері сценарийге араласқанын, еркіндік бермегенін айта кетті. 

Кішкене еркіндік бергенде деп ойлаймын. Драматургия бойынша антагонизм аздау болды, қосуға болар ма еді. Ансамбль тарихы шынайы болғаннан кейін өтірік айтуға келмейтін шығар. Бастысы «Дос-Мұқасандық» ағаларымыз риза. Көмегін аямады. Мұрат ағамыз бүкіл композициялардың сапасын тексеріп отырды. Фильм соңындағы суреттердің бәрін марқұм Бақытжан Жұмаділов ағамыздың жолдасы берді. Аспаптарды, костюмдерді алдық. Сол кездегі өнер адамдардың кеңесін сұрап жүрдік. Үлкен ұжыммен осындай кино шығардық, – деді фильмнің бас продюсері.

Әйгілі «Дос-Мұқасан» туралы халыққа арналған фильм
Түсірілім тобы

Айгүл Байбектың сөзінше, бұл туындының айтары – қазақи болмысты өнер ғана бере алады дегенге саяды.

Досым аға сондай тұйық адам. Аға, не болса да көздеріңіз тірі кезде министрліктен жеңіп алып, мемлекет ақшасына түсіріп жатырмыз. Бұл қорда қалады. Сіздер бар кезде осындай кино шыққаны бақыт емес пе деген едім. Ол кісілердің көңілінен шықса, жастарға, әке-шешемізге ұнаса, мақсатымыздың орындалғаны. Фильм бойы Досым ағаға қарап отырдым, қобалжып кеттім. Режиссер Айдын Сахаман жұмысын жақсы атқарды. Музыкалық толықметр фильм өзіне бұйырып тұр. Музыкаға деген талғамы бар, әр нәрсені түбіне дейін жақсы алып шықты. «Той жырын» бір камерамен түсірдік. Режиссеріміздің табандылығы мен кірпияздығының арқасында әр дыбысы, әр картинасына дейін тамаща шықты, – деді Айгүл Байбек.

Фильм қазақ және орыс тілдерінде аралас түсірілген. Кеңес заманы туралы кино болғандықтан осылай түсіруді жөн көрген. Ал қазіргі киноны араластырмай өз тілімізде түсіру керек дейді Айгүл Байбек. 

Қазақ публикасына жетсе, одан асқан арман жоқ – режиссер Айдын Сахаман

Режиссер Айдын Сахаман дайындық 2019 жылдың аяғында сценарий жазудан басталғанын айтты. Одан кейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының питчингінде жоба жеңіп шыққан. Пандемия басталған соң түсірілім кейінге шегеріліп, 2020 жылдың аяғында қысқы түсірілімдерді, қазіргі замандағы сахналарды түсіріп алған. Әлемде болып жатқан жағдайларға қатысты тағы да уақыт созылып, 2021 жылдың көктемі мен жазында үш ай түсірілім нәтижесінде фильм жарық көрген.

Бұндай жанрда барлығы оңай емес. Жас мамандар 60-70 жылдарды көрсете алады екен. Сол заманда өмір сүрген, әдетін, қалай сөйлетінін, архитектурасын білетін мамандарға жүгіндік. «Дос-Мұқасан» туралы фильм түсіру идеясы талай азаматта болған. Десе де «Aray Media Group» компаниясы қолға алып, мені режиссерлікке шақырды. Шынымды айтсам, көрермендерден мұндай реакцияны күтпедім. Мен үшін әсерлі финал болды. Халықтың көңілінен шықса біздің де көңілімізден шығады. Барлық қазақ публикасына жетсе, одан асқан арман жоқ. Тоқсан пайызға дерлік өмірде болған оқиғалар. Кино өнері, драматургия болғаннан кейін кішкене әсірелеу болды, – деді Айдын Сахаман.

Әйгілі «Дос-Мұқасан» туралы халыққа арналған фильм

«Дос-Мұқасан» заманының қол жетпес жұлдыздары болған – Шах-Мұрат Ордабаев

Актер Шах-Мұрат Ордабаев шығармашылық құрамның ішінен туындыны ең көп көрген өзі екенін айтты. Себебі фильмнің дубляж режиссері ретінде әр әртіспен бірге сөйлеу сахналарын дыбыстаған.

Қанша дегенмен көрерменмен бірге залда отырып, бір деммен тамашалағанға ештеңе жетпейді. Бұл – музыкалық фильм. «Дос-Мұқасанның»  қалдырған мұрасы – баршамызға үлкен азық, кез келген әртіс жасай алмайтын эмоцияны шыңдату арқылы көмектесетін құрал. Сондықтан бұл музыкалық фильм болғандықтан, әсіресе жас буын, бұрын-соңды бұл әндерді естімеген көрерменнің жүрегінде сақталатынына кәміл сенімдемін. Менен кейінгі қатарда отырған балалар музыка екпініне қосылып, шапалақтап, аяқтарын соғып отырды. Демек әсер қалдырды деген сөз. Дәл «Дос-Мұқасанның» оқиғасы, шығу тарихы көп адамға мәлім емес. Білмейді. Олар кәсіби музыкант емес. Басқа мамандық иесі ретінде, дилетант, әуесқой ретінде бастаған. 80-90 жылдарға қарай кәсіби үлкен ансамбль ретінде өздерін дәлелдеді. Көрермен оны енді түсініп жатыр, – деді ол.

Әйгілі «Дос-Мұқасан» туралы халыққа арналған фильм
Шах-Мұрат Ордабаев және Айдын Сахаман

Шах-Мұрат Ордабаев 55 жылдық тарихы бар үлкен ансамбльдің хроникасы таспаланғанын, кино тілімен айтқанда байопик жанрындағы фильм екенін айта кетті.

Осы жобаға қатысқан себебім, әке-шешем тура осы жетпісінші жылдары алғаш сахнаға шығып, өнер көрсете бастаған. Солар үшін, әсіресе анам үшін жастық шағын еске салатын кино болатынына сенгендіктен еш ойланбай қатыстым. Әндердің барлығын бала кезден жаттап өстім. Осы жобаға ақша үшін, болмаса атым танымал болсын деп келмедім. Хан мен президенттер туралы ғана емес, өнер адамдары туралы да тарихи хан мен президенттер туралы да жоғары деңгейдегі фильмдер болуы керек деп ойлаймын. Мен үшін бүгін әрі актер, әрі дубляж режиссері ретінде үлкен тарихи сәт, – деді ол.

Әйгілі «Дос-Мұқасан» туралы халыққа арналған фильм
Фильм кадрларының бірі

Ол музыкалық жанрдағы фильмді түсіру техникалық, қаражат жағынан әлдеқайда қиын екенін атап өтті. Сағындым сені әнінен басқа фильмде орындалған әндердің барлығы Дос Мұқасан мүшелерінің рұқсатымен актерлердің қатысуымен қайта орындалған.

Бұл әндердің тағы бір жаңғыруы деуге әбден болады. Музыкалық кеңесші мен жетекші, музыканы өңдеуге арнайы маман шақырдық. Бұл қосымша уақытты, біліктілікті мықты мамандарды талап ететін дүние. Мұндай фильмдер көп емес, бірақ көп болса екен деймін. Әу демейтін қазақ жоқ. Шәмшінің, Абайдың әндері қазақтың жүрегінде. Олар шығуы керек. «Дос-Мұқасан» ансамблі, Шәмші туралы фильмдер сияқты көрерменге жол табуы керек деп ойлаймын, – деді Шахмұрат Ордабаев.

Әйгілі «Дос-Мұқасан» туралы халыққа арналған фильм
Фильм кадрларының бірі

Ол қазақтілді қазақша ән айтатын, балаларына ұлттық өнерді дәріптегісі келетін әр азамат осы фильмді көруі керек деп есептейді.

Біз сол заманда өмір сүрген жоқпыз. Бірақ әке-шешемнің айтқанынан түсінгенім, «Дос-Мұқасан» сол заманда, 70-80 жылдары қол жетпес жұлдыздар болды. Қазақстанның емес, КСРО елдерінің ішінде ең алда тұрған. Қазір 91 тобын, Молданазарды түсінбеуі мүмкін, олар да заманынан алға озған. Дәл солай «Дос-Мұқасан» жетпісінші жылдары үйреншікті ырғақ пен әуеннен қашып, алға қарай білген. Нағыз заманына сай топ болған. Дәл сол кезде құрдастарына, жастарына үлкен шабыт берген. Олар қазақтың жұлдызы шарықтап тұрған тарихи музыкалық ансамблі. Осы жобаға қатысқанымды мақтан тұтамын, – деді Шах-Мұрат Ордабаев.

Өзгелердің жаңалығы