Қытай Ғылым академиясының ғалымдары халықаралық зерттеушілер тобымен бірлесіп, Ай мантиясының арғы беті Жерге қараған бетіне қарағанда айтарлықтай құрғақ екенін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
gazeta.ru-дің жазуынша, бұл жаңалық Айдың арғы бетіндегі SPA бассейнінен "Чанъэ-6" (CE6) миссиясы арқылы жиналған базальт үлгілерін талдау нәтижесінде белгілі болды. Зерттеу Nature журналында жарияланды.
Анализ нәтижесіне сәйкес, CE6 базальттарының аналық магмасында 15-тен 168 микрограмға дейін су (1 граммға шаққанда) бар. Алайда осы базальттардың шыққан мантия құрамын бағалағанда, су мөлшері бар болғаны 1–1,5 микрограмға тең екені анықталған. Бұл деректер Айдың Жерге қараған бетіндегі мантиядан табылған су мөлшерінен әлдеқайда аз, ол жақта көрсеткіштер 200 микрограмға дейін жеткен.
Ғалымдардың пайымдауынша, мантиядағы судың осындай біркелкі емес таралуы Айдың қалыптасу және кейінгі термохимиялық эволюциясындағы асимметриялық процестерге байланысты болуы мүмкін. Бұл зерттеу нәтижелері Айдың шығу тегін түсіндіретін алып соқтығысу гипотезесіне қатысты жаңа маңызды шектеулер ұсынады әрі Ай мантиясындағы жалпы су балансын нақтылауға көмектеседі.
Ашылу CE6 миссиясы арқылы алғаш рет Айдың арғы бетінен жеткізілген базальт үлгілеріндегі апатит минералдары мен балқыманың микроскопиялық қоспаларын және судың изотоптық құрамын зерттеу арқылы мүмкін болды.
Зерттеу авторларының айтуынша, бұл жұмыс Айдың ішкі құрылымы туралы түсінігімізді кеңейтіп қана қоймай, болашақ зерттеулер мен миссиялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Олар Айдың шығу тегі мен эволюциясын тереңірек зерттеуге жол ашады.