Әйелдің қолынан келмейтін дүние жоқ – полиция подполковнигі

23 Маусым 2021, 12:13
9476
Бөлісу:
Әйелдің қолынан келмейтін дүние жоқ – полиция подполковнигі
Сұхбат PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 23 маусым – Қазақстан полициясы күні. 1992 жылғы 23 маусымда «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» заң қабылданды. 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз жарлығымен 23 маусымды «Полиция күні» деп бекітті. Осы уақыттан бастап бұл күн мерекеленіп келеді. Мерекеге орай ішкі істер органдарында қызмет етіп, елге үлес қосып жүрген нәзік жандылар да баршылық. Соның бірі Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметовамен әңгіме өрбіткен едік.

Гүлмира Шрахметова Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында дүниеге келген. Орта білімді де Абай өңірінде тәмамдаған. 

Әйелдің қолынан келмейтін дүние жоқ – полиция подполковнигі

Менің отбасымда әкем - мұғалім, анам -дәрігер. Үш ағам мен сіңілім бар. Ата-анам бетімнен қақпай, еркін, өжет қыз етіп өсірді. Мектепті үздік бітірдім. Үш жоғары білімді тәмамдадым. Алғашқы мамандығым – экономист. Мен мектеп бітірген жылдары Қазақстанның нарықтық экономикасы енді дамып жатқан болатын. Ел экономикасын көтеру өте өзекті болып тұрды. Сол себепті де мамандыққа сұраныс жоғары еді. Ол оқуға өтуге байқау да мықты болды. Бір орынға 12 адам таласқан еді. Мен «медалист» болғандықтан, тек бір емтихан тапсырып, оқуға түстім. Ол жерде 5 жыл оқыдым. Бәсекеге қабілетті ортада шыңдалдым деп есептеймін, - деді Шрахметова.

Подполковниктің айтуынша, ішкі істер органына саналы түрде келген.

Әйелдің қолынан келмейтін дүние жоқ – полиция подполковнигі

Университеттен кейін біраз жыл мамандық бойынша жұмыс істедім. Экономикадан сабақ бердім. Семей заң колледжінде экономикадан сабақ беріп жүрген кезде олардың жұмысы қандай екенін бақыладым. Содан кейін осы салада өзімнің қызмет еткім келетінін түсіндім. Ол менің бала күнгі арманым еді. Себебі кішкентай кезімде ішкі істер органында неге ер адамдар басым, әйелдер неге еңбек етпейді деп ойлайтын едім. Арнайы киім-кешектеріне қызығатынмын. Бала күнгі арманым осы мамандыққа әкелді, - деп бөлісті ол.

Гүлмира Шрахметова 19 жыл оқытушылық қызмет атқарғанын айтты.

Әйелдің қолынан келмейтін дүние жоқ – полиция подполковнигі

Ішкі істер органдарында жұмыс істеп жүргеніме 14 жыл болады. Қазіргі қызметім өзіме ұнайды. Мен теориядан тәжірибеге келген адаммын. Көбінесе тәжірибедегі жұмыс қиын деп жатады. Алайда өзінің мамандығын сүйсе, толық беріліп жұмыс істесе, оның жеңісі мен жемісі артады деп есептеймін. Мәселен, құрбыларым «ондай айлық үшін күні-түні қалай жұмыс істейсің?» деп айтады. Мен әркез қызметім өзіме ұнайтынын айтамын, - деді ол.

 Аға инспектор өзінің ісіне деген сезімінің себебін де түсіндірді.

Әйелдің қолынан келмейтін дүние жоқ – полиция подполковнигі

Мен қыз-келіншектердің өмірлік қиын жағдайға түскен кезінде проблемаларын шешіп, оларға жәрдемдесуге қол ұшымды бере алатыныма мақтанамын. Себебі тағдыр тәлкегіне түсіп жатқан адамдар көп. Күніне тым болмағанда бір адамға көмектессем, күнімнің бекер өтпегені деген сөз. Бір адамның алғысы мен ықыласына бөлінсем, соған марқайып, руханы рахаттанымын, - деді Гүлмира Шрахметова.

Оның айтуынша, адамды көп дүниеге тәрбиелейтін - еңбек.

Әйелдің қолынан келмейтін дүние жоқ – полиция подполковнигі

Еңбек етіп жүргенде адам бойында кәсіби дағдылар қалыптасады. Кәсіби біліктілігін дамытып, шыңдаса, өз ісінің хас шебері болып шығады. Менің қызметімде жұмсақтық та керек, кейде қатал да болу керек. Талапшылдық пен аса жауапкершілік те қажет. Адамның жан-дүниесін де түсіну керек. Біреудің жағдайына бейжай қарамай, оған барынша көмектесуге атсалысу керек,- деді ол.

Шрахметова айтқандай, қазір елдегі «еститін мемлекет» саясаты, «қолжетімді полиция», «полицияның сервистік моделі» сынды бастамалар халық үшін жасалып жатыр.

Әйелдің қолынан келмейтін дүние жоқ – полиция подполковнигі

Полиция қоғамдағы құқықбұзушылықты, қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз етуге арналған қызмет. Екі адам төбелессе, үшінші адам килікпейді. Онымен полиция айналысуы керек. Сол себепті мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік өзгелерге қарағанда үш есе жоғары деп айтуға болады. Себебі мемлекеттік қызметкер болу – модель. Ол басқаларға жүріс-тұрысымен, мінезімен, қызметімен үлгі болуы керек. Халық пен елдің мүддесі үшін аянбай еңбек ету керек, - деді Шрахметова.

 Сондай-ақ ол Тәуелсіздік жылдары полицияның қалыптасуына қатысты пікір білдірді.

Тәуелсіздік жылдары полиция бірталай өзгерісті бастан кешірді. Қазір полицияның имиджі қалыптасқан. Халық полицияға сеніммен қарайды. Тәуелсіздік алған жылдары полиция мүлдем жұмыс істемеді десек болады. Себебі ол кезде қоғам ішінде іріткі салатын топтар өте көп болды. Қазір қандай құқықбұзушылық жасаса да, адамдар полицияға жүгінеді. Бұрынғыдай қылмыстық топ өкілдеріне жүгінбейді. Адамдардың құқықтық санасы мен тәртібі артты, - деді ол.

Подполковник атағандай, әйел адамға ішкі істер органында істеу қиын емес.

Қазір гендерлік теңдік деп жатамыз. Әйел адамның қолынан келмейтін дүние жоқ. Ол ер азаматпен бірдей барлық жұмысты атқара алады. Біз атыстан, дене шынықтыру бойынша ер қатарлы жаттығудан өтеміз. Автокөлікті де тізгіндейміз, техника да басқара аламыз. Қыздар, егер полиция қызметкері болуды армандасаңыз мақсат қойыңыз. Себебі мақсат міндетті түрде жеңеді, ал арман орындалады, - дейді ол.

Сондай-ақ Гүлмира Шрахметова әріптестерін полиция күнімен құттықтады.

Әйелдің қолынан келмейтін дүние жоқ – полиция подполковнигі

Бүгін – кәсіби мерекеміз. Өз әріптестеріме қиыншылығы мен аса жауапты істеріне шыдамдылық тілеймін. Бейбіт өмірде халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын. Тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы арта берсін. Еліміз бай-қуатты болып, гүлдене берсін. Елімізде құқықтық тәртіп болсын. Отбасындағы зорлық-зомбылық азайсын. Кәсіби мереке құтты болсын, - деп түйіндеді Гүлмира Шрахметова.

 

  


Өзгелердің жаңалығы