Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Аягөздік медицина қызметкерлері сыбайлас жемқорлық фактілері болуы мүмкін деген қызмет түрлерін қатаң бақылауда ұстайды.
Бүгінде бұл мәселе Аягөз қаласының шығыс бөлігіндегі 13 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсететін Қазығұл емдеу мекемесі басшылығының назарынан тыс қалған емес. Бұл жайында «Antikor live» жобасы аясында тікелей эфирде есеп берген емдеу мекемесінің басшысы Мерей Тұрсынұлы медицина саласында сыбайлас жемқорлық фактілері болуы мүмкін деген тәуекелді екі бағыт барын атап өтті. Оның бірі – жұмысқа алу кезі болса, енді бірі – еңбекке жарамсыздық парағын беру кезі көрінеді.
Жемқорлық фактілері орын алуы мүмкін деген қауіпті бағыттардың бірі – жұмысқа алу кезі екені белгілі. Бірақ, ауыл-аймаққа медицина мамандарын тарта алмай отырған кезде бұл мәселе бірден күн тәртібінен түсіп қалады деп ойлаймын. Сондықтан онсыз да тапшы мамандарды жұмысқа жемқорлықпен қабылдауға мүлдем орын жоқ. Біз керісінше өз парақшаларымыз арқылы мамандарды тарту үшін оларға 500 мың теңге көлемінде көтермелеу ақысын беру және жалдамалы баспанамен көмек көрсету туралы жиі айтамыз, – дейді Мерей Тұрсынұлы.
Медицина саласында жемқорлық фактісі жұмысқа жарамсыздық туралы парақшаны беру кезінде болуы мүмкін. Алайда, мекемеде бұл мәселе де қатаң бақылауға алынған. Аптасына 20-дан 40-қа дейін жұмысқа жарамсыздық туралы парақша берілетінін алға тартқан мекеме басшысы, парақшалардың берілу себептеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп тұратынын атап өтті. Яғни, бұл әр дәрігердің пациентке жазған жұмысқа жарамсыздық туралы парағының заңдылық жағы күнделікті тексеріліп отырады деген сөз.
Кей кездері өзге мекемелерден жұмысшыларына берілген еңбекке жарамсыздық парағын тексеріп беру туралы өтініштер түсіп жатады. Ондай кезде біз берілген құжатты қайтара тексеріп, берілу себептерін егжей-тегжейлі зерделейміз. Осыған қатысты жемқорлық фактілері біздің мекемеде болған жоқ, – деп қосты Мерей Тұрсынұлы.
Қоса кетсек, мұнда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы сақтандырылған әр пациент үшін медициналық қызметтер тегін көрсетіледі. Ал емханада көрсетілмейтін кейбір қызмет түрлері үшін басқа емдеу мекемелеріне жолдама беріледі.