17-23 маусым аралығында Қарағанды облысының «Спасск» оқу орталығында жыл сайынғы «Айбын» жастар жиыны өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқу орталығының аумағында 43 командадан тұратын 700-ден астам жасөспірімдер мен оқушылар үшін шатырлы лагерь ашылды.
Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен жастар жиналады. Оған Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтарының, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің, конкурстық іріктеуден өткен облыстық әскери мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері қатысады. Биылғы жиынға алғаш рет Әзербайжан мен Өзбекстанның командалары шақырылып отыр. Байқауға 14-17 жас аралығындағы балалар қатысады.
Байқау бағдарламасында «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны және «Күшіміз – бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойыны, «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы және Smart Sarbaz робототехника сайысы бар. Әскери-спорттық, әскери-қолданбалы спорт түрлері және әскерилендірілген эстафета бойынша жарыстар өткізу үшін алаңдар дайындалды.
Жиында әскери техника көрмесі, фильмдер көрсетілімі, мұражайдың көшпелі экспозициясы ұйымдастырылады. Балаларды спорттық ойындар, алау жанындағы кештер мен интерактивті концерт күтеді. Байқауға қатысушылар «Айбын – достық мекені» саябағына ағаш отырғызады. Танымал адамдармен, ардагерлермен, медиа тұлғалармен кездесулер өтеді.
«Айбын» халықаралық жиыны аясында «Бірлік ордасы» көрмесі ұйымдастырылады. Онда Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстанның жас патриоттары өз халқының мәдени жетістіктерін, үздік дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсететін болады.