Әйелмен әлем әдемі

8 Наурыз 2024, 09:27
692
Бөлісу:
Әйелмен әлем әдемі
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Ақтөбе облысында әр салада абыройлы еңбек етіп, биік белестерді бағындырып жүрген қыз-келіншектер көп. Біз мереке қарсаңында осындай бір топ әйел-аналармен әңгімелескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде ер адамдармен қатар иық тірестіріп, әр салада абыройлы еңбек етіп жүрген әйелдер қауымы жетерлік. Олардың бір тобы мемлекеттік қызметте, бірқатары әлеуметтік салада жұмыс істесе, енді бірі кәсіп ашып, бизнеспен айналысып отыр. Сондай-ақ алтын құрсақ көтеріп, бүгінде ұрпақтарының қызығын көріп отырған аналарымыз да бар.

Ресми статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда Ақтөбе облысындағы 936 847 тұрғынның 51 пайызы немесе 447 096-сы — әйелдер. Қазіргі таңда облыстағы мекемелер мен компанияларды басқаратын әйелдердің үлесі 51,1 пайызға жетсе, кәсіпкер әйелдердің үлесі — 56,5 пайыз. Ақтөбе облысында көшбасшы әйелдердің ең көбі білім беру (70,4%) саласында еңбек етеді. Сондай-ақ қызметтің басқа түрлеріндегі әйелдердің үлесі — 61,4, сауда саласындағылар — 61,1, жылжымайтын мүлік саласындағылар — 60,4, өңдеу өнеркәсібіндегілер — 59, тұрмыстық қызмет және қоғамдық тамақтандыру қызметіндегілер — 57,6 пайызды құрап отыр.

Полиция майоры

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ақгүл Қасанғалиеваның ішкі істер саласында еңбек етіп жүргеніне биыл 17 жыл болған. Бұған дейін ол кәмелет жасқа толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспектор болып жұмыс істеген. Тәжірибесі мол, ішкі істер саласындағы әріптестеріне беделді полиция майоры қазір өңірдегі әйелдер мен балалардың құқығын қорғау ісінде өзінің сүбелі үлесін қосып жүр.

Қазіргі таңда департамент мамандары облыстағы әйелдер мен қыз-келіншектер арасында зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатырмыз. Өкінішке қарай, қоғамда әлі де әйелдерге қол жұмсап, тепкінің астына алатын, қыз-келіншектерге күш көрсететін, отбасында дау-жанжал шығаратын ер-азаматтар азаймай отыр. Біздің мақсатымыз — әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, оларға жедел көмек көрсету, қылмыстың алдын алу үшін қиын отбасылардың жағдайын анықтау. Бүгінде біздің басқарма облыстың 12 ауданы мен қала бойынша әйелдердің құқығын қорғау бағытында түрлі іс-шаралар өткізіп жатыр. Мәселен, кездесулер, дөңгелек үстелдер, рейдтік іс-шаралар, акциялар өткізіп жатырмыз. Дегенмен әлі де болса облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық көретін нәзік жандылардың саны азаймай отыр, — дейді А.Қасанғалиева.

Әйелмен әлем әдемі

Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мамандары зорлық-зомбылық көрген жандарға психологиялық, заңгерлік көмек көрсетуде өңірдегі дағдарыс орталықтарымен, Ақтөбе қаласындағы «Бақытты отбасы» орталығымен бірлесіп, жұмыс істеп, аталған мәселелерді шешуге атсалысуда. Қазіргі таңда аталған орталықтарда әйелдер мен балаларға психологиялық қолдау көрсетіліп қана қоймай, олардың жайлы өмір сүріп, жұмыспен, баспанамен, балабақша және мектеппен қамтылуына мүмкіндік жасалуда. Бұл тұрғыда Ақкүл бастаған департамент инспекторларының еңбегі орасан.

Қашан да өзі сияқты нәзік жандыларға жанашыр болып жүретін полиция майоры өз қызметін тиянақты атқарып қана қоймай, әрдайым өзгелерге үлгі болуға тырысады.

Ақкүл — қызметте ғана емес, отбасында да сыйлы келін, адал жар, аяулы ана. Ол жолдасы Бимырза екеуі бүгінде 4 бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Үлкен қызы Қарағанды қаласындағы заң академиясының 2-курсында оқыса, кенжесі мектепте оқиды.

Жан-жақты, мінезі ашық-жарқын, мойнына алған істі тиянақтап бітіретін, қай кезде де өз жұмысына адал кейіпкеріміз — ішкі істер органдарындағы көпке үлгі қызметкерлердің бірі. Оның осы саладағы еңбегі ескеріліп, былтыр ҚР Ішкі істер министрінің Грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ақгүл Қасанғалиева осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерін «отбасының ортақ жетістігі» деп біледі. Себебі оған жолдасы қамқорлық танытса, балалары әрдайым қолғабыс етеді. Соның арқасында полиция майоры бүгінде жемісті қызмет етуде.

Бұл тұрғыда менің отбасыма айтар алғысым зор. Олар мені қай кезде де қолдап отырады. Мен бақытты анамын, әйелмін. Сол үшін шүкіршілік етемін. Өкінішке қарай, қазір қоғамда анасыз қалған, көзі тірі болса да анасын көруге зар болып жүрген немесе баласын бір құшуға ынтық аналар көп. Осы орайда бір мысал келтіре келсем. Былтыр біз жұмыс барысында Ақтөбе қаласындағы маскүнемдер жиналатын аулаларды аралап жүріп, бір отбасыға кез болдық. Осы отбасындағы әйел ішімдікке салынған екен. Ол өз үйінде ер адамдардың ортасында ішімдік ішіп, баласына қарамай, қор еткенін көргенде жүрегім ауырды. Әлгі ана балаға ешқандай мейірім көрсетпеген. Көзі жәутеңдеген баланы көріп, кейбір аналардың өз бақытын бағаламайтынына көзім жетті. Лайым аналарымыз бен балаларымыз жыламасын! Қай кезде де балалар өз анасымен бірге өмір сүрсін, — дейді Ақкүл.

Радиотелефоншы Қаламқас

Ақтөбелік жас Қаламқас Сүйеубаеваның төтенше жағдайлар саласында еңбек еткеніне үш жыл болған. Ол өрт сөндіру бөлімінде радиотелефоншы болып жұмыс істейді. Өрт сөндірушілерге бағыт-бағдар беріп, төтенше жағдайлар туындаған кезде құтқарушыларға хабар тарататын ол өз қызметін жақсы көретінін айтады.

Менің міндетім — өрт сөндірушілерді өрт шыққан жерге жедел жіберу, радиотелефон арқылы оларға қандай көше жабық екенін, қай жолмен тез жетуге болатынын, өрт оқиғалары кезінде олардың нақты орны мен жанып жатқан ғимараттарда адамдардың бар-жоғын жедел жеткізу, — дейді ол.

Әйелмен әлем әдемі

Қаламқастың негізгі мамандығы — инженер-техник. Ол Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін тәмамдаған. Студент кезінде жолдасы Бекзатпен танысып, отау құрған. Жұбайы Бекзат Күлбаев та қазір осы салада жұмыс істейді. Ақтөбе облыстық төтенше жағдай департаменті кезекші өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісінің орынбасары, азаматтық қорғау капитаны.

Негізі менің осы салаға қызметке келуіме жолдасым себеп болды. Әлемдегі ең қауіпті және қайырымды мамандықтардың бірі — өрт сөндіруші. Жолдасымның мамандығына, формасына қызығушылықпен қарайтынмын. Оның жұмыстағы қызықты әңгімелерін тыңдап, адам өміріне араша болып жүргенін көріп, мен де бағымды сынап көргім келді. Осылайша арнайы байқаудан өтіп, 2021 жылы өрт сөндіру бөліміне радиотелефоншы болып жұмысқа тұрдым. Биыл Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың атынан бір салада қызмет етіп жүрген ерлі-зайыптылар ретінде Бекзат екеуміз арнайы Алғыс хатпен марапатталдық, — дейді ол.

Қазір Қаламқас жолдасы Бекзат екеуі отбасында Мадияр және Дияр есімді егіз ұл өсіріп отыр. Үйде де, қызметте де бірге жүріп, үлгілі отбасы атанған олар қандай марапатқа да лайық.

Алғысқа бөленген Ақкенже

Қоғамда балаларының болашағы мен отбасының игілігі үшін қандай жұмыс болса қарамай, елеулі еңбек етіп жүрген аналар көп. Сондай аналардың бірі — ақтөбелік

Ақкенже Төлеуова. Ол бүгінде Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математика лицей-интернатында еден жуушы болып жұмыс істейді.

Өзім Ақтөбе облысы Қобда ауданы Жарық ауылында тудым. Осы ауылдан 11-сыныпты аяқтаған соң қалаға көшіп келдік. Көп жыл сауда саласында еңбек еттім. Алайда бұл жұмысты қойып, осыдан 13 жыл бұрын мектепке еден жуушы болып жұмысқа орналастым. Міне, көп жылдан бері іргелі білім ордасында еңбек етіп келемін. Күніне 8 сағат жұмыс істеймін. Жалақымыз аз, дегенмен қанағат етеміз. Мен көбіне директордың, мұғалімдердің бөлмесін, коридор мен спорт залды, медпункт пен есеп бөлімі кабинеттерінің едендерін жуамын. Жұмысымыз оңай емес, дегенмен еңбек етпеген адам ешқашан да нәтижеге жетпейді, — дейді ол.

Әйелмен әлем әдемі

Ақкенже Төлеуова еден жуушы болғанына арланбайтынын, себебі адал еңбегімен отбасын асырап, еліне қызмет етіп жүргенін айтады.

Қолыма жұққан ештеңесі жоқ. Керісінше, денсаулығыма пайдалы. Бұл жерде көптің алғысын аламын. Өзімнің балаларым сияқты жас буын өкілдеріне қамқор боламын. Мен үшін адал еңбек етіп, табыс табу — нағыз жетістік, — дейді ол.

Бүгінде кейіпкеріміз отбасында екі ұл, бір қыз өсіріп отыр. Үлкені жоғары оқу орнында оқыса, кішкентайы балабақшаға барады.

Аяулы ана, сүйікті жар болып отырған Ақкенже Төлеуова нағыз еңбек адамының символы іспеттес. Біз ақжарқын жанға тек сәттілік тілейміз!

Жетекші маманның жетістігі

Айгүл Жұмағалиева Ақтөбе қаласындағы №1 халыққа қызмет көрсету орталығында жетекші маман, тренер болып қызмет атқарады. Оның бұл саладағы еңбек өтілі — 11 жыл.

Орталыққа келген тұрғындарға қызмет көрсетіп, олардың аз уақыттың ішінде құжаттарын сәтті рәсімдеуіне мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ ол орталықтағы жас мамандарға бағыт-бағдар сілтеп отырады.

Қай кезде де адамдармен жұмыс істеу, олардың «тілін табу» оңай емес. Осындай шаруаны он жылдан астам уақыттан бері ойдағыдай атқарып келе жатырмын. Осы уақытқа дейін көп адамның алғысын алдым. Басшылық тарапынан Алғыс хатпен, Грамотамен марапатталдым. Мен үшін басты жетістік — халыққа сапалы қызмет көрсету, тұрғындардың алғысын алу, — дейді Айгүл. 

Әйелмен әлем әдемі

Оның айтуынша, бүгінде елімізде мемлекеттік қызметтің 90 пайызға жуығы автоматтандырылған. Яғни, көптеген құжат, анықтамаларды электронды түрде алуға мүмкіндік бар. Бұл бірінші кезекте адамдардың уақытын үнемдейді, екіншіден, заман талабына сай цифрлық технологияларды дамытуға зор үлес қосады.

Қазір №1 халыққа қызмет көрсету орталығында 50-ден астам адам жұмыс істейміз. Бөлім басшысы Амандық Омаров біздің кәсіби маман болып шығуымызға әркез қолдау көрсетіп келеді. Алдағы уақытта мемлекеттік қызмет көрсетуде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізсек, мен үшін содан артық нәтиже жоқ, — дейді ол.

Өз жұмысына тиянақты, еңбекқор Айгүл әріптестері арасында ғана емес, өз ортасына да беделді. Отбасында үш қыз өсіріп отырған ол алдағы уақытта жаңа биіктерді бағындырмақ.

Он алты баланың анасы

«Ананың сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді», — деп қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсірепов айтқандай, бұл өмірде жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялатқан аналар — әлемнің әрі, өмірдің сәні. Ал көп құрсақ көтеріп, оларды тәрбиелеп, өсіріп отырған аналардың орны, тіпті, айрықша. Сондай батыр аналардың бірі — Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құмтоғай ауылының тұрғыны Асыл Сәнімбаева.

Кейуана биыл 22 наурызда 84 жасқа толады. 16 бала тәрбиелеп, өсірген ақ жаулықты әже ұрпақтарынан 49 немере, 37 шөбере сүйіп отыр.

Осыншама баланы өсіріп, жеткізу оңай емес. Дегенмен көбіне кішкентайлардың қасында енем қалатын. Біздің үйдің бар баласын, қайнымның бес баласын ата-енем бағып-қақты. Біздің баламен шаруамыз болмады. Ата-әжесінің бауырында өскендіктен, балаларымыз ақылды, мейірімді, көпшіл болып өсті. Сол тәрбиенің арқасында бәрі бүгінде бір үйдің отағасы, отанасы болып, бақытты ғұмыр кешуде. Ал мен өзім көп баланы өмірге әкелгенмен, ешкімге міндет қылмай, ешкімнің есігін қақпай, біреудің бірдеңе сұраған жан емеспін. Көп балалы ана ретінде алған жәрдемақым мен зейнетақымды қанағат тұттым. Шүкір, қазір балаларым орамалымды кірлетпей, көңіліме қарап, бағып отыр. Ауылда тұрсақ та жағдайымыз жақсы. Аллаға осындай ұрпақ сүйгізгені үшін ризамын, — дейді кейуана.

Әйелмен әлем әдемі

Асыл әже қазір ауылдағы қара шаңырағында — ұлы Алтынбай мен келіні Гүлсамалдың қолында тұрып жатыр. Денсаулығы жақсы, тың, ширақ. Ауылдағы той-томалаққа шығып тұрады. Тек құлағы ауырлау естиді екен.

Менің бұл әулетке келін болып түскеніме 17 жыл болды. Содан бері анамыз қолымызда тұрады. Бір үйде қайныағам, жолдасым, балаларым — бәріміз тату-тәтті тұрып отырмыз. Ауылда газ жоқ, басқасының бәрі бар. Жыл өткен сайын ауылымыз көркейіп келеді. Шаруамыз жай, жағдайымыз жақсы. Анамыз әркез бізге ақылын айтып, қолдау көрсетіп отырады. Біздің ендігі тілегіміз — анамыз жүз жасқа жетіп, ғасыр тойын тойласақ екен дейміз, — дейді келіні Гүлсамал апа.

Өзгелердің жаңалығы