Әйелі Карина Мамашты ұрды деген күдікке ілінген Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі (БАӘ) елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамашқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров дипломат қазір қызметінен босатылғанын және ол елге қайтарылғанын айтты.
СІМ оқиға болған сәттен бастап бұл істі ерекше бақылауға алды. Карина Мамаштың жұбайы 6 мамырда елшіліктен Қазақстанға дереу қайтарылады деген тапсырма берілді. 9 мамырда елге келіп, шекарадан асқаннан кейін қолда бар заңға сәйкес біз оны өз лауазымынан босаттық, - деді Смадияров.
Оның сөзінше, құқық қорғау органдары оған қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс қозғады.
Әрине, біз ол қылмыстық іске араласа алмаймыз. Бүгін өзім Каринамен жеке кездестім. Бүкіл мән-жайды айтып берді. Сыртқы істер министрлігі Каринаға барлық көмекті көрсетеді. Біз онымен біргеміз. Ештеңеден қорықпа деп айттық. Отанға оралуына барлық көмек көрсетілді, - деп айтты министрліктің ресми өкілі.
Сәкен Мамаштың дипломатиялық салада 15 жылдан астам қызмет еткен.
Қазір ол лауазымынан босатылды, - дейді Айбек Смадияров.
Ведомство өкілі елшілік қызметкерлері Карина Мамашқа алгоритмге сәйкес көмек көрсеткенін айтты. Сөзінше, дипломаттар Каринаны қонақ үйге орналастырып, Қазақстанға билетін алып, бала-шағасымен бірге елге қайтарған.
Қазір Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі (БАӘ) елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш Астанадағы дағдарыс орталығында.