Әйелін ұрған "батыр" және педофил: Заң кімді қалай жазалайды?

22 Ақпан 2024, 10:20
2040
Бөлісу:
Әйелін ұрған "батыр" және педофил: Заң кімді қалай жазалайды?
Фото: Артём Чурсинов - архив

Елімізде әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қорғайтын заң жобасы әзірленді. Заң тек әйел мен баланың ғана емес, жалпы азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын ескерте кетейік. Заңның негізгі мақсаты қандай? Құқық бұзғандарды қандай жаза күтіп тұр? Отбасындағы зорлық-зомбылық проблемасы қалай шешілмек? Балаларды педофилдерден қалай қорғаймыз? Заңда осындай сұрақтардың шешімі табылмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы жылдары елімізде отбасындағы зорлық-зомбылықтан жәбір көретіндер қатары көбейіп кетті. Азаматтарымыз заңды қатаңдатуды талап етіп, петиция да жариялаған еді.

Енді бүгінде заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында қаралып үлгерді.

Жолдау, қаулы: Тоқаев әйелдер мен балалар құқығын қорғауды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында балаларға қарсы жасалатын зорлық-зомбылықтың жазасын қатаңдатуды тапсырған болатын.

Біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе, - деді Президент.

Сонымен қатар Жолдауда Тоқаев білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажеттігін айтып еді. Тоқаев бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырып, зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керегін тапсырып еді.

Сонымен қатар былтыр 8 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Адам құқығы мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы" жарлыққа қол қойды.

Жоспарда гендерлік теңдікті күшейтуге, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күреске, қылмыстық сот төрелігі саласында азаматтарды қорғауға, азаптау мен қатыгездіктің алдын алуға бағытталған бірқатар шара қамтылған.

Бірлесу бостандығы құқығы мен еңбек құқығын, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жолдары қарастырылған.

Былтыр Президент құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесті министрі Ержан Сәденовпен, Бас прокурор Берік Асыловпен, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездесіп, консультациялар өткізген болатын.

Мемлекет басшысы заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге баса мән берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.

Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел, – деді Президент.

111 нөмірі қосылды: Шағым азаймай отыр

Презденттің тапсырмасын орындау аясында Үкімет тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары хабарласа алатын сенім телефонын іске қосты. Осылайша 16 қазаннан бастап 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына тәулік бойы хабарласа алады. Қалалық нөмірлер мен ұялы байланыс операторлары үшін қоңырау шалу тегін. Азаматтарға қажетті көмек мәтіндік диалог арқылы да көрсетіледі.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, 2023 жылдың қазан айынан бастап бүгінгі күнге дейін 111 байланыс орталығы 7 596 өтінішпен жұмыс істеген.

Зәкиева Call-орталыққа келген шағымдардың кейбірін жариялады.

Алматы облысы: Анасы маскүнем

Әйел өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған балалар туралы хабарлады. Арызданушы нақты мекен-жайды бере алмады, алайда балалардың қай мектепте оқтынын білді.

КТІИ, мектеп, қамқоршылық және қорғаншылық бөлімі қызметкерлерінің тексерісі кезінде өтініш берушінің айтқаны расталды. Балалардың анасы беймораль өмір салтын ұстанып, алкогольді асыра пайдаланған, балалардың тұрмыстық жағдайы тым нашар болған.

Балалар бірден Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, ал ана емделіп, жағдайын түзетуі үшін 6 айға ата-ана құқығынан шектетілді.

Павлодар қаласы: Балалар тағдыры

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық салдарынан үйден қашып кеткен үш бала анасының адвокаты жүгінді. Әйел балаларын алып кете алмай қалған. Сот өтіп, жұбайына тиісті шаралар қолданылған. Өтініш берушілер өзін де, балаларды да өлтіремін деп қорқытқан ер адамның қауіпті мінез-құлқына байланысты балаларды алып кетуге көмектесуді сұраған.

111 операторы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы – аудан әкімінің орынбасарына мән-жайды зерделеу және балалардың құқықтарын қорғау туралы өтініш білдірді. Сол күні комиссия құрылып, балалар анасына қайтарылды. Алайда 9 жасар тұңғыш баласы анасымен бірге кетуден бас тартты. Әкесі оған анасының бір сәбимен түскен суретін (туысының баласы) көрсетіп, оның қайта тұрмысқа шығып, басқа бала туғанын және оның анасына енді керек емес екенін айтып алдағаны анықталды. Қазір бала әкесімен қалды.

Ұлытауда “құлдықта” болған балалар тағдыры

Динара Зәкиева Ұлытауда 5 жыл бойы фермада еңбек етіп, “құлдықта” болған балалар жайлы дерек айтты.

Ақпанның басында облыстық прокуратура мен қамқоршылықтың мобильді топтарының тексерісі нәтижесінде бір отбасынан шыққан үш бала - бір қыз және екі ұл анықталды. Патронаттық отбасы оларды балалар үйінен 2018 жылы, балалар 14, 12 және 8 жаста болғанда алған. Балалардың үлкендерін қаладан 20 шақырым қашықтықтағы өз фермаларында ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген. Фермада екі табын жылқы және 18 сиыр бар.

Фермаға барып, комиссия мүшелері балалардың өмір сүру жағдайларын көріп, шошиды. Денелері көгерген, әрі тыртыққа толы, жүп-жүдеу, шаршаған, аш, көздерінде жалын жоқ, кір-қожалақ, киімдері жыртық. Қамқоршы балаларды қорлап, ұрып, азаптап, құлдай жұмсап, 5 жыл бойы балаларға жәрдемақы алып келген. Балалардың үлкені – қыз, колледжді бітірген, алайда іс жүзінде сабаққа бармаған. Ортаншы ұл бала колледжде “оқиды”. Органдар оқу орындарын тексерсе, оларға үнемі балалардың ауырғаны туралы анықтамалар ұсынылып отырған екен. Қамқоршы қыз баланы жұмыс істемесең, не шағымдансаң, бауырларыңды көрмейсің деп қорқытқан.

Белгілі болғандай, бұл қамқоршы жақында патронатқа алуға болатын басқа да балалар бар ма деп сұрастырған екен. Қылмыстық іс тіркелді, сараптамалар жүргізіліп жатыр. Қазір балалар бірге қауіпсіз жерде. Оларға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Облыс әкімі балаларға қолайлы жағдай жасау, көмек көрсетуді, балардың қайда тұратынын, қайда оқитынын жеке бақылауға алды, - деп жазды уәкіл.

Бүгінде балаларға жәбір көрсеткен “ана” тергеліп жатыр.

Әйелдер мен балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылықтың бұл бірнеше мысалы ғана. Осындай қылмыстардың алдын алып, азайту мақсатында елімізде арнайы заң әзірленіп жатыр.

Депутаттар заң әзірледі

Президенттің тапсырмасын орындау үшін депутаттардың бастамасымен әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа заң әзірленді. Қазіргі күні құжат Мәжілісте талқыланып жатыр.

21 ақпанда Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасының авторларының бірі, депутат Жұлдыз Сүлейменова заң жобаларының негізгі мақсатын түсіндірді.

Оның сөзінше, заң жобаларының негізгі мақсаты – барлық азаматтардың, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыру.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барлық бағдарламаларында әйелдердің, балаларымыздың құқығын қорғауға, қауіпсіздігін сақтауға ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы елдің даму деңгейі қоғамдағы әйелдердің гендерлік теңдігі, құқықтық, саяси және экономикалық мүмкіндіктерімен өлшенетіндігіне мән беріп, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жолында және балалардың қауіпсіздігін сақтау және әйелдердің құқығын қорғау үшін жүйелі шараларды қабылдауды айқындады, - деді депутат.

Сүлейменова атап өткендей, отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрес жолында “заң үстемдігі және тәртіп” қағидаты біздің ең басты бағдарымыз болуы шарт. Елімізде 2020 жылдан бері отбасындағы-тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жолында жүйелі шаралар қабылданып келеді. Мемлекет басшысының тарсырмасымен полицияның тиісті бөлімшелерінің штаттық саны артты, отбасындағы-тұрмыстағы зорлық-зомбылық істерін қарау үшін тергеуші-әйел мамандығы енгізілді.

Заңнамадағы соңғы түзетулерге сәйкес, енді мұндай қылмыстар тек жәбірленуші арызының негізінде ғана емес, сонымен бірге куәгерлердің, көршілердің мәліметі, бейнекамералардың жазбасы және т.б. негізде анықталады. Бұдан бөлек, қазір бір рет ымыраға келген тараптардың кейін қайта татуласуына жол берілмейді. Жалпы тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Бірақ осыған қарамастан, зорлық-зомбылықтың толастамауы әйелдердің құқығын қорғау, балалардың қауіпсіздігін сақтау заңнамасын қатаңдатумен бірге, қоғамда қылмысқа мүлдем төзбеушілік принципі, заң мен тәртіптің қатаң сақталуы дәріптеліп, насихатталуын қажет етеді. Сол кезде қабылданған заңдар сапалы орындалатын болады. “Заң үстемдігі мен тәртіп” қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық темірқазығына айналуға тиіс деп ойлаймын, - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Заң кімді қалай қорғайды?

Дене жарақатын келтірген, бірақ денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау – 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады, - деді депутат.

Осы әрекеттер қайталанса, мысалы:

1) екі немесе одан да көп адамға жасалса;

2) осы адамның қызметтік немесе кәсіптік немесе қоғамдық борышты орындауына байланысты адамға немесе оның жақындарына;

3) кінәліге көрінеу, дәрменсіз күйдегі не кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға;

4) адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы;

5) бұзақылық ниетпен;

6) әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық негізінде;

7) бірнеше рет;

8) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты – 1 жүзден 2 жүз АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1 жүзден 2 жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 30-дан 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.

Бұл баптар тек әйел немесе бала құқығын қорғаумен қатар, барлық құқығы бұзылған, денсаулықтарына қасақана жеңіл зиян келтірілген, және ұрып-соғуға тап болған барлық азаматтардың құқығын қорғауға бағытталады. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтар болмауы үшін, азаматтардың жауапкершілігін күшейту. Жаңа редакцияда, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды, - деді Сүлейменова.

Сонымен қатар жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды.

Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға сот шешімі бойынша не қылмыстық процесс тараптарының өтініші бойынша үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге, жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша, телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынатын ерекше талаптар белгіленуі қарастырылады.

Бала өлтіргендер мен педофилдер өмір бойы түрмеде отырады

Жас баланы өлтіргені немесе педофилия үшін «өмір бойы бас бостандығынан айыру» жазасы қолданылады.

Суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК (738 400 теңге) мөлшерінде айыппұл түрінде жаңа қылмыстық жауапкершілік енгізіліп отыр.

Сонымен қатар кәмелетке толмаған баланы қорқыту және кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі (10 АЕК айыппұл салынады).

Отбасы институты нығайтылады

Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке-отбасы заңнамасының қағидаттары бекітіледі.

Жергілікті атқарушы және өкілді органдардың мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру жөніндегі бірқатар құзыреті қарастырылады.

Мысалы, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, оларға жан-жақты қолдау көрсетілмек.

Интернаттарда мемлекеттік бақылау алдын ала хабардар етпей жүргізіледі

Интернат ұйымдарында тұратын балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін әлеуметтік маңызы бар нысандарда (тамақтану, білім беру, сауықтыру, емдеу және т.б.) кедергісіз тексеру жүргізу жөніндегі нормалар көзделген. Осылайша, интернаттарда мемлекеттік бақылау алдын ала хабардар етпей жүргізілетін болады.

Сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға, балаларға білім беру және сауықтыру қызметтерін міндетті лицензиялау ұсынылады.

Баланы көліктен мәжбүрлеп түсіріп жібергендерді жаза күтіп тұр

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды қорғау үшін заң жобаларында көзделген шаралар:

  • әр ауданда отбасын қолдау орталықтарын ашу;
  • өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру;
  • психологиялық және өзге де көмек көрсету үшін 111 контакт центр құру;
  • зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, қорқытуға ұшыраған кәмелетке толмағандарға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу ұсынылады.

16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамды автобустан және өзге де қоғамдық жолаушылар көлігінен мәжбүрлеп түсіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

16 жасқа толмаған балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.

Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, жыл сайын елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылық салдарынан 300-ге жуық әйел зардап шегетінін еске сала кетейік. Кемінде 80 әйел қайтыс болады. Сондай-ақ күн сайын ішкі істер органдарына осы мәселе бойынша 300-ге жуық хабарлама келіп түседі.

Өзгелердің жаңалығы