Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Айбын-2022» VIIІ республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны 2022 жылғы 18-24 маусым аралығында Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында өтеді,- деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
«Айбын-2022» жиыны балалар жылы мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған.
Биыл жиынға Қазақстанның барлық өңірлерінен 40 команда қатысады. Бұл облыстардың, Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әскери-патриоттық клубтарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, әскери колледждердің, мектеп-интернаттардың, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің 600 қатысушысы.
Қатысушы командалардан басқа 14 пен 18 жас аралығындағы кез келген жасөспірім жиынға жеке тәртіппен қатыса алады.
21 маусым күні сағат 11.00-де жиынның салтанатты ашылу рәсімі өтеді, оған барлық қатысушылар, сондай-ақ ел басшылығы қатысады.
Бір апта ішінде өз өңірлерінің үздік өкілдері конкурстар мен жарыстарда бақ сынайтын болады:
- «Айбын дарыны» интеллектуалдық ойыны;
- «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы;
- «SmartSarbaz-2022» өнертапқыштық байқауы;
- «Жас сарбаз – жас тілшілері» жас журналистердің Медиа-байқауы;
- Әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстар (белтемірге тартылу, арқада жатып денені көтеру, АК-74-ті толық бөлшектеу және құрастыру, арқан тарту, пневматикалық винтовкадан ату, газтұмылдырықты және плащ түрінде жалпыәскери қорғаныс жиынтығын кию);
- Әскери эстафета.
Барлық конкурстар мен жарыстардың қорытындысы бойынша жиын көшбасшылары анықталып, олар «Күшіміз бірлікте» финалдық әскери-далалық тактикалық ойынында өз күштерін сынайды, оның қорытындысы бойынша жиынның асболют жеңімпазы – Гран-при иегері анықталады.
Конкурстар мен жарыстардан басқа, қатысушыларды «Jas Sarbaz Hub» мобильді интерактивті-ақпараттық модулінің ашылуы, қызықты тақырыптық кештер, қызықты адамдармен кездесулер, алау жанында кеш, патриоттық фильмдер көру, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт күтеді.