Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әйгілі актер Асанәлі Әшімов өмірден озды

Бүгiн, 13:19
166
Бөлісу:
 Instagram/ assanali.ashimov
Фото: Instagram/ assanali.ashimov

Кино және театр актері, режиссер, педагог, профессор, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов 88 жасында дүние салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақпаратты Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының баспасөз қызметі растады.

Асанәлі Әшімов 1937 жылғы 8 мамырда Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында өмірге келген.

1956–1961 жылдары олҚұрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетінде білім алып, актер мамандығын меңгеріп шықты.

Өнер жолындағы ұзақ жылдарында Асанәлі Әшімов Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының сахнасында саналуан күрделі образды сомдады. Ол М.Әуезовтің «Абай» трагедиясында Керімнің, «Еңлік-Кебек» пьесасында Кебектің, «Қара қыпшақ Қобыландыда» Айшуақтың, «Таңғы жаңғырықта» Жарасбайдың бейнесін жасады. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Қодарды, Қ.Мұхамеджанов пен Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевичті, Уильям Шекспирдің «Юлий Цезарь» трагедиясында Юлий Цезарьді, Макс Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуанды, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламанды, И.Вовнянконың «Апатында» басты кейіпкерді және басқа дакөптеген рөлді жоғары деңгейде орындады. Ал қара шаңырақ сахнасындағы соңғы ірі жұмыстарының бірі – Герхарт Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен образы болды. Бұл рөлдер оның актерлік қолтаңбасының тереңдігі мен көркемдік қуатын айқын көрсетті.

Асанәлі Әшімов қазақ киноөнерін әлемдік деңгейге көтерген тұлғалардың қатарында аталады. Оның «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан (1971), «Атаманның ақыры» картинасындағы Шадияров (1971, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы – 1972), «Сарқырамадағы» Мәмбет (1973), «Транссібір экспресіндегі» Қасымханов (1977, бүкілодақтық XI кинофестиваль жүлдесі – 1978), «Нан дәміндегі» Кемел, «Алатаудың ай мүйізіндегі» Нұрғазы, «Жаушыдағы» Қаражал (1980), «Бұлғар даласынан ескен жылы жел» фильміндегі Шыңғыс хан (1998) бейнелері оның экрандағы шеберлігінің биік үлгісі саналады.

Әшімов режиссер ретінде де кеңінен танылды. Ол сахналаған Н.Гогольдің «Ревизор» спектаклінде (1979) өзі де Дуанбасының рөлін орындады. Сондай-ақ Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісі», И.Оразбаевтің «Мен ішпеген у бар ма?!» пьесасы (екеуі де 1987), С.Ванустың «Сұлтан болсам егер мен» (1988), Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» спектаклі (1989) оның режиссерлік ізденістерінің нәтижесі болды. Кинодағы режиссерлік еңбектерінің қатарында «Жылан жылы» (1981, Цой Гук Инмен бірге, 1982 жылы Таллинде өткен XV бүкілодақтық кинофестивальдің дипломын алған), «Шоқан Уәлиханов» (1984, төрт сериялы телефильм, Шыңғыстың рөлін өзі сомдады) және «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» (1995) фильмдері бар. Бұл жұмыстар Асанәлі Әшімовтің режиссерлік қырының да кең тынысты, көпқырлы екенін дәлелдейді.

 

Өзгелердің жаңалығы