Айдос Жұқанұлы: Экономика жағына аса көңіл бөлінгені қуантады

27 Сәуір 2020, 18:54
2763
Бөлісу:
Айдос Жұқанұлы: Экономика жағына аса көңіл бөлінгені қуантады
Президенттік қолдау

Нұр-Сұлтан,  BAQ.KZ тілшісі. Журналист Айдос Жұқанұлы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген еді.

Президент бүгінгі үндеуінде карантин мерзімін 11 мамырға дейін созды, яғни, карантин аяқталады, деген жоқ. Осыған мән беру керек. Бұл 11 мамырда Қазақстанда коронавирус жоғалып кетеді деген сөз емес. Жалпы карантинге байланысты Үкімет тарапынан істеліп жатқан жұмыс аз емес. Індет Қытайдың Ухань қаласында өршігенде бізде қаңтар айынан бастап-ақ вирустың алын алу шаралары қолға алынған болатын, - деді ол. 

Журналист 4 миллион 250 мың адамға қаржылай көмек көрсетілгені өте жақсы көрсеткіш екенін айтады. 

Мәлімдемеде 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылғаны айтылды, тағы 1,1 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз ету жоспарда, 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетіледі, деді. Сонымен қатар, мамыр айында да табысынан айырылғандарға 42 500 теңге әлеуметтік көмек берілетінін айтты. Бұл бір қарағанда, аз сома болып көрінгенімен, миллиондаған адам алғанда мемлекет бюджетіне миллиардтаған шығын әкелетін жайт. Оның үстіне, мұнайдың бағасы құлдырап кеткенін ескерсек, мұндай жағдай ел бюджетіне қаншалықты салмақ түсіретінін бағамдай беріңіз, - дейді ол.

Айдос Жұқанұлының айтуынша, экономикадағы ең маңызды саланың бірі – шағын және орта бизнес субъектілері. Үндеуде айтылғандай, осы салаға бөлінген қаржы елдегі кәсіпорындарға біршама көмек болмақ.

Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Үндеуде экономика жағына көңіл бөлінгені қуантады. Мәселені 11 мамырға ғана тіреп қоймай, кең ауқымда қарау керек. Мемлекеттік деңгейде не болып жатыр дегенді ойлау қажет. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы, үкіметтегілер шама-шарқынша жұмыс істеп жатыр. Оны да көре білу керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы