Аягөзде он жолақты жүзу бассейнінің құрылысы басталады

11 Ақпан 2021, 18:15
1542
Бөлісу:
Аягөзде он жолақты жүзу бассейнінің құрылысы басталады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Аягөз қаласында 10 жолақты жүзу бассейнінің құрылысы басталады.

Аудан тұрғындары алдында тікелей эфирде есеп берген Аягөз ауданының әкімі биыл Аягөз қаласында дене шынықтыру-сауықтыру нысаны мен жүзу бассейнінің құрылысы басталатынын атап өтті.

Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақтоғай қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген болатын. Осының арқасында кенттің 20 адамы жұмыспен қамтылды. Биыл осындай тағы бір кешенді Шәкенов көшесіне салу жоспарланған. Бүгінгі таңда спорттық нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Тағы бір қуанышты жаңалығымыз – биыл Аягөз қаласында он жолақты жүзу бассейнінің құрылысын бастамақпыз, - деді Сейілбек Ысқақов.

Аудан басшысының айтуынша, жалпы құны 557 миллион теңгені құрайтын бюджеттік қаражат қазіргі уақытта бөлініп, конкурстық процедуралар жүргізілуде. 

Сонымен қатар бүгінгі күні Аягөз политехникалық колледжінің студенттеріне арналған 104 орындық жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы «Парыз» қорынан бөлінген қаражатқа құрылысы басталған жатақхана алдағы уақытта аудан орталығына шалғай ауылдардан келіп оқитын студенттерді баспанамен қамтымақ.


Өзгелердің жаңалығы