Вице-министр отбасылық ұрыс-керіске «себеп болуы мүмкін» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына айыппұл салу туралы мәжілісмен Жарқынбек Амантайдың ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында мәлімдеді.
Айтуынша, ведомство тұрмыстық зорлық-зомбылықпен табанды күрес жүргізуде.
Заң жобасы аясында бар тәжірибеміз негізінде бәрін іске асыруға тырысамыз. Сіздің айтып тұрғаныңызды түсініп тұрмын, бірақ кез келген жағдайда мұны көпшілік шешеді. Біз бәріміз жұмыс тобында мұны алдымен талқыға саламыз, жұмыс тобы норманың кей тұстарын қолдауы немесе қолдамауы мүмкін. Әрі қарай палатаның салалық комитетінің отырысы өтеді. Одан кейін барып палатаға жіберіледі. Яғни қажетсізін немесе дұрыс емесін, тіпті күмәндісін алып тастауға мүмкіндік беретін көптеген кезеңнен өтуі керек. Бұл жерде (заң жобасына – ред.) енбеуі тиіс нәрселерді айтып отырмын, - деп түсіндірді Ішкі істер вице-министрі.
Сонымен қатар ол тілшілердің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына айыппұл салу туралы бастама көтерген депутаттың ойы заңда ескеріле ме деген сұрағына жауап берді.
Тіпті зорлық-зомбылық құрбанына айыппұл салудың өзі – біріншісі екінші бөлігімен қиыспайды. Менің ойымша, бұған ешкім барып, қолдай қоймас, - деді Игорь Лепеха.
Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Жарқынбек Амантайұлы Мәжілістің кулуарында берген сұхбатында жанжал шығарғаны үшін күйеуімен қоса әйелін де жазалап, қамау керек деген ұсыныс айтқан болатын.