Аягөздік тарихшы көне түркі дәуірінің ғибадатханаларын зерттеп жүр

17 Қазан 2023, 16:42
7617
Бөлісу:
Аягөздік тарихшы көне түркі дәуірінің ғибадатханаларын зерттеп жүр
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Аягөз – киелі өңір. Оның әрбір тасы тарихтан сыр шертеді. Осы өңірді зерттеп жүрген мамандар жетерлік. Солардың бірі Сары-Арқа жалпы орта білім беретін мектебінің тарих пәнінің мұғалімі – Дана Тұмақбаева, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз? 

Мен Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданында дүниеге келдім. Сол жақта 11-сыныпты тәмамдадым. Мектептен кейін С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың тарих факультетіне түстім. Оқуымды аяқтағаннан кейін тұрмыс құрып, Аягөз ауданына келін болдым. Ауылдағы мектепке жұмысқа тұрып, балаларды оқыта бастадым. Жұмыс істеп жүріп, Әлихан Бөкейханов атындағы университетте оқып, педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесіне қол жеткіздім. Қазір үш балам бар. Жолдасым да өзім сияқты ұстаз. Жалпы отбасымыз ұстаздар династиясы ретінде қалыптасып келеді. Себебі бізден бұрын енем де дәл осы ауыл мектебіне жас маман болып кіріп, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына дейін жеткен болатын. Қазір ол зейнеткер ұстаз. Бізге үнемі бағыт-бағдар беріп отырады. Алған білімім мен тәжірибемді ұштастыра отырып, ауыл балаларының өсіп-дамуына үлес қосып жатырмын.

- Тарихшы болуды армандадыңыз ба?

Ата-әжелерім Екінші дүниежүзілік соғыс және тыл ардагерлері еді. Бала кезімнен ертегі емес, осы кісілердің жүріп өткен жолы туралы әңгімелерді естіп өстім. Мәселен менің атам Қилаш Тұмақбаев Жапон соғысына қатысса, нағашы атам Әмірхан Шаймарданов Екінші дүниежүзілік соғыстың майдан шебінде жүріп, жеңіске жетуге өз үлесін қосты. Ал қос әжем соғыстың бар ауыртпалығын мойнына алып, балалық шақтары еңбек етумен өтті. Бұның барлығы мені тарихқа жетеледі. Тарихқа деген қызығушылығымды одан сайын арттырды. Онымен қоса зерттеу жүргізгенді ұнататынмын. Соның барлығы осы мамандықты таңдауыма себеп болды. Оқуға түскеннен кейін де осы саланы бекер таңдамағаныма көзім жетті. Қазір тарихты насихаттау саласында еңбек етіп жүрген адамдардың бірімін. 

- Естуімше, кішігірім еңбек жолында біршама жетістікке жетіп жатырсыз. Оқушыларыңыз облыс деңгейіндегі түрлі жарыстарға қатысып жатыр екен. Соңғы кезде қандай ғылыми жобаны қолға алдыңыз?

Оқушыларымның күнделікті сабақта ғана білім алып қана қоймай, ғылымға, зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттырғым келеді. Сол мақсатта үнемі ізденісте жүремін. Біздің мектепте дарынды балалар көп. Осы жолы 5-сынып оқушысы Кәусар Бахытбекованың ғылыми жобасына жетекшілік еттім. Жалпы Аягөз жері тарихқа бай өлке ғой. Соңғы қолға алған жобамыз дәл осы өңірдегі ежелгі ғибадатханалар жайлы болды. Ғылыми жобамыздың тақырыбы - “Аягөз өңіріндегі көне түркі дәуірінің ғибадатханалары”. 

Аягөздік тарихшы көне түркі дәуірінің ғибадатханаларын зерттеп жүр

Биыл оқушым "Зерде” зерттеу ғылыми жоба сайысында Аягөз ауданында бірінші орынды иеленіп, облысқа жолдама алды. Енді алдағы уақытта осы тақырыпқа байланысты деректерді тереңірек жинақтауды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек болашақта мектепте “жас археологтар” үйірмесін құрып, мұражай ашпақшымыз.

- Ғылыми жоба туралы сөз еттіңіз. Ғибадатханаларды зерттеуге не түрткі болды?

2023 жылдың шілде айында “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында өңірімізге Әл-Фараби Ұлттық университетінің Тарих, этнология, музеология саласының беделді мамандары Ғани Омаров пен Бауыржан Бесетаев ағаларымыз қазба жұмыстары арқылы зерттеу жүргізді. Осы шараға Аягөз аудандық білім бөлімінің әдіскері М.Т. Көккөзова мен тарих пәні мұғалімдері бірлесе отырып ғұрыптық кенішті зерттеу нысанына экскурсия жасады.

Археологтар алғаш рет Аягөз өңірі бойынша көне түркі дәуірінің ғибадатханаларын зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп табылған тарихи жәдігерді мұражайға өткізді. Бұл ғибадатхана көне болғандықтан, киратылған және табиғи өзгерістерге ұшыраған екен.

Аягөздік тарихшы көне түркі дәуірінің ғибадатханаларын зерттеп жүр

Зерттеу барысында табылған 2 мүсін Аягөз аудандық мұражайына тапсырылды. Болашақта мұражайдың алдыңғы кіреберісінде 1 тас мүсінін орнатылады. 1 тас петроглиф - «тауешкі» атты тас бөлігі Аягөз аудандық мұражайына тапсырылды.

Бұл кеніште көне түркі дәуірінде ғибадатханаларда құрбандық шалынған. Оған дәлел – ғибадатханадан табылған жылқының бас сүйектері мен тістері. Ерте заманда бас сүйектерін көбінесе ғибадатханаға іліп кеткен екен.

Бұл тың жаңалықтар - осы аймақтағы одан да басқа ескерткіштерді табуға жол ашты. Соның негізінде біз археологтармен ақылдаса келе, бірнеше зерттелінбеген кенішпен таныстық.

Аягөздік тарихшы көне түркі дәуірінің ғибадатханаларын зерттеп жүр

Бұл тарихи жәдігерлер туристік нысан ретінде ашық аспан астындағы ескерткішке айналады. Сондай-ақ халықтың тарихи ескерткіштерге деген қызығушылығын оятады. Туристер арасында біздің өңір кесенелермен танымал болатын. Дегенмен бұл кесенелерден де көне ескерткіштердің бар екенін көрсеткіміз келді. Бұл ата-бабаларымызға деген құрмет екенін түсінуіміз керек. Бұл жобаны зерттеу арқылы біз археологтермен тығыз байланыс орната отырып, кенішті зерттеу жұмысын жетілдіре алдық.

Осы археологиялық жаңалық арқылы біздің өңір Қазақстанның тарихи жерлерінің біріне айналады. Бұрын да мол шежіре, аңыздар мен абыздарының мекені болған Аягөзге ғылымға ұмытылғандардың назары тағы да ауады. Бұл бастама тарихтың жаңа беттерін ашуға зор мүмкіндіктер бере алады. Себебі тың жобалар жаңа серпілістерге жол ашты. Соның негізінде Аягөз өңіріндегі Ақтүбек ғибадатханасы түркілердің ғұрыптық-мемориалды кенішінде археологиялық зерттеу жүргізуге және сақтауға баса назар аударылды. Бұл ғибадатхана Абай облысының, Аягөз аудандарының территориясындағы Қарағаш және Сарыарқа ауылдары маңындағы Аягөз өзені бойындағы далалы бөлігінде орналасқан. Осы экспедициядан алған әсерім ғылыми жобаға ұласты.

- Сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!

Өзгелердің жаңалығы